11 Ақпан, 2015

«Астана» Италия командасын жеңді

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана-Бриндизи сурет01 10.02.2015АСТАНА. 11 ақпан. Баскетболдан Еврочеллендж турнирі аясында «Астана» өз алаңында Италияның «Энель Баскет Бриндизи» командасын 83:75 есебімен жеңді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өткен ойында есепті қонақтар ашты. Артынша астаналықтар «тізгінді» өз қолдарына алып, жүйелі ойын өрнегін көрсете бастады. Соның нәтижесінде, Лукша Андрич, Джейкован Браун және Джерри Джонсон сынды «Астана» баскетболшылары белсенділік танытып, есепте алға шықты. Алғашқы минуттарда алаң иелерінен мұншалықты қарсылық күтпесе керек, «Бриндизидің» бас жаттықтырушысы Пьер Бучи 6-минутта үзіліс алды. Десек те, италиялық маманның бұл әрекеті айтарлықтай нәтиже бермеді. Өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеген елордалықтар бірінші кезеңді 19:14 есебімен өз пайдаларына аяқтады. Екінші кезең алғашқысына мүлдем қарама-қайшы бағытта өрбіді. Енді есепті теңестіруші команда ретінде «Астанаға» көп күш жұмсауға тура келді. Тіпті, қазақстандық команданың су жаңа бас жаттықтырушысы Рамунас Бутаутас тайм-аут алып, ойын ортасында шәкірттерінің аптығын басуға мәжбүр болды. Бұл үзіліс біздің команданың ойынына тың серпін бергенімен, екінші кезең қорытындысы бойынша «Бриндизи» 33:37 есебімен жеңіске жетті. Үшінші он минуттық тең жағдайда өтті. «Астана» сапынан Андрич, Браун, Джонсон үштігі ерекше көзге түссе, қонақтар тарапынан Эрик, Паллен және Денмон үштігі алаң иелерінің қорғанысына айтарлықтай салмақ түсірді. Кезең соңында «Астана» 23:22 есебімен басым түскенімен, жалпы есепте қонақтар алда болды (56:59). Астаналықтар үшін жеңіс ауадай қажет еді. ВТБ лигасындағы соңғы сүреңсіз ойындардан кейін өз жанкүйерлерінің көңілін аулау үшін Браун, Джонсон, Калатес және Махалбашич бастаған елордалықтар шешуші кезеңде барын салды. Олардың бұл талпыныстары көп күттірмей өз жемісін бере бастады. Алаң иелерінің қарқынына төтеп бере алмаған қонақтар жиі қателіктерге бой алдырып, нәтижесіз соққылары көбейді. «Бриндизидің» босаңсығанын байқаған Бутаутас шәкірттері шабуылдарын үдетіп, төртінші кезеңде 27 ұпай жинады. Ал италиялықтар бұл көрсеткішке 16 ұпаймен жауап берді. Төрт кезең қорытындысы бойынша, «Астана» 83 ұпай жинаса, «Бриндизи» ойыншылары 40 минут ішінде еншілеріне 75 ұпай жазды. Осы жеңістен кейін Еврочеллендж турнирінің «І» тобында ойнайтын «Астана» 6 ұпаймен екінші орында келеді. Топ басында румыниялық «Энергия Ровинари» командасы. Олардың еншісінде 7 ұпай бар. Ал «Астана» сияқты 4 турда 6 ұпай олжалаған бельгиялық «Окапи Алстар» командасы әзірге 3-орында тұрса, «Бриндизи» 5 ұпаймен топтың соңында келеді. Турнир аясындағы келесі ойынды қазақстандық команда 18 ақпан күні сырт алаңда «Энергия Ровинариге» қарсы өткізеді. Айта кетер жайт, «Астананың» бас жаттықтырушысы Рамунас Бутаутас үшін италиялық командамен болған тартыс Еврочеллендж турниріндегі 2008-2009 жылғы маусымнан бергі алғашқы ойын. Дәл сол кезде литвалық маман аталған турнирде бақ сынаған Латвияның «Рига» командасын жаттықтырған болатын. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: bcastana.kz.