
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ғалымдарға жасалған ерекше мүмкіндік
Математика ғылымы бойынша PhD Бибігүл Омарова былтыр «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасымен Шотландиядағы «Heriot-Watt University»-де мамандығына сәйкес ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. Бір жылға жуық білім жетілдірген ғалым осы кезеңді кәсіби дамуында ерекше маңызға ие екенін айтады.
«Тағылымдамадан өтуге барған университеттің ұйымдастыруымен өтетін «Heriot-Watt Analysis Seminar (HWU)» семинарында ғылыми тақырыбымда баяндама жасадым. Сол семинарда Эдинбург университетінің математик профессорларымен танысып, «Edinburgh Analysis Seminar (UoE)» ғылыми семинарына, ай сайын ұйымдастырылатын «Maxwell Institute Mini-symposium» сынды беделді ғылыми алаңдарға қатыстым. Мұнда ғылыми ізденісімді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алдым. Осындай халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу ғылыми көкжиегімді кеңейтіп қана қоймай, зерттеуімнің жаңа ғылыми бағыттарын айқындай түсті. Сонымен қатар кәсіби байланыс аясын кеңейтіп, болашақтағы ғылыми ынтымақтастыққа негіз болды. Өзім қызмет еткен А.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті басшылығының 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап Хериот-Уатт университетінің Ақтөбе кампусында сабақ беруге шақыруы үлкен мотивация болды. Бұл қадам әрі қарай дамуым мен шыңдалуыма жол ашты», дейді Б.Омарова.
Стипендиаттың айтуынша, тағылымдама барысында жинақтаған әдістемелік тәжірибе студенттермен жұмыс істеуде септігін тигізіп жатыр. Тәжірибесін оқыту үдерісінде қолданып қана қоймай, әріптестерімен де бөліседі. Сонымен қатар Хериот-Уатт университетінің профессорларымен бірлесіп, шағын ғылыми топтың тапсырмасына сәйкес зерттеу жұмысын жүргізеді. Қазіргі таңда әріптестері арасында осы бағдарламамен білімін жетілдіруге ұмтылып жатқандар жетерлік. Өйткені мұның кәсіби дамуда пайдасы өте көп, оның үстіне кейіпкеріміз еңбек ететін университетте ағылшын деңгейін көтеру, құжаттарды реттеу мәселесінде айрықша қолдау көрсетіледі. Жалпы, бағдарламаға қатысты барлық қажетті ақпарат-құжат үлгілері, талаптар мен конкурс ережелері үш тілде арнайы сайтта тұр.
«Тағылымдамаға іріктеу барысында талаптар жоғары деңгейде қойылып, сұхбат барысында кандидаттың ғылыми әлеуетін терең саралайтын, аналитикалық ойлау қабілетін бағалайтын нақты, маңызды сұрақтар қойылды. Бұл – бағдарлама сапасының жоғары екенін, оған шын мәнінде білікті мамандар ғана іріктелетінін көрсетеді. Уақыт өте әр нәрсе жаңарып, жетілуге тиіс екені анық. Сол сияқты «Болашақ» бағдарламасы, оның ішінде «500 ғалым» жобасы да заман талабына сай үнемі жетілдіріліп, тиімділігін арттырып отырғаны дұрыс. Сондықтан оны одан әрі дамытудың жолдарын айқындай түсуіміз қажет. Біріншіден, осы бағдарлама дәл ғылыммен айналысып жүрген зерттеушілерге, яғни «Scopus» және «Web of Science» деректер қорларындағы Q1, Q2 квартильді журналдарда мақалалары жарияланған, шетелдік серіктестермен бірлесіп зерттеу жүргізетін ғалымдарға басымдық беру арқылы бастапқы мақсатына сай жүзеге асуы керек. Бұл ғылыми әлеуеттің өсуіне тікелей әсер ететін шешім болар еді. Екіншіден, тағылымдамадан өтетін үміткерлердің денсаулық жағдайын, климатқа бейімделу мүмкіндігін, шетелде ұзақ уақыт болуға физикалық әрі психологиялық дайындығын ескере отырып жас шамасына шектеу енгізген жөн. Себебі өз тәжірибемнен байқағанымдай, ауа райы, тағам, өмір салты денсаулыққа, жұмысқа қабілетіңе айтарлықтай әсер етеді. Белгілі бір жас шегінен кейін бұл факторлар адам өмірінде маңызды рөл атқара бастайтыны белгілі», деді Б.Омарова.
Ғалымның ойынша, ғылыми тағылымдамадан кейін елге оралып, алған тәжірибені шынайы түрде ел игілігіне жұмсау тетігі нақты қарастырылған. Себебі нәтижеге бағытталған, жауапкершілік жүктейтін және орындалуын қадағалайтындықтан ғалымдар елімізде 3 жыл үздіксіз еңбек етеді. Мемлекет басшысының бұл мәселеге назар аударуы бағдарламаның маңызын көрсетеді. Ендігі міндет – оны мақсатты, әділ және тиімді жүзеге асыру.
Әр үміткердің талабы мен қабілеті бөлек
Журналистика бағытында магистратураны, докторантураны бітіріп, қазір Ұлыбританияның Эдинбург қаласында тағылымдамадан өтіп жатқан Әлия Текенова «Болашақ» бағдарламасы кәсіби тұрғыда дамытуды көздейтіндерге ашық, әділ өтетін сынақ арқылы жетуге жасалған ерекше мүмкіндік екенін айтады. Оның ойынша, бағдарламаның, соның ішінде тағылымдама жұмысын жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Бұл жерде әр үміткердің жағдайын жеке қарау керек. Себебі тағылымдамадан өту кезіндегі бір талап барлығына бірдей келе бермейді.
«Тағылымдаманың да түр-түрі бар. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен «500 ғалым» бойынша және мамандықтар негізінде білім жетілдіру мүмкіндігі қарастырылған. Мен соның ішінде журналистика мамандығына берілетін квота бойынша бардым. Жалпы, тағылымдама бағдарламасының жетілдіретін бір тұсы ретінде өз салама қатысты мынаны айтар едім. Журналистер тәжірибелік тұрғыда «Bloomberg», «BBC», «New York Times» сияқты беделді медиа өндірісінен тәжірибеден өтуді қалайтыны белгілі. Бірақ оған мүмкіндік жоқ. Себебі аталған мекемелер тағылымдамадан өтетін ұйым, зертхана мен жоғары оқу орны қатарына енбейді. Көбіне телевизия, кино мамандарына арналған «New York Film Academy» ұсынылады, бірақ бұл баспасөзде жұмыс істейтін қызметкерлердің қажеттілігін қанағаттандырмайды. Ал газетті қалай шығару, микрофон ұстап, материал жинап, монтаж жасауды үйрету 25-30 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маманның сұранысын өтей алмайды. Мәселен, мен медиаменеджерлердің, продюсерлердің жұмысты үйлестіру тәжірибесін үйренгім келеді, оған жоғарыдағы өндірістік компаниялардан тағылымдамадан өтудің қарастырылмағаны қол байлайды. Содан соң іс-тәжірибеден 1-3 ай өткен адам да, 1 жыл өткен адам да елге келгеннен кейін 3 жыл бойы міндетті түрде қызмет етуге тиіс. Отбасылы, жақындарынан ұзақ уақытқа алысқа ұзап кете алмайтын үміткерлерге 1 ай немесе 3 ай ыңғайлы болуы мүмкін. Енді кейбіріне бір жыл тағылымдамалық уақыт тиімді. Осы тұрғыдан алғанда да 1 ай ғана тәжірибеден өткен адамның 1 жыл тағылымдамадан өткен замандасы сияқты 3 жыл еңбек ететіні түсініксіз», деді Ә.Текенова.
Стипендиаттың ойынша, үміткерлер оқыту мен үйретудің аражігін ажыратып алмай тұрып тағылымдамаға жіберіледі. Өйткені бір үміткерге өзін жетілдіруге оқу керек болса, енді біріне тәжірибе керек болуы мүмкін. Сол себепті талаптарды жазғанда әрбір адамның қажеттілігі мен әлеуеті ескерілсе құба-құп. Мысалы, экономика бағытында жазатын журналистке кәсіби дамуына көмектесетін орта немесе тағылымдамадан өткізетін ұйым мен курстары деректі фильм түсірумен айналысатын тілшіге мүлдем келмейді.
«Әңгімелесу кезінде журналист ретінде ғылымға да қызығушылығымның бар екенін, докторантура бітіргенімді, студенттерге сабақ берген университеттегі оқытушылық тәжірибемді, халықаралық ғылыми журналдарға зерттеу мақалаларым жарияланғанын айтпасам, онда мені қарапайым журналист ретінде сынақтан өткізбес еді. Қазір жоғары оқу орнындағы Бизнес мектебінде тағылымдамадан өтіп жатырмын. Бұл бизнес тақырыбын маған жазатын журналист ретінде бүгінге дейін үйренгенімді медиа тренер ретінде өзгелерге бөлісудің тиімді жолдарын, бизнес саласының кейінгі стратегиялары мен жаңалықтарын меңгеруі керек. Осыған қоса халықаралық жиындар, ғылыми конференцияларда мықты мамандардан сұхбат алу, ғылыми мақала жазу үшін де академиялық ағылшын деңгейімді нығайту қажет. Негізі кәсіби дамытуға тағылымдамадағы тілге қойылатын талап төмен сияқты. Айталық, «IELTS»-тан 5,5 балл деген – орташа деңгей. Мұндай көрсеткішпен келгендер ортаға түскенде қиналып қалады. Кейбір жоғары оқу орындары ағылшынша білмесе де, аудармашы беретінін айтып шақыра береді. Меніңше, бұл да дұрыс емес, өйткені оны оқытуға кететін қаржы – сіз бен біздің қалтамыздан түсетін салықтың ақшасы. Десек те тілдің айтарлықтай жоғары деңгейін қажет етпейтін техникалық мамандықтар болады, мысалы, ол мықты математик болуы мүмкін, ондайда неге жағдай жасамасқа?», дейді Ә.Текенова.
Стипендиаттың ойынша, тағылымдамадан өтетін адамның портреті көбіне былай келеді: шамамен 30-40 жаста, отбасылы, 20 жылға алған ипотекасы, 1-2 баласы бар, біреуі мектеп жасында, екіншісі балабақшаға барады, тіл білмейтін болған соң оларды алып келіп қинағысы келмейді, елде қалдырып кетуді тағы қаламайды, виза алу үшін әр баланың шотында кемі 7 млн теңге болуы керек, бұл оған қайдан келеді, мысалы, қарапайым оқытушының айлығы 200-300 мың теңге айналасында, солай тығырыққа тіреледі.
«Бізге негізінен 35-50 жас аралығындағы тәжірибелі кадрды оқытқан орынды, берері көп, олар шетелге орныға қоймайды, елге оралады, бірақ бір кедергісі – тіл білмейтіндері көп. Сондай топқа орысша тағылымдамадан өтуді қарастыруға болатындай, өз саламнан мысал келтірсем, «BBC» арнасының орыстілді редакциясына жолдама берсе жақсы болар еді. Сол үшін де әр үміткердің жеке жағдайына қарай саралау керек. Осыған қоса жоғарыда айтқан тағылымдамаға баратын стипендиаттың портретіне де, мүмкіндіктеріне де қарау қажет. Стипендия өте аз, айталық, өзім алатын ақшаның тең жартысы үй жалдауға кетеді, қалғанын жолым мен тамағыма там-тұмдап жеткіземін. Қарапайым қоғамдық көлікте жолақы 2-3 фунт, бұл теңгеге шаққанда 2 мың теңгеге жуықтайды. Сондықтан 10-12 жыл бойы мүлдем өзгермеген стипендияны көтеру де өте өзекті мәселе», дейді Ә.Текенова.
P.S. Тағылымдама түйткілдерінің түйінін түбегейлі тарқатамыз деп лайық мамандарды таңдауға септесетін орынды талаптарды, қалыптасқан жақсы мүмкіндіктер қатарын жойып алмас үшін зерттеуге сүйенген жөн секілді. Стипендиаттар мен жоғары білім, ғылым саласының білікті мамандарын тартып, әлеуметтік зерттеу жүргізудің маңызы зор-ақ... Әйтпесе қанша адам болса, сонша пікір бар, ал соның бәрін саралау, жүйелеу, тиімділігін арттыру нағыз ғылыми әрі кешенді жұмысты талап етеді.