Қоғам • 11 Сәуір, 2025

Шерзатқа қатысты сот ашық өтеді

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамды дүрліктірген 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысы Талдықорған қаласында­ғы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында ашық түрде өтті. Алайда істі Алматы облыстық соты қарап жатыр. Алғашқы отырыста прокурор айыптау актісін ғана оқыды.

Шерзатқа қатысты сот ашық өтеді

Сотқа еліміздің барлық БАҚ өкіліне қатысуға рұқсат берілді. Мемлекеттік прокурорлар сотталушылардың тізімін айтып, оқиғаның мән-жайын толық баяндап берді.

«Қылмысқа қатысы бар кү­діктілер Талдықорғандағы уа­қытша оқшаулау орнында бол­ғандықтан сот отырысы осы қала­да өтіп жатыр. Айыпталушылар арасында кәмелет жасына жетпеген күдікті бар. Сондықтан журналистер тарапынан қатты қысым түсірмегеніміз абзал. Сот бастан-аяқ ашық түрде өтетіндіктен сот отырысын онлайн көрсеңіздер де болады», деді Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Садуақас-Хайруллина.

«Адам өлтіру», «бұзақылық», «қорқыту» және «қылмыс туралы хабарламау» баптары бойын­ша қозғалған қылмыстық іс­терді Алматы облысының полиция департаменті тергеген. Қыл­мыстық іс 62 томнан тұрады. Іс материалдарында 40 сот сараптамасы, шамамен 200 куәгердің жауабы және қосымша сегіз бейнематериал қамтылған.

«Сот отырысына қатысушы­лар­дың пікірлерін ескере оты­­рып, сот бұл іс бойынша сот тал­­қы­лауын ашық режім­де өткі­зу ту­ра­лы шешім қабылдады. Сот отырысының онлайн транс­ля­­ция­­сын Жоғарғы соттың YouTube-арнасында еркін көруге бола­ды», деп хабарлады Жоғарғы сот өкілі.

Жәбірленуші тараптың мүд­десін сотта адвокат Мейірман Шекеевтің заң кеңсесі қорғайды. Қорғау тобына Жандос Палма­нов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ыбраев, Бағ­дат Амандосұлы және Бекзат Мязов есімді мамандар кірген. Алайда сот отыры­сына сотталушылардың қор­ғау­шылары толық келмеді. Жол­дың алыстығын айтып, алдын ала онлайн қатысуға өтініш жібергенімен, оған судья үзілді-кесілді қарсы болды. Дегенмен сотталушы Абзал Шынасылдың анасы қоғамдық қорғаушы ретінде қатысу құ­қығына ие болды. Одан бөлек, қорғаушы тарап келесі отырыс­ты Қаскелең қаласында өткізуді сұрады. Бұл сұранысты да судья қанағаттандырмады. Себебі Қаскелең қаласында тергеу изоляторы жоқ.

«Қылмысқа қатысы бар аза­маттардың кейбіріне жеңіл жаза тағайындалуы мүмкін. Себе­бі қаралып жатқан баптар бойынша екі адам ғана қасақана кісі өлтіру ісіне қа­тысқан. Ал қалғаны бұзақылық жасағандар ретінде тіркеліп отыр. Бұл шешім көпті алаңда­тып отыр. Сот әділ болады деп ойлаймыз», дейді қоғам бел­сендісі Арнұр Беренбаев.

Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасып жатыр. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады.

«Сараптамалар кең ауқым­да жүргізілді. Бұл сараптама­лардың белгілі бір нәтижелері бар. Біз Ресей Федерациясына халықаралық тергеу бұйрығын жібердік», дейді прокурор Ғ.Қойгелдиев.

Келесі сот отырысы 17 сәуірде облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимара­тында өтеді.

 

Жетісу облысы