ЕЛБАСЫ СӨЗІ – ЕЛДІКТІҢ КӨЗІ
Қазақстандықтар Президент Н.Ә.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзін осылай қабыл алып отыр
Соңғы кезде отандастарымыз арасында теңгенің долларға шаққандағы бағамы күрт өседі екен деген әртүрлі алыпқашпа сөздердің желдей есе бастағаны жасырын емес. Егер расында да ұлттық валютаның күрт ауытқуына жол берілсе, бұл қарапайым тұрғындар үшін оңай болмайтыны да анық. Әйтсе де ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман дегендей, бұл әңгімелердің нақты шындыққа сәйкесе бермейтініне де Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасының барша қазақстандықтарға арнаған сөзінен кейін көз жеткізіп отырмыз. Сөз жоқ, қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында мұндай қауіптің болуын мүлдем жоққа шығаруға да болмайды. Сондықтан қамсыз-қарекетсіз отырмауымыз керек. Мемлекет басшысының теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу жөнінде қойған талаптары осындай мақсаттан туындағаны айтпаса да түсінікті. Әрі Президент бұл үшін бірінші кезекте атқарылуға тиісті қажетті тетіктерді де тайға таңба басқандай айқын түрде ашып көрсетті. Атап айтқанда, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялар өздерінің қаражаттарын доллар депозиттері түрінде пайдаланып келгені белгілі. Бұл тәсіл өз кезегі мен мезгілінде, белгілі бір уақыт аралығында өзін өзі толығымен ақтағаны да аян. Дегенмен, ақша-қаражат операциялары қатып қалған нәрсе емес. Бүгінгі күрделі сыни кезеңде осы қалыптасқан қаржылық дәстүрді өзгертіп, доллар депозитін теңге депозитіне ауыстыру ұлттық валюта бағамының орнықты бола түсуіне негіз қаламақ. Сайып келгенде, мұндай көзқарастың «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компанияларға ғана емес, сонымен бірге, еліміздің барлық тұрғындары мен азаматтарына да қатысы бар. Кешегі күні Елбасы, міне, осыны айтты. Бір сөзбен айтқанда, мұнда баршаның мүдделерін ескеруге тырысушылық бар. Сонымен бірге, теңге депозиттерін орнықтыру жөніндегі қадамдарға Ұлттық банктің 11 пайыздық мөлшерде материалдық көтермелеу шараларын белгілеуі де жоғарыда айтылғандай, баршаның мүдделерін ескерудің нақты мысалы. Долларлық депозитке қатысты алғанда оның мөлшері 3-ақ пайыз екенін ескерсек, теңгеге деген айрықша қолдау көрінісі айқындала түседі. Кез келген мемлекеттің төл валютасының тұрақтылығы сол мемлекеттегі алтын-валюта қорының мөлшеріне де байланысты. Елбасы сөзінің түп-төркінінен бұл тұрғыда да алаңдауға, қауіп етуге негіз болатындай факторларды байқай алмадық. Өйткені, қазіргі 102 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі елдің алтын-валюта қоры теңге бағамының күрт ауытқуына қарсы тұра алатын таптырмас тетік болмақ. Ұлттық банк қызметінің ішкі иірімдерін түсіне білетін саланың бұрынғы басшыларының бірі ретінде өткен жылғы теңге бағамының түзетілуі бүгінгі күн биігінен қарағанда тек оң нәтиже көрсеткенін айта кеткім келеді. Соның нәтижесінде Ұлттық қордағы қаражат 15 пайызға ұлғайған. Соңғы кезде Ресей рублінің құнсыздануына байланысты еліміздің сауда-саттық жүйесінде импорттың үлесі көбейіп, экспорттың үлес салмағы азайып кеткені де рас. Мұндай жағдайда қаражат сыртқа кетеді. Тоқ етерін айтқанда, мұның өзі отандық өндірісшілерге зиянын тигізеді. Бейне бір олардың аяқтарына тұсау салынғандай ахуал орнығады. Осы орайда: бұл уақытша жағдай, оның шешімі табылады деген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділікпен айтқан сөзінің шындығы қазірдің өзінде белгі, көрініс бере бастады. Өйткені, қазір Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарындағы тауарлар бағасы біртіндеп көтеріле бастады. Мен бұған таяуда Ресейдің Самара қаласына жолым түскен кезде көз жеткіздім. Яғни, бәсекелестікке қабілетті тауарлар өндірудің кезі енді келе жатыр деуге әбден болады. Бұл тұрғыда республика Үкіметі тарапынан қазақстандық кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерді қолдау жөнінде қосымша шаралар белгіленгені және тауарлар тасымалдау бағасын жеңілдету жөнінде мәселе қозғалғаны үлкен сенім туғызады. Сондықтан да ой-пікірімді түйіндей келе, өсекке сенбейік, желікке ермейік, ағайын, демекпін. Батыс Қазақстан облысы.Фермерлер қуана қабылдады
Қазақстан фермерлері Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан елдің агроөнеркәсіп кешенін қаржылық қолдауды ұлғайту туралы тапсырмасын ризашылық сезіммен қабыл алды. Бюджеттің шығыстарының оңтайландырылуына қарамастан, мемлекет аграршыларға көмектесуді жалғастыруда. Таяу уақыттардың өзінде-ақ Үкімет отандық экспорттаушыларды қолдауға, шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылымдар тартуға, агроөнеркәсіптік кешенге, ішкі рынокты қорғау шараларына және басқаларға шамамен 250 млрд. теңге бағыттайтын болады. Елдің бүкіл өңірлеріндегі аграршылар саланың ең ірі қоғамдық бірлестігі қызметінің қорытындыларын шығару, сондай-ақ, көкейкесті сауалдарға мемлекеттік органдардан, даму институттарынан жауап алып, тәуелсіз сарапшылардың пікірлерін білу үшін Астанаға жиналды. Іс-шарада Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлері үшін күрделі болған 2014 жылдың орақ науқанының қорытындылары шығарылып, Қазақстанның Фермерлер одағының өткен жылғы жетістіктері талқыланды, бірлестіктің 2015 жылға арналған жоспары мен саланың тенденциялары зерттелді. Сондай-ақ, фермерлер кооперация мәселесін, Бірегей астық холдингі жұмысын, сонымен қатар, таяуда салық заңнамасына енгізілген өзгерістердің фермерлер жұмысына қалай әсер ететінін талқылады, деп хабарлады Қазақстанның Фермерлер одағының баспасөз қызметі. Борис ІЗБАСАРОВ, Ұлттық банк жүйесінің ардагері.Тарта жесең, тай қалады
Мұрат ТАҒАЕВ, «Ордабасы құс» ЖШС директоры. Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін мұқият тыңдадық. Әлемдік дағдарыс кезінде адамдардың өзі әрі-сәрі болып қалды. Алаңдайтындай жағдай бар. Экономикалық дағдарысқа ірі мемлекеттердің арасында басталған геосаяси жағдай да қосылды. Әлемдік нарық белгісіздік жайлап отырған кезеңде Мемлекет басшысы көңіл орнықтырардай келелі ойлар айтты. Қазақта «тарта жесең тай қалады» деген қанатты сөз бар. Осы қисынға салсаң Елбасының осындай қиын жағдайда үнемшілдік туралы айтқандығы көңілге әбден қонады. Расында, біз тарих толқындарынан әлі сабақ алған жоқпыз. Алты алашқа сауын айтып той өткізу, болмашы нәрседен себеп тауып аста-төк шашылу халқымыздың қанында бар. Салыстырар болсақ, бір қазақтың тойына кеткен шығын көрші мемлекеттегі азаматтардың төрт-бес тойына жұмсаған қаржысына жетеді. Бұл мақтанарлық жайт емес. Ол аздай, елге белгілі тұлғалардың мерейтойларын жергілікті жерге, халықтың мойнына салу үрдісі көбеймесе азайған жоқ. «Мегажобалар, түрлі өткізіліп жатқан мерейтойларды қысқартып, балаларды дұрыстап оқытып, емдеу қажет», деген Мемлекет басшысының пікірі аймақтағы әкімдерге де қатысы бар екенін ұғу керек. Республикалық бюджет едәуір оңтайланады. Шынын айтсақ, кейбір облыстардың шағын ауылдарының өзінде оқу орны сыйып кететіндей балабақшалар салынып та кетті. Оқушылар, тіпті, жартысын да толтыра алмайтын мектеп ғимараттары бар. Осының бәрі ысырап, мемлекет қаржысына жаны ашымаушылық. Қазіргі міндет – бар жұмыс орнын қысқартпай, мүмкіндігі келгенше жаңасын ашу. Біздің кәсіпорын ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында өнім түрлерін 100-ге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұған дейін күркетауық етінен 30 түрлі өнім шығарып келеміз. Құс етін өндіру кешені биологиялық қауіпсіздік, технологиялар және ветеринария жағынан барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Жоғары технологиялы жабдықтар Бельгиядан, АҚШ-тан, Израильден, Испаниядан, Даниядан, Беларусьтен, Ресей мен Қытайдан сатып алынды. Барлық осы жабдықтар энергетикалық және еңбек ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұнда өндірістік цикл толық қамтылған. Инкубаторда құс өсіріледі. Толыққанды құрамажем өндіретін, құс соятын, етті тереңдете өңдейтін, сойыс қалдықтарын өңдейтін өндірістер жолға қойылған. Бастапқыда мұнда 500 адам жұмыс істейтін. Қазір өндірістің кеңейе түсуімен тағы 400-дей адам жұмысқа орналасты. Бүгінде «Ордабасы құс» ЖШС дайын өнімдерінің 20 пайызын Ресейге экспорттайды. ШЫМКЕНТ.Мемлекеттік қызмет – мемлекетке қызмет
Ғалымбек ДОСАНОВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүгінгі экономикалық дағдарыс пен бүкіләлемдік белгісіздік, саяси текетірестер жағдайында ел экономикасын одан әрі нығайту жолдарын жан-жақты әңгімеледі. Мемлекет басшысы билік пен жалпы жұртшылық алдында тұрған негізгі міндеттерді тағы бір мәрте айқындап берді және сол арқылы барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге сенімін арттыра түсті деп ойлаймын. Сондай-ақ, қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін, олардың қызметіне жоғары талаптар қойылып отырғандығын баса айтқандығына куә болдық. Президенттің пәрменімен мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты ауқымды реформалар жүргізілгені мәлім. Мемлекеттік басқару жүйесін қайта ұйымдастыру арқылы әкімшілік кедергілер мен қағазбастылық қысқарды, мемлекеттік құрылым қызметі оңтайландырылды, ведомстволар арасындағы жауапкершілік күшейді. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Елбасының тапсырмалары бойынша, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қоғамдағы көптеген өзекті мәселелердің шешімін тауып, нақты жұмыстарды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына сәйкес, Ұлттық қордан түрлі салаларға, мемлекеттік бағдарламаларға және индустриялық-инновациялық жобаларға бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуі қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ, біздің департамент қызметінің бір бағыты болып саналатын мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты жүргізу ісіне ерекше талап қойылған. Барлық тағайындаулар, лауазым бойынша ілгерілету, жалпы кадрлық мәселелер еліміздің заң талаптарына сәйкес іске асырылады. Осы орайда, барлық мемлекеттік қызметшілерді Елбасының саясатын қолдауға, алдымызда тұрған міндеттерді мүлтіксіз орындауға және қазақстандықтардың бізге артқан сенімін толығымен ақтауға, абыроймен қызмет атқаруға шақырамын. Мемлекеттік қызмет – мемлекетке қызмет, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған еңбек. ӨСКЕМЕН.Той тойлаудың да жөні бар
Хамза ЗЕЙНІШ, Ертіс аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы. Алдыңғы күнгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөздерін бүкіл ел телеарналар арқылы тыңдады деп ойлаймын. Сөздің мәнін ұғатын адамға бұл жиын ұл-қыздарына ақыл-кеңес беріп, дұрыс жол көрестіп жатқан үлкеннің айтқандарын көзге елестетті. Бұдан артық асырып не айтуға болады? Біздер ұзақ жылдар еңбек еттік, әлі де қатардан қалмай бірлесіп ардагерлер ұйымын құрып қызмет жасаудамыз. Қатаң талап пен тәртіп тәрбиесін көрген адамдармыз. Елбасы сөздерін тыңдап отырып, өткен ойға оралды. «Еңбек адамы үшін оның еңбекақысы – байлық. Сондықтан жұмыс орындары сақталсын», – деді Елбасы. Бәрі де айтылды. Еңбек етіңдер, жұмыс жасаңдар, өз елімізді қиындық келсе, бәріміз бірге алып шығайық деді. Өйткені, ауыл-қалада отырған қалың ел атқарушы билікке, Үкіметке, әкімдерге сенеді. Қаржыны игеру, жұмыс орындарын ашу биліктің мойнында тұр. Басты мәселе – бюджет қаржысын үнемдеуіміз қажет. Мұны Президент бюджет қаржысы есебінен мерейтой, шалқыған, шылқыған, асып-тасыған той жасаудан тыйылу керек деп айтты. Өте дұрыс. Қолдаймыз. Расында да, мерейтойлар өткізу деген қазіргі күні сәнге айналды. Екі күннің бірінде естіп жатамыз. Той тойлаумен атақ, бедел, абырой келмейтінін түсінуіміз қажет. Түрлі жиындардың соңы қымбатты банкеттермен жалғасатынын халық онсыз да біледі ғой. «Әлемнің қай жерінде біз сияқты мерейтой өткізеді? Ұлы даталарды атап өтіп, баспасөзде, телеарналарда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айту керек. Ал дүркіретіп той ұйымдастыру, айдалада мыңдаған қазақ үй тігу мерейтой иесіне не берерін айтыңдаршы маған?», – деді Елбасы. Бұл – мемлекеттің қаржысын талан-таражға салмаудың бірден-бір жолы. Той тойлаудың да жөні бар. Туған-туысың, бай демеушілерің бар болса, той жаса, тек мемлекеттің қалтасына қол салмаңдар, деп аста-төк, ішіп-жемге нүкте қойғанын бүкіл ел естіді. Біз бұл «шектеудің» барлық қаражаты еліміздің өркендеуіне ғана жұмсалсын дейміз. Павлодар облысы.Отандық өнім – отаншылдықтың белгісі
Марат АХМЕТОВ, Щучье қазандық-механикалық зауытының директоры. Біздің инженер-техник қызметкерлеріміздің бүгінгі жұмыс күні Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде алға қойылған міндеттерді талқылаумен басталды. Мемлекет басшысы уақыт талабындағы мәселелерді нақты түрде талдап көрсетіп, үйлесімді әрі шұғыл істерге кірісуімізді тапсырды. Әсіресе, қазіргі күрделі жағдайда, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау қажеттілігі алға қойылды. Оның нақты жолдары да атап көрсетілді. Қазақстандық үлесті молайтуда оң тәжірибелерді жаңғырту, өзара тиімді меморандумдар қабылдау көзделген бетбұрысқа жол ашпақ. «Қазақстанда жасалған» акциясының бастау алатыны жергілікті тауар өндірушілерді қолдаумен қатар жалпықазақстандық патриотизмге жаңа екпін бермек. Бұл өнім шығаруда толық қазақстандық үлесті қамтамасыз етіп отырған зауытымыздың серпіле жұмыс істеуін, технологиялық жағынан үнемі жетілдірілу үстіндегі қазандықтарымыздың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Республикамыздағы бу қазандықтарын дайындайтын бірегей кәсіпорын өз әріптестеріне қызметтің барлық түрін ұсына алады. Қазір зауыт цехтарында 200-ден астам адам жұмыс істесе, 120 маманымыз республикамыздың түкпір-түкпірінде қазандықтарды орнату, іске қосу міндеттерін атқаруда. Кепілді сервистік қызметтің шеңбері де кеңейіп келеді. Қазіргі күні Бурабай кентіндегі жаңа қазандық жүйесін пайдалануға беру жұмыстарын аяқтағалы отырмыз. Сондай-ақ, өз облысымыздағы 23 мектепке қазандық орнатуды дер кезінде бітірдік. Біздің «Қазақстан темір жолы» АҚ, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тұрақты әріптестеріміздің арқасында өндірістік жұмыстарымыздың ырғағы төмендеген емес. Мемлекет басшысының Үкімет отырысындағы сөздері ынтымақты байланысымыздың жандана түсетінін айғақтайды. Зауыт қазіргі дағдарысты кезеңнің өзінде еңбек адамдарын қолдау мен әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастыра беретін болады. Бізде кадрлар тапшылығы жоқ. Керісінше, былтырғы жылмен салыстырғанда жұмысшылардың саны 13,2 пайызға өсті. Шығарылған өнім көлемі өткен жылғы қыркүйек айындағы көрсеткіштен 66 пайызға артып отыр. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы былтырғы 85 мың теңгеден 105 мың теңгеге көтерілді. Қала құраушы кәсіпорын ретінде өз міндеттемелерімізді мінсіз атқарудамыз. Өндірістік жетістіктерімізді санамалап жату міндет емес болар. Әйткенмен, былтырдың өзінде республикалық «Алтын сапа» байқауына қатысып, 15-ші құрылыс көрмесінің дипломын алғанымызды, «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрмеден табысты оралғанымызды айта кетуді жөн көрдім. Халықаралық сапа сертификатымен жұмыс істейтін ұжымымыз алдағы кезде де отандық тауарларды көптеп шығарумен қатар, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер межесінен көріне беретіні анық. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.Ел экономикасында дағдарыстың себебі жоқ
Ілияс ИСАЕВ, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті экономика және бизнес кафедрасының доценті. Экономика ғылымында – жаһандық дағдарыс, құрылымдық дағдарыс, циклді дағдарыс және қаржылық дағдарыс деген тұжырым бар. Бұлардың ішіндегі қаржылық дағдарыс дегені біздің елімізде жоқ. Олай дейтінім, Қазақстанның сыртқы экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін активтері жетерлік. Жаһандық дағдарыс дейтін түрі қазірде әлемдегі барлық мемлекеттерге сырттай әсер ететін фактор. Дүниежүзіндегі мұнай бағасына, Еуропаның жариялап жатқан санкцияларына қатысты орын алатын дағдарыстар. Бұл да бізге тікелей әсер етпейді. Тек Еуропаның дағдарыстары сыртқы экспортымызға ғана әсер етуі мүмкін. Сыртқы дағдарыстың әсері валюталық жағдайға ықпал етіп, бізге сырттан келетін технологиялық жабдықтарға қатысы болады. Ал енді құрылымдық дағдарыс дегеніміз – ішкі экономиканың түрлі салаларының ілгері-кейінді дамуынан туындайды. Мұндай нәрсе орын алмауы үшін біздің мемлекетіміз оған қарсы бағдарламалар қабылдап үлгерді. Енді соны тиянақты жүзеге асырсақ, біз дағдарысқа ұрынбай аман өтеміз. Қиындықтың тағы бір түрі циклді дағдарыс дедік қой. Бұл да біздің ішкі экономикамызда жоқ. Ол – сыртқы фактор және әлемдік экономикада болып жатқан дүние. Қазіргі мұнай бағасы мен өзара бәсекелес монополиялық әрекеттерден туындап отырған жайт. Яғни, қолдан жасалып отырған дағдарыс. Толайым алғанда, біздің мемлекеттік ішкі экономикада дағдарыс жоқ. Бізде ілгері басу мен даму жолдарына шығу үдерісі басым. Бір нәрсе анық – Қазақстанның экономикасында жоғарыдағы жайлардың себебі жоқ. Мына мәселені ескеруіміз керек, дағдарыс болатын жерде оның себебі болады. Яғни, біздің экономикамызда дағдарыс болу тұрмақ, әзірге себебі де анықталған жоқ. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға алған бағдарламалары көптеген ықтимал тәуекелдердің алдын орайтын шешім. Біздің ішкі нарығымызда экономикалық дағдарыс жоқ деп қадап айтумен қатар, біз қазір сыртқы факторлардың отандық экономикаға әсер етпеу жолдарын қарастырып жатқандығымызды баса айтқым келеді. АЛМАТЫ.Жұмыс орны да, жалақы да қысқармайды
Ибрагим АҚДРАШЕВ, «НефтеСтройСервис» ЖШС құрылтайшысы. Өмір болған соң түрлі қиындықтар кездеспей тұрмайды. Әсіресе, әлемді қаржы дағдарысы дендеген, оның үстінде мұнай бағасының төмендеген сәтінде тек қуатты елдер бәсекеге қабілетті бола алады. Осы тұрғыдан айтқанда, экономикасы тұрақты, бірлігі мықты Қазақстан жұртшылығы қиындықты еңсереді деп ойлаймын. Олай дейтінім, бізде әлем елдерінің еңсесін түсірген бүгінгідей қиындықтың талайына қарсы тұра алатындай шаралар қолға алынып келеді. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты болжай алатын көрегенділігі мен экономиканы өркендету жолында реформаларды сәтті жүзеге асыра алатындығы, ең бастысы, халықтың әл-ауқатын түсірмеуге баса мән беретіндігі оң септігін тигізіп отыр. Елбасы алдыңғы күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында да жаһан жұртының мазасын кетірген қиындықтарды еңсеру жөнінде шараларды іске асыру қажеттігін айқындап берді. Әсіресе, ірі компаниялар басшыларының назарын жұмыс орындарын қысқартпауға аударуының маңызы айрықша деп білемін. Нұрсұлтан Әбішұлының «Жұмыс адамы үшін ең бастысы –өзінің жұмыс орнын сақтау. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Нәпақа табу үшін оны өзінің ерікті түрдегі келісімімен басқа жаққа жіберуге болады. Ондай жағдайда еш мәселе жоқ. Бірақ, мен барлық компаниялардың назарын аударғым келеді: егер өндірісті төмендетіп, адамдарды қысқартуға мәжбүр болсаңыздар, жұмыс орындарын сақтау қажет. Ол мүмкін басқа жұмыс істер. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды», деуінен барша қазақстандықтың әл-ауқатының төмендемеуін қалайтыны, халықтың әлеуметтік жағдайына алаңдайтыны анық байқалады. Осы орайда, құрылғалы бері көп салалы ірі кәсіпорынға айналып, еліміздің өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына лайықты үлесін қосып келе жатқан «НефтеСтройСервис» серіктестігінде де тұрақты жұмыс орындары ұдайы сақталатындығын сенімді түрде айта аламын. Өйткені, біздің кәсіпорнымыз тәуелсіздіктің елең-алаңында құрылған алғашқы қарлығаштардың бірі іспетті. Елбасының шағын және орта бизнесті қолдауының жемісін көріп келеді. Алғашында мердігерлік жұмыстармен айналысып, әлемге әйгілі «Теңіз» кенішін игеруге белсене атсалыстық. Сонымен бірге, бірнеше саланы қосымша дамыту мақсатымен түрлі мекемелер жұмысын жолға қойдық. Осылайша, «НефтеСтройСервис» серіктестігінің жанынан құрылған еншілес мекемелеріміздің жұмысына да қолдау білдіріп отырмыз. Қазір экономиканың әр саласының өркендеуіне үлесімізді қосу үшін өндірісте заманауи жаңа технологияларды көптеп қолдануды қолға алдық. Ал бұл жаңа жұмыс орындарын молынан ашуға негіз қалады. Қазіргі уақытта біздің кәсіпорын мұнайлы Атыраудың 5000 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын өңірдің әлеуметтік саласына қолдау жасаудан қалыс қалған емеспіз. Сонымен бірге, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 40 баланы кәсіпорынға жұмысқа қабылдап, түрлі мамандық иесі атану үшін арнаулы және жоғары оқу орындарында оқытып алдық. Олардың шаңырақ көтеруіне де ұдайы қолдауымызды көрсетіп, баспана сатып әпердік. Бұл – біздің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезінуіміздің бір көрінісі. Бізде әр қызметкердің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарламамыз бар. Ендеше, біздің кәсіпорында жұмыс жасайтын әр адамның тұрақты жұмысы, көңілге қонымды жалақысы сақталады. Яғни, жұмыс орындары да, жалақы көлемі де қысқармайды. Себебі, біздің «НефтеСтройСервис» – ұлттық экономиканы өркендетуге лайықты үлесін қосып келе жатқан, тәуелсіз Қазақстанымыздың игілігіне қызмет жасауды көздеген, келешегі кемел кәсіпорын. Атырау облысы.