Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі жүрегінен төгіле шықты. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетті. Иә, Тәуелсіздік бізге ешқандай көктен түскен құдіреттің сыйы емес һәм азаттық жолы – азапты. Ал оны сақтап қалудың одан да бетер қауіп-қатерлі екенін қазіргі әлемдік дамудың өзі көрсетіп отыр.
Тамылжыған тамыз айының соңындағы Ұлытаудағы ұлт туралы толғанысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев туған Отанымыздың геосаяси тұрғыда қиындығын қисынды қылып айтса, одан кейінгі Қазақстан халқына арналған «Нұрлы Жол» Жолдауында еліміздің геосаяси шиеленістердің эпицентріне өте жақын жатқан аймақ екеніне баса назар аударды. Ал Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты жаһандық сын-қатерлерге лайықты жауап болып табылатынын айрықша атап өтті.
Басқаша айтсақ, әлемдік саясатта кез келген уақытта оқтын-оқтын болып тұратын саяси ойындар мемлекет тізгінін ұстаған билеушінің бойынан қиядағыны көріп, алыстағыны болжайтын дара бітімді, харизматикалық тұлғаға тән көптеген меритократиялық қасиеттерді талап етеді. Олай дейтініміз, Қазақстанның геосаяси орналасуы жағынан ғасырлар бойы шеккен азабы шаш-етектен. Дауылпаз ақын, жаужүрек батыр Махамбетше айтсақ, «Бұл қонысқа қондырған, ата-бабам оңбасын, таңда сират басында».
Қазақ халқында бағзыдан келе жатқан «Көршіні Құдай қосады» деген қанатты сөз бар. Қысқартып айтсақ, Қазақстанның экономикалық жағынан тұйық кеңістікте орналасуы өз алдына, әлемдегі алып мемлекеттердің қатарына кіретін ұлы көршілерінің ырқында кетпей, дербестігін сақтап, мемлекеттілігін нығайтуы – Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Елбасының, ұлт элитасының, ұлт асылдарының мәңгілік саяси ұстанымы.
Өмір – күрес. Өмір – тартыс. Өмір – бәсеке. Бұл – тіршілік заңы. Күрес, тартыс, бәсеке тоқтаған жерде өмір тоқтайды. Алаш көсемі Ә.Бөкейхановша айтсақ, «таласып-тартыспаған кісіге де, халыққа да тәмам қасқырдың арасында бәйге жоқ». Иә, әлемде геосаяси ойындар әдеттегідей тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұрын бабаларымыз ғасырлар бойы ұлт азаттығы жолында қанын төгіп, жанын берсе, ендігі күрес, ендігі мақсат – тәуелсіздікті мәңгілік ету.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қайтсем Қазақ елін мәңгілік мемлекетке айналдырамын?!» дейтін аса ұлы мемлекетшіл мүдде жолында тынымсыз ізденіс үстінде жүрген халқымыздың парасатты перзенті. Мәңгілік Ел болуды көздеген мемлекет, алдымен өз тек-тамырының тереңнен тартатынын және ата-бабасының өте бай тарихы бар екенін есінен бір сәт те шығармауы тиіс. Ұлттық идеяның өзегі – ұлт тарихында. Мұны Елбасы бұл жолы да анық аңғартты. Құдай қаласа, Қазақ мемлекеттілік тарихына арналған бірнеше даталық мерейтойлардың мемлекет деңгейінде аталып өтетініне ерекше тоқталып, Алаш баласының рухын асқақтатты.
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.
ОРАЛ.