Кеше палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Халық қалаулылары «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» заң жобасын ілеспелі түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Мұхтар Тінікеевтің атап өткеніндей, заң жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленген және бағалау қызметі саласындағы заңнаманы оның реттеу жүйесін өзгерту, халықаралық стандарттарды енгізу арқылы жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасы міндетті бағалау тек қана мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, сенімгерлік басқаруға не жалға (кейіннен сатып алу құқығымен жалға) беру үшін, сондай-ақ, неке келісімшарттарын жасасу және мүліктің құны туралы дау туындаған жағдайда ажырасушы ерлі-зайыптылардың осы мүлкін тараптардың біреуінің немесе екі тараптың да талап етуі бойынша бөлу, салық салынатын базаны есептеу туралы дау туындаған жағдайда салықтардың төлену дұрыстығын бақылау мақсатында бағалау объектілеріне бағалау жүргізілетіні туралы нормамен толықтырылды.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттарына тұрақты комитеттер мен заңнама бөлімінен келіп түскен барлық ескертпелер мен ұсыныстар қарастырылып, талқыланған.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары «Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».