12 Ақпан, 2015

Жүрекке шуақ, білекке қуат сыйлаған

265 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
1111Көреген Президентіміз бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс зарда­бының кете қоймаған, геосаяси эпицентр аймағындағы тұрақсыздық текетіресінің шиеленісе бастауы, экспорттық шикізат бағасының төмендеуі біздің елімізге де өз қатерін төн­діру мүмкіндігін ескере отырып, жылдағыдан ертерек «Нұрлы Жол – бо­ла­шаққа бас­тар жол» – Жаңа Эконо­микалық Саясаты туралы Жол­дауын жариялады. Аталған қатерлерді ескере отырып жасалған бұл Жолдау партиямыздың сайлауалды тұғырнамасының орындалуын қамтамасыз ете отырып, еліміздің экономикасын көтеруге ықпал етері сөзсіз. Халқымыздың көңілінен шы­ғып жүрген Елбасының өткен жыл­дардағы Жолдауларының, әсі­ресе, алдымызға ұлы мақсат қой­ған «Қа­зақстан жолы – 2050» атты Жол­­­дауындағы әлемнің ең үз­дік да­­мыған 30 елінің қатарына қосы­лу мақ­сатының қозғаушы күші, демеу­шісі десек артық айтқандық емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін, білекке қуат, жүрекке шуақ сый­лаған бұл Жолдаудың мәні терең, мақсаты кемел барлық бағда­рынан халқымыздың әлеу­мет­тік саласының және ел эко­но­ми­ка­сының жаһандық талапқа сай өркендеу мүмкін­дік­те­ріне үлкен ықпал тигізетіні сезіліп тұрғандығын айтсақ та жеткілікті. Бұл талаптардың орындалу жолын Президентіміз ертеректе Ұлттық қор құру арқылы жүйеге келтіріп қойған, енді сол қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тірнектеп жинаған қаражатты дағдарыс кезінде ел экономикасының тұрақты дамуына бағыттап отыр. Елбасымыздың бұл көрегендік саясатының пайдасын 2007-2009 жылдардағы бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс кезінде көр­генбіз, тәнті болғанбыз. Мен миллиондаған ауыл тұрғыны жердің төсін емген диқан ретінде кәсіпкерлікті шағын және орта бизнесті дамыту мақсатындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының орта жолда қалып қоймай, қарқынды дамитындығына сенімім нығая түскенін жасырмаймын. Еліміз аграрлы мемлекет болғандықтан, халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту осы бағдарламалар жүзеге асқанда ғана орындалатыны сөзсіз. Тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымдарды нығайту мақсатын инвестиция тарту арқылы қажеттіліктерді қалпына келтіру, оның ішінде аз пайызбен көпжылдық несие беру, бастапқы жарнаның болмауы, жалға беру тетіктері әрбір үйі жоқ, күйі жоқ қазақстандық азаматтың жүрегіне нұр құяры сөзсіз. Қазіргі орын алып отырған жағдайларға байланысты, енді қаржыны келешекте табыс әкеле­тін, ал осы кезеңде халықты жұмыс­пен қамтамасыз ететін салалар­ға бөліп отыр. Ол көліктік, энергети­калық, индустриялық және әлеу­мет­­тік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамыту бағыт­­тары. Яғни, Қазақстанның бар­лық аймақтарынан түрлі жол қа­тынас­тары арқылы тауар айна­лы­­мы­ның кедергісіз байланысуын қамтамасыз ету, мүмкіндік туғызу. Жолдаудың әлеуметтік инфра­құрылымдарды дамыту тара­у­ындағы «Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту проблемасын ше­шу, мектепке дейінгі мекеме­лер­дегі орындар тапшылығын қысқарту», деп, ғылым саласын индустрия­ландыру мақсатында жоғары оқу орын­дарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қомақты қаржы бөлуді Үкіметке тапсырды. Осындай әлеуметтік реформа­ларды ретке келтіре отырып, Пре­зидентіміз «Біздің білім беруді, ден­саулық сақтауды, ауыл шаруа­­шылығын дамыту бағдар­ламала­рымыз жалғаса береді», «Нұр­лы Жол» Жаңа Экономи­калық Сая­­саты әлем­нің ең дамыған 30 елі­нің қата­рына ену жолын­дағы біздің ауқым­ды қадамы­мыз», деп бағдарла­ма­ның жалғаса беретіндігін, алдағы ­мақ­сат­та­рымызға жету жолдарын тағы да бір айқындап берді. Қазақ елінің небәрі ширек ғасыр­ға жуық уақытта күллі әлем­ге танылуы, экономикасының қа­рыш­тап өсуі еліміздегі ынтымақ пен тату­лықтың арқасы екенін айтып, ата-бабаларымыздың салған сара жолын, «Мәңгілік Ел» идеясын табыспен жалғастыра беруге шақырды. Мен де «Нұр Отан» партиясы­ның мүшесі ретінде Елбасы Жол­­да­уы­ның терең мағыналы еке­нін түйсініп қана қоймай, оны бола­шағымыздың жарқын көрінісі ретінде қабылдадым. Тұрғанбек ҚАНАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері, «Ақ орда» шаруа қожалығының төрағасы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Алатау батыр ауылы.