АТЫРАУ. 12 ақпан. Атырауда жұмыссыз жастар үшін өткізілген жәрмеңкеге қатысқан 20-дан аса кәсіпорын 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жәрмеңкені өткізуге кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, сондай-ақ, «Жастар ресурстық орталығы» да атсалысты. Әр түрлі меншіктегі 20-дан астам кәсіпорын өкілдері арнаулы орта және жоғары оқу орындарының түлектері үшін 300-ге жуық бос жұмыс орны бар екенін мәлім етті. Оқу орындарының түлектері кәсіпорындардың кадр қызметінің жетекші мамандарымен әңгімелесіп, түрлі бағытта кеңестер алды.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Ғанимұратұлының айтуынша, мұндай жәрмеңке бұған дейін бірнеше рет өткізілген. Негізгі мақсат – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында ортақ түсіністік орнату. Өйткені, еңбек нарығында аталған тараптар арасында шешімін таппаған көптеген мәселе бар. Алдымен, сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігінен басталады. Мәселен, жоғары білімді маманның дипломы бар болғанымен, еңбек өтілі жоқ. Сондай-ақ, жұмыс тәжірибесі мол адамның арнайы мамандығы болмай шығады.
«Мәселенің басқа бір қыры бар. Жұмыс іздеушілер, әсіресе, жастар алдымен, төленетін жалақы көлеміне назар аударады. Олар төменгі сатыдағы жұмыстарға барғысы келмейді. Мүмкіндік болса, кеңседе отырғанды қалайды. Сол себептен, жұмыс іздеушілердің тәжірибені ең төменгі сатыдағы жұмысты атқарудан жинау қажеттігін ескергені жөн», дейді Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Ғанимұратұлы.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек:egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.