12 Ақпан, 2015

Іскерлік

591 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДА– Анам Вера Федосеевна әкем Совет Қараболатовпен тың көтеруге келгенде танысып, екеуі шаңырақ көтеріпті. Алғашында Көкшетау облысында партия-кеңес қызметінде болған әкем, 1979 жылы Еркін Әуелбековтің шақыруымен Торғай облысына қоныс аударады. Біздің балалығымыз өткен, өскен ортамыз тарихы тереңге кеткен қасиетті мекен – Торғай жері болды, – деп бас­тады әңгімесін Алла Советқызы. Оның табысты еңбек етіп жүрген жұмысын тастап, 6 жыл оқыған дәрігерлік мамандығын, дипломын, 15 жыл атқарған акушер-гинекологтығын жиып қойып, жер өңдеумен айналысуына әкесінің қазасы себеп болыпты. Торғай облысы тараған тұста, бұрын Жақсы ауданының бір кә­сіпорнына тиесілі, әбден қарыз­дан тұралаған балалардың жазғы демалыс лагері аукционға қойылады. Көкшенің көрікті көлдерін, өр қарағайлары мен биші қайың­­дары­ның сұлулығын жастайынан жадында сақтап, қадірін білетін Совет аға осы сұлу табиғатты, керім жерді сатып алады. «Қирайын деп тұрған, оның үстіне қорадай қарызы қордаланған лагерьді қайтесіз», дегенде, Қазақстанда жер көп, бірақ хас сұлудай таранған ғажайып көрікті орындар аз, түбі осы жер сендерді асырайды», деп 5 жыл бойына лагерь балаларды демалдыру ісін жалғастырады деген талаппен ол мойнына алған жұмысты адалынан бастайды. Жеткіншектерді жаз бойына аунатып-қунатып, күзде ардагерлерді демалдырамын деп жиналғанында ақшаға қызыққан әлдебіреу оның өмірін қияды. IMG-20150113-WA0008– Біз бір әке-шешеден айнал­дырған екі қызбыз, ал ағам Вик­торды әкем ұлым дейтін. Мен медициналық институтты бітіріп, дәрігерлікке кіріскенімде, сіңлім Ирина ЖОО-да оқитын. Артынша ол ғылым жолын қуғысы келетінін айтқанда, анам оның барлық талабын қолдап, Ирамен бірге Ресейге көшетінін айтты. Ал Виктор болса оның алдында да сол елде тұратын. Мен кішкентай кезімнен әкеме, оның анасы – әжеме жақын болып өстім. Жазғы демалысым тегіс Көкшедегі әжемнің қасында өтетін. Ал анам мен бауырларым Ресейге шақырғанда әкемді қимадым, артынша ол кісі көз жұмғанда әкем бастаған істі жалғастыруым керек, оның сүйегі жатқан жерді қасиет тұтып, басына кесенесін тұрғызамын деп, лагерьге иелік етуге бел будым, – деді әрі қарай А.Қараболатова. – Несін айтасыз, табиғаты тамылжып, айналаны көмкерген жап-жасыл әлемде ағаштар сыңсып, сылдырап аққан Жабай өзені жаныңды жадыратып, жұпар шашқан ауасы кеуде сарайыңмен қатар, жан сарайыңды сырға толтырып, жеміс-жидегі сыңсып, әр ағаштың түбіне жасырынған саңырауқұлағы өзіне шақырған ғажайып әлем, – деп жалғады әңгімесін сұхбаттасым. – Бірақ қылмыстық істің анықталуына байланысты мен ол жерді 4-5 жыл ала алмай жүрдім. 2001 жылы мұрагерлік қолыма тигенде істі неден бастарымды да білмедім. 2007 жылы дәрігерлігімді біржолата қойып, жер өңдеуге кірістім. Алғашында мен мұны осындай шаруашылыққа айналдырамын деп тіпті де ойлаған жоқпын, отбасының қажеттілігі үшін бастап, әкем жиған әдебиеттердің арасынан көкөніс өсірудің тәсілдері туралы кітаптарды ақтарудың арқасында тиімді әдістерді қолданып, ізденістің нәтижесінде өзім де мол өнім алудың жаңа тәсілдерін шығардым. Сөйтіп, о баста дәрігер ретінде отбасымның саулығын ойлап, гендік модификацияланған өнімдерден қорғаймын деген ісім, қажетімізден артылып, сатылымға түсетін болды. Енді осы таза өнімдердің халыққа жетіп жатқаны да жаныңа қосымша күш сыйлайды екен, екі жылдан кейін келетін ЭКСПО қонақтарына экологиялық таза өнімдерімізді ұсынуды жоспарлап отырмыз. тараз (1) Осылай деген Алла Совет­қы­зына оқырмандарымызбен әдіс­теріңізді бөліспейсіз бе дегенбіз. – Неге бөліспеймін, әкемнің де, анамның да табиғатында қызғаныш деген болмайтын, мен де сол кісілердің тұқымымын ғой. Және оның жасыратын түгі де жоқ. Біріншіден, көкөністерді биогумуста өсіреміз, оған, әрине, өзен түбінің батпағы мен жанымызда мал өсіретін фермерлердің жылқы, сиырлардан шығарылған қиын пайдаланамыз. Және көкөністі атыздап емес, ленталап егеміз. Сонда әр көкөніс мейлінше мол өнім береді. Ал гумусты да ысыраптамай, арнайы жасатқан ағаш қораптарға саламыз, сол себептен өсімдікке қажетті барлық нәр шашауы шықпастан көктің бойына дариды. Солтүстіктен оңтүстікке қаратып, ленталап, тізбектеп еккенде күн сәулесі де, ауадан баратын қажетті қорек те түгелдей өсімдік бойына дариды. Жалпы, адамдардың көпшілігі көк қорегін топырақтан ғана алады деп қате түсінеді, ал оның тек 20-30 пайызы жерден, қалғанын ауа береді, сондықтан өсімдікке күн сәулесінің еркін түсуі өте маңызды. Сосын 5 литрлік кәдімгі су толтыратын пластмасса ыдыс та біздің кәдемізге мықтап жарады. Оның түбін ойып, жан-жағынан ауа баратын тесіктер жасап, ішін гумуспен толтырып, қиярды, болгар бұрышы мен баклажанды бір-бірден егеміз. Біздің солтүстіктің жазына, әсіресе, мамыр мен маусым айларына сенім жоқ қой, сондайда жаңағыдай бөтелкелер көкөнісіміздің тамыр жүйесін үсікке шалдырмайды. Нәрі мол, әрі күн көзі толық түсіп тұрған соң олар тамаша өнім береді, – дейді А.Қараболатова. Бір жақсысы, жаңағыдай пластмасса ыдысқа салынған көкөністі, тіпті, қажет десеңіз тасымалдауға да болады екен. Үйге су келіп тұрғанына қарамастан, бақша тек өзеннен суарылатын көрінеді. Ал күзде алынған өнімді көрсеңіз, сырттары жылтырап, жегенде дәмі таңдайыңызда қалады екен. Бұған қоса, төңірек орман болғандықтан, жидек пен саңырауқұлақтан көз тұнатыны байқалады. Дәрілік өсімдіктер де өте көп көрінеді. «Өзім дәрігер болғандықтан жаужапы­рақ, түйежоңышқа, жебіршөп, қой­бүл­­дірген және итмұрын қосыл­ған антиоксиданттық қасиеті бар емдік шәй әзірлеймін. Қазір­гі кезде ғалымдардың зерттеу­леріне жүгінсек, әрбір ұлт, адам өзінің генетикалық тегіне жақын өнімдерден нәр алады. Африкалықтар мен америкалық­тарға, бәлкім, банан мен ананас­тан жасалған сусындардың пай­дасы көбірек болса, біздер үшін осы далада өскен изен мен жусан­ның, көкпек пен жалбыздың берері мол, өйткені, ол біздің генетикалық жадымызға жазылған дүниелер», деген Алланың әрбір сөзінен оның көп ізденетіндігімен қоса, еңбекқорлығы, сол қасиетін балаларына да жұқтырғаны айқын аңғарылады. Жұбайы Багауд­диннің негізгі мамандығы инженер болғандығы да, еңбектен тайсалмайтын қажырлылығы да істің жылжуына көп пайдасын тигізгені анық. Егіз қыздарының да қолдарына тыным жоқ секілді, Жер-ана егер оны жақсы көріп тұрып еңбектенсең, төккен теріңді еселеп қайтарады. Алла соны анық ұққан. Ал жерді, табиғатты қасиеттеп, құрметтеуді оған әкесі үйретіпті, жастайынан ол кісімен бірге табиғат аясына шығып, аңға да барады екен. Бейнетінің арқасында Ресей іскер әйелдерінің «Успех – 2014» конкурсында ТМД іскер әйелдері номинациясында жүлде алып, туған елінің мәртебесін асырып қайтты. Жүлдені табыстаған Валентина Матвиенко Қараболатованың тәжірибесін Ресейге тарату керек, өйткені, біздің құнарлы топыраққа кәсіпкер қолданған әдістермен тұқым сіңіріп, осы тәсілмен өсіретін болсақ, өнімнің астында қаламыз. Жақсы іс – үйренбекке, деп өзінің сүйсінісін жеткізіпті. Алла өте ынталы, бастамашыл жан екен. «Кока-кола» белестері-2014» жобасының 720 мың теңге грантына ие болысымен, оған алған өнімдерін кеп­ті­ре­тін арнайы шетелдік жәшік­тер­ге тапсырыс беріпті. «Мен бұ­рын да кептіретінмін, алайда, ол аздық етуші еді, ал грант көме­гімен енді оны өндірістік деңгейге жеткізбекшімін», дейді ол. Өткен күзде «Көрме» залында ауылшаруашылық көрмесінде Қараболатовтар отбасының әкелген өнімдері елдің бәрін елең еткізген. Кептірілген көкөністердің табиғи иісімен және дәмімен тұрғанын көргендер, өзге де өнімдердің дәмін татқандар сол жерде-ақ тапсырыс беріпті. «Парламент депутаттары сіздің өнімдеріңізді қуана алар едік деп еді, енді арнайы дүкенге көкөністерімді өткізіп жүрмін. Кептірілген саңырауқұлақтар мен омартамыздың балын Астана мейрамханалары сатып алады. Шүкір, еңбегіміз зая кетіп жатқан жоқ. Осы тынымсыз тірліктің арасында сал болып қалған анамды 3 жыл бағып, әкемнің қасына жерледім. Жоғарыда айтып едім ғой, әкеден екі қызбыз деп, сіңлім Ирина – мақтанышым. 40-тан астам кітап шығарып, докторлық диссертация­сын қорғап, Ресей ЖОО-ларының бірінде ректор да болды. Қазір қазақ қызы, профессор Ирина Қараболатова Ресей Ғылым академиясында бөлім басқарады. Анамның қызым ғылыммен айналыссын деп соңында жүрген еңбегін толық ақтады. Бірақ, анамыз ауырып жатқанда оған да шетелде күрделі ота жасалды да, анамды Көкшеге алып келуге мәжбүр болдым. Жұбайым анама құрметпен қарап, қыздарым өзіммен бірдей бағып, анамның қабағына кірбің түсірген жоқпыз. Біздің үйде аруақтарға арнап құран оқылатынын, құрбан шалынып, әкеміздің басына барып тағзым ететінімізді көргендіктен шығар, анам қайтарынан жарты жылдай бұрын, бірде: – Алла, молданы шақыр, мен дүниеден мұсылман болып өткім келеді. Әкеңнің қасында жатайын,­ тіріде етегінен ұстап едім, ана дү­ние­де де жанында болайын, – деді. – Мама, сіз шіркеуде шоқын­­­­ды­рылған христиан емессіз бе, ертең туыстарыңыз не айтады, – дегенімде: – Олар мені тірі күнімде іздеп жатқан жоқ, өлгесін тіпті де іздемейді. Мына жерде Советтің басына апа-қарындастары да, өзге туыстары да, сендер де жиі-жиі барып құран оқисыңдар, сонда әкеңді еске алған жұрт қасында томпайып жатқан мені көріп, ее, кемпірін қасына алыпты ғой, деп мені де еске алып дұға бағыштайды ғой, қызым, мен өз жүрек қалауыммен мұсылман болдым, – деп «Лә илаhа иллалла, Мұхаммед Расулалла», деп тілін кәлимаға келтіріп, фәниден мұсылман болып қайтты. Қазір қатар жатқан екеуі маған, балаларыма батасын беріп жатқандай көрінеді. Қайтарынан бір апта бұрын әкем түсіне кіріп, басынан сипап: «Вера, сен ештеңеден қорықпа, мұнда тамаша, мен қасыңда боламын», депті. Содан ба, анам келген ажалдан қаймыққан жоқ, қайта күлімсіреген күйі жантәсілім етті», дейді Алла Советқызы. Алламен әңгімеден көңілім көте­ріліп, оның бойындағы құлшы­ныс пен тазалықтан жаным жылы шуаққа бөленді. – Мен қазақтың қызымын, Ота­ным, ата-бабамның қорымы жатқан жерім, өзімнің өскен ортам, қызық-қуанышым осында. Жетістігім мен көрген қиын­шы­лығым да осы топырақта. Ресейге сіңліме барсам, елге жеткенше асығамын. Ири­наның араласатын ортасы шеті­нен зиялы, мәдениетті адамдар, бірақ діліміз, тұрмыстағы қарым-қатына­сымыз сәйкес кел­мей­ді, қонаққа шақырып отырып: «Вы, чай будете пить?» дегендерін еш қабылдай алмаймын. Олар шәйді бергісі келмей сұрап отырған жоқ, бірақ қазақ үшін бұл жат қой, содан кетемін де, кетемін деген қиғылықты салып, Ираның мазасын аламын, – деп күледі А.Қараболатова. Жүрегіндегі елге-жерге, ата-анаға деген перзенттік сүйіс­пен­шілігі, жанының тазалығы жайдары шуақтай жылы ескен, бір тиынын екі етіп, еңбегін еселеген Алла Советқызы осылайша сырын ақтарыла айтқан. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретте: ауылшаруашылық көрмесінде.