12 Ақпан, 2015

Уақыт талабынан туған міндеттер

460 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Біз дағдарысты заманауи ин­фра­құрылым қалыптастыруға, мил­лиардтаған активтерді енгізуге пай­даланамыз. Мемлекет барлық қажетті қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Қаражат бөлінді, жағдай жасалды. Бәрінің дереу жұмысқа кірісуі қажет. Үкіметтің әрбір мүшесінен, әкімдерден нақты нәтижелер талап етіледі.

Н.НАЗАРБАЕВ.

Экономикалық ілгері басудың нақты тапсырмалары берілді

Тохтар ЕсиркеповТоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикасына сыртқы факторлардың әсер етіп отырғандығын айта келіп, экономикалық кеңістікте пайда болған негізгі «сырқаттың» диагнозын дәл басып айтты және оны сауықтырудың жолдары мен нақты атқарылар шараларды атап-атап көрсетті. Мемлекет басшысы екі сыртқы фактордың әсеріне арнайы тоқталды. Біріншісі, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі. Былтырғы маусым айынан бастап байқалған бұл проблема барлық елдерге өз әсерін тигізуде. Сондай-ақ, еліміздің сыртқа шығарып отырған экспорттық тауарлары – түсті металл, тыңайтқыш секілді шикізаттар бағасының әлемдік нарықта төмендеп кетуі. Екіншісі, көршілес Ресей экономикасында орын алып отырған жағдайға байланыс­ты. Мәселен, Ресей рублінің девальвацияға ұшырауы. Міне, осындай факторлардың біздің экономикамызға әсерін айта отырып, Президент Үкіметке нақты тапсырмаларды дер кезінде беріп отыр. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтыр 4,2 пайызға өсті. Яғни, елдегі дағдарыс Қазақстанның ішкі экономикалық жағдайынан емес, сыртқы фактордың әсерінен болып отырған жайт екендігін Елбасы орынды атап көрсетті. Егер Мемлекет басшысы ұсынып отырған дағдарысқа қарсы бағдарламаларды тиянақты қолдана білсек, біз бұл сыннан да сәтті өтуімізге негіз мол. Президенттің айрықша көңіл бөлуді тапсырған салалары – отандық машина жасау және экспорттық әлеуетті арттыратын кәсіпорындар, сонымен қатар елдегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де қазіргі таңда сатылап ілгері жылжуда. Бұл салаларға қаржы бөлу арқылы отандық экономиканы сауықтырумен қатар жұмыспен қамту шарасын да тиімді жүзеге асыратындығымыз айтылды. Өйткені, дағдарыс жағдайында ең бірінші қоғамға әсер ететіні жұмыссыздық мәселесі. Жалпы мен экономика саласын тиянақты зерттеп жүрген маман ретінде Елбасының ел Үкіметіне берген тапсырмалары мен алға қойған нақты міндеттеріне көңілім толғандығын жеткізгім келеді. Ендігі мәселе, сол тапсырмаларды бұлжытпай жүзеге асыру болмақ. АЛМАТЫ.

Отандық өнімге басымдық керек

 1901_oko_1Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы алдағы күндерге алаңдап жүрген жұртқа бүгінгі қиындықтардың уақытша екендігін, Қазақстанның дағдарыстың бұл толқынынан зардап шекпейтіндігін қадап айтты. Ел ішінде су ішкен құдығына түкіріп жүретіндер көп қой. Әлемдік дағдарыс Қазақстанға кеп қалғандай төндіре сөйлеп жүреді. Елді еріксіз үрейлендіреді. Елбасы ондайларды жауапкершілікке тарту керектігін айтты. «Мен тағы да Қазақстан халқына жария етемін: біз ештеңені жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алдағы туындайтын мәселені ашық айтамыз», – деді Мемлекет басшысы. Расында, халыққа қатты алаңдайтындай негіз жоқ. Мұны Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовтің өткен жыл қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы айтқандарынан анық байқауға болады. – 2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жетті, соның ішінде, Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті. «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырумен бірге алғанда, бұл 2015 жылға арналған экономикалық саясатты сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті, – деген еді Қайрат Келімбетов. Әрине, облыс орталықтары да Үкімет не шешім қабылдайды деп көрермен болып отыра алмайды. Мәселен, Оңтүстікте жақсы өзгерістер бар. Облыс әкімінің бастамасымен отбасылық кәсіпкерлік негіздегі шаруашылықты дамыту бағдарламасы 5 мыңдай адамға жұмыс орнын табуға жәрдемдесті. Бұл да Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылған бағдарлама. Ал, алдында жұмысы бар адамдар тарықпайды. ШЫМКЕНТ.

Бүгінгі күнге қажет маңызды шешім

aitjanov (1)-1 Қаныбек АЙТЖАНОВ, Алматы облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы. Елбасының төрағалық етуімен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының алдағы кезеңдегі даму бағыты бойынша нақты шаралар айқындалып, тапсырылды. Бұл бүгінгі таңда қабылданған маңызды шешім болып табылады. Нақтылай түссем, Мемлекет басшысы мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің қысқартылмайтынын атап көрсетуі – әлеуметтік саланың басты назарда тұрғандығын айқындайды. Әсіресе, өз нәтижелілігін дәлелдеген «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жалғастырылуы үлкен қолдауға ие болды. Аталған бағдарламаның 2011-2014 жылдары іске асырылуы еңбек нарығындағы ахуалды едәуір жақсартып, тұрақтандырды. Бағдарламаға тартылған 30 мыңнан астам адамға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 2 мыңға жуық азаматқа 4 млрд.теңге көлемінде шағын несие беріліп, кәсіпкерлікпен айналысты. Кәсіптік даярлаудан өткен 12,0 мыңнан астам адам сұранысқа ие мамандықтар алып шықты. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күнде 4,7 пайызға төмендеп, халықтың табысы артуда. Президентіміздің атап өткен күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – жұмысшылардың жаппай қысқартылуының алдын алу, еңбек дауларын болдырмау, осы мақсатта ірі және орта кәсіпорындармен меморандумдар бекіту болып отыр. Бұл бағытта да облысымызда жүйелі түрде жұмыс атқарылуда. Бүгінгі күнге бизнес құрылымдарымен 128 меморандумға қол қойылды. Оның ішінде 8 ірі кәсіпорынмен Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Алматы облысына жұмыс сапары барысында меморандум жасалды. ТАЛДЫҚОРҒАН.