12 Ақпан, 2015

Дәнекер

424 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ырыс алды – ынтымақ

Қазақтың шаңырағын шалқытқан башқұрт қызының жапырағы жайқалып тұр ЗакираСарытоғай – саф алтындай ұлтаралық достықтың буыны бекем бекіген ауыл. Мұнда қазақты айтпағанда, қазақтың киелі топырағын жатсынбай, киелі мекеніне айналдырған өзге ұлттың өкілдері көп. Тіпті, бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы да болып отыр. Татулығына сына қағылмаған Сарытоғайға әбден бауыр басып, қазақтың шаңырағын шалқытып отырған башқұрт қызы Закира Қапанованың жасы 80-ді алқымдады. Башқұртстанның Көкаршын ауданында жарық дүние есігін ашқан Закира апа әкесінен де, шешесінен де ерте айрылыпты. Он жасында колхозға жұмысқа тұрып, кейін зоотехник мамандығын алыпты. Тағдырдың жазуымен Орынбор өлкесіне жұмысқа ауысқанда өзінің өмірлік жары Төлеу Қапановпен Ресейдің Орынбор өлкесінде танысыпты. Төлеудің әкесі Қапан қария солақай саясаттың қыспағымен әуелі Ресейдегі Молотов қаласына, одан соң Орынборға қоныс аударыпты. «Зоотехник болып, бір жас қыз келіпті. Башқұрт ұлтынан екен», деген әңгіме ауылда лезде тарап, Қапан қарияның отбасына да жетеді. Бұл кезде Қапанның осы өңірде өмірге келген ұлы Төлеу ержетіп, трактор рөліне отырған еді. Өз ісінің шебері атанған жас жігіттің жақсы аты шыға бастаған шақ. Төлеуді жергілікті жұрт Анатолий деп атайды екен. Өзі бойшаң, баян тартып, қоңыр дауысымен әндетіп, ортасын қызық-думанға бөлеп жүретін қазақ жігіті өзге қыздардың біреуіне де сөз салмай, башқұрт қызы – Закираны кеңсесіне іздеп келіпті. Екі ұлттың өкілі осылайша танысыпты. Сөйтіп, әредікте ғана кездесіп, сөйлесіп жүрген жастар бір-бірін ұнатыпты. «Маған қамқорлық танытқан Попов дейтін мал дәрігері бар еді. Сол кісі «Анатолий (Төлеу) өте еңбекқор жігіт, нағыз азамат. Сені ұнатады. Тағдырыңды тоғыстырсаң, өкінбейсің», деген ақылын айтты. Бір күні үй сыртына көлік келіп, тоқтағанын сездім. Бұл – Төлеу екен, қасында Қабдол, Кәрім есімді достары бар. «Бір жерде жиналатын едік. Бізбен бірге сен де жүр», дейді жарыса. Үйдегі апайым: «Үйде отыра бермей, көңіл көтеріп келсеңші», дейді құдды жігіттермен келісіп қойғандай». Содан бұлар мінген көлік басқа жаққа бұрылмастан, тіке Төлеудің үйіне тура тартыпты. Ал сол кезде Төлеудің анасы дастарқан жайып, болашақ келінін күтіп отырыпты. Қазақта қыз алып қашу болып тұратынынан бейхабар башқұрт қызы көнбей­­­­­тінін білдіріп, «Башқұрт халқында қызды ұрламайды. Үйіме апар­масаңыздар, мені мүлде көрмей­сіз­дер», деген ойын ашық айтыпты. «Жүрекке әмір жүрмейді» де­ген әсте рас екен. Бір-бірін ұна­тып, көзбен де, сөзбен де ұғысып жүрген ғашықтар көп ұзамай шаңырақ көтерді. Олардың тойына өздері еңбек ететін колхоз ұжымы түгелдей атсалысыпты. Содан бері башқұрт қызы қазақтың шаңырағына шуақ кіргізіп, қазақтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын  бір адамдай меңгерді. «Төлеудің әкесінің туған жері – Махамбет ауданы ғой. Кезінде Ресейге қоныс аударған. Қайын атамыз Орынбор жерінде өмірден өтті. Ал енем туған жерін аңсап, арасында жылап та алатын. Содан Төлеуді «Елдегі ағайындарымен кездесіп, елге оралудың мүмкіндігін білуге Қазақстанға жібердік. Кейін, 1949 жылдың көктемінде Қазақстанға, Төлеудің  әкесінің кіндік қаны тамған атамекеніне оралдық», деп еске алады Закира апай. Осылайша, Сарытоғайға орал­ғанда бұлар қазақ тілінде мүлде сөйлемейді екен. «Енем таңертең сиырды өріске айдағанда «Пошла туда», дейтін еді. Абысындары мен  қайынсіңлілері енемнің орысша мал айдағанын бертінге дейін айтып, мәз болушы еді. Кейін мұндағы өмірге үйрендік. Көмір таптырмайды, мал тезегімен тамақ пісіру алғашында қиындық келтірді. Таза қазақы тірлігіне үйреніп кеттім, өзім де қазақтың келіншегі атандым. Ешкім мені башқұрттың қызы деген емес. Ағайындардың бәрі бауырына тартты. Енем өз қызындай тәрбиеледі. Сырласып отыратын едік. Жетпіс үш жасында өмірден өтті. Марқұм Төлеу екеуміз бір-біріміздің көңілімізді қалдырмайтын өте тату едік.  Қиындық көрсек те бір-бірімізге қабақ шытып көрмеппіз», деп өткен күндер көз алдынан өткендей ойланып қалды Закира апа. Сарытоғайға оралысымен башқұрт қызына бас зоотехник қызметі ұсынылыпты. Бірақ жергілікті жерде есеп-қисаптың бәрі қазақша жүргізілетіндіктен, бұл жұмысты атқару  Закираға қиындық келтіріпті. Кейін әртүрлі жұмыстар атқаруына тура келіпті. Еден де сыпырды, моторшы да болды. Ауыл клубының киномеханигі, тіпті, радиоқосушы міндетін де атқарды. Зейнетке шыққанына 40 жылға таяпты. Қазір өмірлік жары Төлеумен бірге көрген төрт ұлы мен төрт қызынан өрбіген ұрпағының ортасында мәуелі бәйтерекке айналып отыр. Қазақтың шаңырағын келін болып аттаған башқұрт қызы – Закираның өзі де  орыс пен татар ұлтынан келін түсірді. – Жаратқан Иемізге мың мәрте шүкірлік айтамын. Ұрпағым өсті, жапырағым жайылды. Бала­ларым­нан 32 немерені емірене иіске­дім. Сол немерелерден 24 шөбере өмірге келді. Балаларым да, келін­дерім де алақанына салып, аялап отыр. Немере-шөбере­лер «әжелеп» мойныма асылып тұрады. Еліміз тыныш, мемлеке­тіміз қарияларға қолдау білдіріп тұрады. Ұрпағыңның ортасында, түтіні түзу ұшқан еліңнің­ тыныш­тығын тілеп, аман отырғаннан артық бақыт бар ма, айналайын! Бірлігіміз бұзылмасын, – дейді қазақтың шаңырағына шуақ сыйлап, ұлттар достығының дәнекеріне айналған Закира Қапанова. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылы. Суретте: қазақтың шаңы­ра­ғын шалқытып, ұрпағының қызығын көріп отырған Закира ҚАПАНОВА.