Брифингте Ұлттық банк басшысы еліміздегі қазіргі қаржы нарығындағы ахуал жайында айтып, тұрақты жағдай қалыптастыру мақсатында нақты қандай шаралар қолға алынғандығын хабарлады. Бас банкир дәл қазір теңге бағамын бір мезетте «есеңгіретерліктей» құлдыратуға негіз жоқ деп мәлімдеді. Ол қазіргі айырбас бағамының шекті дәлізін ең оңтайлы бағам деп санайтынын айтты. «Қазіргі уақытта біз валюталық дәліздің ағымдағы саясатын ұстанып отырмыз. Біздің есебімізше, қазіргі макроэкономикалық жағдайлар осы дәлізде болуымызға мүмкіндік береді. Алдағы үш-тоғыз ай аралығында біз ішкі және сыртқы валюта нарықтарындағы жағдай қалай өзгеретінін жіті бақылап отырамыз», деді ол.
«Өздеріңіз білесіздер, Үкімет жақын арада бюджетті нақтылайтын болады. Нақтылай түссек, қарапайым сценарий ретінде 2015 жылы бренд маркалы мұнайдың бір баррелі орта есеппен 50 доллар болады деп есептелген», деді ол. Төрағаның айтуынша, 2015 жылы Ұлттық банк теңгенің кенет құнсыздануына жол бермеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының өзгерістері туралы алдын-ала хабарлап отыратынын жеткізді. «Теңге бағамын біртіндеп реттеп отырмасақ, тағы да девальвациялық өсім жинала береді. Өздеріңіз көріп отырсыздар, теңге бағамы 2014 жылдан бері 180 мен 184 теңге аралығында құбылып отырды. Ал бүгін 1 долларға шаққанда 185 теңгеге жетті. Бұл қазіргі ішкі және сыртқы макроэкономикалық жағдайға толық төтеп бере алатын бағам деуге болады. Сондықтан, біз орта мерзімді кезеңде неғұрлым ыңғайлы баға қалыптастыру саясатына көшеміз. Кез келген мұндай ауысу алдын-ала хабарланатын болады. Осылайша нарық субъектілері мән-жайды біліп отырады», деп түсіндірді Қ.Келімбетов.
Алайда, Ұлттық банк капиталдың сыртқы нарықтарында ауытқу болған жағдайда теңге бағамының бірқалыпты икемді өзгеруі шеңберінде жұмыс жасайды. Яғни, егер мұнай баррелінің жылдық орташа бағасы 50 АҚШ долларынан төмен болып, «теріс жағдайлар» болып жатса теңгені біртіндеп құнсыздандыратынын жоққа шығармайды. Қ.Келімбетов Ұлттық банктің ұлттық валюта бағамын бірқалыпты түзетуді қолдауға қажетті «беріктік қоры» бар екенін баса айтты. Мәселен, Ұлттық банк пен Ұлттық қордың бірлескен алтын-валюта резерві 100 млрд.-тан астам долларды құрайды, оның 28,9 млрд. доллары – Ұлттық банктің қоры. Сондай-ақ, ол экономиканы долларсыздандыру бойынша шаралар аясында банктік емес қаржы мекемелеріне талаптарды күшейту жоспарланғандығын атап өтті.
«Жоспарға нормативтік-құқықтық база өзгертулері мен төлем туралы заң және валюталық реттеу бойынша толықтырулар енгізілетін болады», деді Ұлттық банк басшысы. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банк ұлттық компанияларды «ақша айырбасы арқылы» теңгеге қолдау көрсетуге шақырған «Экономиканы долларсыздандыру» бойынша жоспар бекітеді.
«Қазіргі уақытта жұмысты аяқтап қалдық, келесі аптаның басында Үкіметпен бірге экономиканы долларсыздандыру бойынша бірлескен шаралар жоспарын бекітуді жоспарлап отырмыз», деді Ұлттық банк төрағасы.
Қазақстанда долларсыздандыру үдерісі квазимемлекеттік компаниялардан басталмақ. Олар өздерінің есептесулері мен депозиттерінің көп бөлігін ұлттық валютаға көшіреді. «Долларға көшкен барлық компаниялар мен халық қайтадан кезең-кезеңмен теңгеге ауысады деп күтілуде. Бұл үдеріс «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро» сияқты квазимемлекеттік сектор компанияларынан басталады, олар үлгі болулары тиіс», деді Қ.Келімбетов. Ұлттық банк басшысының есептеуінше, егер компанияға қандай да бір сыртқы төлемді жүргізу керек болса, оған шетелдік валютада белгілі бір қор қалдыруға болады. «Егер компания шұғыл долларды қажет етпесе, депозит теңгеде сақталады, оған қоса долларлық депозиттерге қарағанда теңге депозиттері бойынша пайыздар көбірек. Қазіргі таңда қолдан тапшылық (теңге өтімділігі) жасадық, мұны өзіміз істеп отырмыз – несиелер теңгемен емес, доллармен беріледі деген алыпқашпа сөз», деді Ұлттық банк төрағасы.
Экономиканы долларсыздандыру шараларының бірі қолма-қол ақшасыз төлеуді дамыту болмақ. «Экономиканы долларсыздандыру бойынша шаралар аясында қолма-қол ақшасыз төлемдерді айтарлықтай арттыру және көлеңкелі айналымды қысқарту қарастырылған», деді Қайрат Келімбетов. Ол бүгінгі таңда Қазақстанда барлық төлемдердің 93 пайызы қолма-қол ақшамен есеп айырысу арқылы жүргізілетінін айтты. «Бұл кез келген жағдай үшін айқын жағдай, өйткені барлық төлемдер салық салудан тыс, көлеңкеде қалады. Біз төлемдер доллармен де жүргізіледі деп есептейміз, оған валюталық банктік емес айырбастау пункттерінің желісі көмектеседі. Сондықтан, біз доллармен, шартты бірлікпен белгіленген бағаларды ретке келтіру арқылы мұнда тәртіп орнату керек деп есептейміз», деді ол. Осы ретте, Қайрат Келімбетов қазақстандықтарды пәтер мен автокөліктерді есепшоттар арқылы сатып алуға шақырды. «Біздің ойымызша, ірі саудалар, мәселен, пәтер немесе көлік құралын сатып алу қолма-қол ақшамен емес, басқа жолдармен жасалғаны дұрыс. Ең бастысы, қаражат белгілі бір шоттар арқылы өтуі керек, осылайша біз салық органдарымен бірге барлық төлемдерді көріп отыра аламыз. Сондықтан аз уақыттың ішінде осы салада біршама тиянақтылыққа қол жеткіземіз деп ойлаймыз. Біз еліміздегі бағаның қалыптасуы ұлттық валютаға негізделетінін санамызға әбден сіңіруіміз қажет», деп түсіндірді ол.
Қ.Келімбетов атап өткендай, долларсыздандыру доллар валютасына тыйым салуды көздемейді. Ұлттық валюта теңге құн өлшемі, төлем өлшемі ретінде лайықты орын алуы тиіс. Ол үшін бірнеше бағытта шаралар әзірленген. Соның бірі – жылдық инфляцияны кезең-кезеңмен төмендету бойынша іс-шаралар әзірлеу арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, 2020 жылға қарай инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету болжанып отыр. Сондай-ақ, Ұлттық банк басшысының болжамынша, теңге өтімділігін қажет ететін экономика сегменті пайда болуы тиіс, қазақстандық қамтуды арттыру арқылы сұраныс пен ұсыныс жасалады, дейді Ұлттық банк басшысы.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».