13 Ақпан, 2015

Күнге бет алған керуен

345 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

11Келер күннің кемел келбеті

Астанадағы алқалы жиында Елбасының «Нұрлы Жолын» өз аузынан естіп, айтқандарын жан-жүрегімнен өткізген сол бір толқыған сәтімді тағы бір есі­ме алып отырмын. Ол кезде «Нұр Отандағы» партиялас әріп­тестеріммен бірге тарихи жаңа Жолдаудың куәсі боламыз деген ой-қаперімізде болған жоқ. Сөйтсе де әлемнің саяси-әлеу­меттік келбеті күн сайын өзгеріп жатқан бүгінгідей уақытта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жолдауын пар­тия­ның Саяси кеңесінде жариялауы барлық нұротандықтарды қатты толқытқаны рас. Көңілге үрей емес, сенім ұялата отырып тол­ғана сөйлегені де көз алдымызда. Нурлы жол-1 Партия Төрағасының: «Ал­дымызда келе жатқан жаһандық сынақтардан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өте алады», деп қиындықтардан шығар жолдың нұрлы шуағын көрсеткені де жиын­ға қатысушылардың жүре­гіне берік ұялады. Өмірдегі негізгі мамандығым ауыз әдебиетін зерттеуші болған­дықтан ба, сол толқымалы сәтте Абылай ханның замандасы,  әйгілі Шал ақынның бір аталы сөзі жадымда жаңғыра берді. Ол «Алыс­тан кедейліктің алдынан шық, төбесі көрінген соң қиын болар», деп келуші еді. Бұл осыдан әлденеше ғасыр бұрын айтылған аумалы-төкпелі заманның ғибраты. Кешегі шежі­релі  тарихымызда халқымыз талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Үзілмеген үмітті ұлттық рух пен сенімге жалғай отырып, бүгінге жетті. Сол ұлы бабаларымыздың ұла­ғатты жолымен келе жатқан Елбасының туған халқына кедей­шілік қамытын киюден сақтанатын бірегей жолдарды көрсетуі нағыз кемеңгерліктің белгісі десек, жараспас па! Дәл қазіргі кезде Қазақстанның халықаралық қауымдастықта дербес, қуатты және ілгерішіл мем­лекетке айналып, әлемдік маңыз­ды іс-шаралардың бастама­шысы болып жүргені және биік беделге ие болуы – Тұңғыш Прези­денті­міз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың көрегендігі мен шебер бас­шылығының нәтижесі екені даусыз. Елбасымыз жаңа Жолдауы арқылы еліміздің даму сатысында кездесетін қиындықтардың алдын алуда өз саясатының астарлы да, сарабдал екенін тағы да дәлелдеп берді. Сол себепті бұл құжатты қаламыздағы 627 бастауыш партия ұйымында тіркеуде тұратын 60 мыңнан аса әріптесіміз асқан қызығушылықпен қабылдап, лезде қолдау білдірді. Осылайша, бір жүректен шығып, миллиондаған жүрекке жеткен «Нұрлы Жол» ар­қылы елімізді одан әрі өркендетуге үлес қосуға дайын екендіктерін танытты. Шынында да, кемел болашаққа бастар жолдағы атқарылар шаруаларды қадағалау нұротандықтарға жүктелгені біз үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік екені хақ. Сөз ретіне қарай, 15 жылдығын атап өткен «Нұр Отанның» осы уақыт аралығында ең ықпалды саяси күшке айналғанын атап өткім келеді. Соңғы кездері партия жұмысының сапасын арттыру мен оның құрылымдарын оңтай­ландыру кезеңі де сәтті жүргізілді. Мәселен, партияның барлық құрылымдарындағы қызметкерлер аттестаттаудан өткізіліп, қалалық филиалдың штаты қысқартылды, кейбір бөлімдер ірілендірілді. Сондай-ақ, материалдық-тех­ни­калық базамыз толықтай жа­ңар­тылды, аудандық филиалдар жаңа автомобильдермен қам­тылды. Үш аудандық филиалымыз жаңа ғимаратқа көшірілсе, үш ауданда құрылыс жұмыстары аяқ­талуға жақын. Жаңадан ашыл­ған Наурызбай ауданында тағы бір филиалымыз құрылуда. Барлық деңгейдегі қоғамдық қабыл­дау бөлмелері заман талабына сәйкес электронды байланыс-интер­нет жүйелеріне қосылды. «Электронды партия» үздіксіз жұмыс істеуде, енді интернет арқылы кез келген адам үйінен шықпай-ақ бізбен хабарласуына мүмкіндігі бар. Бүгінде осындай заман талабына лайықты жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасалған алматылық нұротандықтар өз қыз­метінде ұйымшылдық пен іскер­ліктің биік үлгісін көрсетіп келеді. Жуырда болып өткен кезекті есеп-беру сайлау конференциясында қалалық филиал төрағасы, қала әкімі А.Есімов партияның «Қазақстан. 2017 – мақсаттары. Ұлт­тық іс-қимыл жоспары» Сай­­лауал­ды тұғырнамасында бел­гі­ленген іс-шаралар жос­парының 9 бағыты бойынша міндеттемелердің барлық салада толық орындалғанын атап өтуі – соның жарқын бір көрінісі. Бұл – бәріміздің ортақ жетісті­гіміз, онда әрбір партия мүшесінің өзіндік қолтаңбасы бар. Демек, партияның Саяси доктринасында көрсетілгендей, қоғам мен би­лік арасындағы байланыстарды барынша нығайту арқылы алма­тылықтар өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Қоғамдағы партия беделін көтеру мақсатында рухани мәселе­лерге қатысты азаматтардың бас­тамалары мен күш-жігерін бір арнаға сабақтастыруға да баса назар аударылуда. Бұл жауапты міндетті «Нұр Отан» партиясы АҚФ жанынан биыл ғана құрылып, өнер мен әдебиеттегі, ғылым мен білімдегі танымал тұлғаларды біріктіретін қалалық қоғамдық «Мирас» шығармашылық кеңесі өз құзырына алғанын айта кеткен орынды. Қалалық «Мирасқа» жетек­шілік жасауды ғылымдағы танымал тұлға, академик, Ұлт­тық ғылым академиясының прези­денті, қалалық филиалдың сая­си кеңесінің мүшесі Мұрат Жұрыновтың қолға алуы – Қоғам­дық кеңестің зиялы қауым ортасында беделінің тез өсуіне әсер етті. Қысқа мерзімде 3 отырысын өткізген Кеңес мүшелері сирек кітаптар мен қолжазбаларды реттеу, мұражайлар мен ондағы жәдігерлерді сақтаудың өзекті мәселелері жөнінде Мәдениет және спорт министрлігіне, Ор­та­лық аппаратқа бірқатар нақ­ты ұсыныстар түсірді. Өзім де бұ­р­ынғы музей қызметінде бас­шы­лық жасаған тәжірибемнен біле­мін, біздің музейлер әлі күнге дейін 1984 жылғы нұсқаулық-инс­трукциямен жұмыс жасап келе жатқаны көңіл қынжылтады. Сон­дықтан, бұл бағыттағы рухани жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Бұл «Нұрлы Жол» бағдарламасынан туындайтын жаңа міндеттер мен тапсырмаларға сәйкес келеді. Жолдауда айтылғандай, Сай­лауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі – мектеп проблемаларын шешу бірінші кезекте жүзеге асырылуы қажет екендігі жұрт арасында ерекше ықыласпен қабылданды. Сонау өткен ғасырдың басында Мағжан Жұмабаевтың айтқаны бар: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі». Мұның Жолдаудағы негізгі оймен қалай үйлесіп тұрғанын өздеріңіз де байқадыңыздар. Соңғы жылдары Алматы қа­ла­сында салынған білім ошақ­тары­ның дені қазақ мектептері. 1989 жылы 1 ғана қалалық қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 62-ге жетті. Оған қоса 68 аралас мектеп бар. Олар да біртіндеп қазақ мек­тебіне айналуда. Бұл – қазақ тілін­де білім алғысы келетіндердің көбей­генін және білім сапасының арт­қанын көрсетеді. Қазіргі уа­қыт­­та өзге ұлт өкілдерінің ара­сын­да да мем­лекеттік тілді үй­рену­ші­лер, бала­ларын қазақ тіліндегі бала­бақ­шаға, мектептерге беруге ниет біл­дірушілер жыл сайын артып келеді. Тіл – адамдарды жа­­­қын­­дас­­тыратын рухани алтын кө­­пір. Ен­деше, бұл бағыттағы оңды қадам­­дар Елбасының «Бірлігіміз бен этнос­аралық келісімді біздің өзі­­міз сақтауға тиіспіз», дейтін қағи­дасына сәйкес келеді. Жолдауда «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі. «Нұрлы Жол», міне, жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» деген жалынды жолдар бар. Мемлекет жастарға құр сенім артып қана қоймай, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, мамандықтарды игеруіне бар мүмкіндіктерді жасап келеді. Бұл ретте, Алматыда еліміздегі жастардың басым бөлігі шоғыр­лан­ғанын естен шығармаған жөн. Алып шаһарымыздың барлық тыныс-тіршілігіне белсенділікпен қатысатын жастар өнер мен мә­дениетте, білім мен ғылымда, спортта үлкен жетістіктерге же­тіп, ел мерейін көтеруде. Мы­са­лы, спорттың әр түрінен халық­ара­лық талаптарға сай әлем­дік жа­­рыстардың жоғары дең­гейде ұйым­дастырылуы қала­мыздың алдағы 2017 жылғы Универсиаданы ой­да­ғыдай өткізетінінің кепілі. Бұл айтулы жетістіктер ару Алматының 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы қа­былдау мүмкіндігін де жақындата түспек. Жастар ісі партия тарапынан да қолдау табуда. Биылғы жылы пар­тияның «Жастар кадрлық резерві» бағдарламасы аясында Ал­маты қаласынан 132 үміткер жо­баға қатысып, оның 60-сы рес­пуб­ликалық кезеңге өтті. 5 жас маманымыз Астана қаласындағы инновациялық жоғары оқу бағдар­ла­масымен білім алу жолдамасын же­ңіп алды. 3 үміткеріміз Респуб­ли­к­а­лық кадрлар резервіне  алынды. Жоғары оқу орындарын бітіру­шілерді жұмысқа орналастыру бағытындағы «Сәтті қадам» жобасы бойынша партияның Алматы қалалық филиалында 150 жас маман іріктеуден өткізілді. Жоба аясында сыннан сүрінбей өткен 50 үміткер қаладағы мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компанияларда кәсіптік тәжірибеден өтуге жіберілді. Бұл жақсы дәстүр партия мен Кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған меморандум негізінде болашақта да жалғасады деп ойлаймыз. Бұдан басқа, алматылық жас­отан­дықтар «Ардагерлерді ар­дақ­тайық» бағдарламалары бойынша 860 соғыс ардагерінің үйлеріне барып, тұрмыстарын зерттеді, арнайы тіркеуге алды. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, азық-түлік көмегін көрсетуді ұйымдастырды. Қалалық әкімдікпен, «Жас Отан­мен» бірлесіп, «Таза мекен» акциясын жүргізіп, Медеу шат­қалы, Есентай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің жаға­лау­ларын тазартуға студент жастар­ды жұмылдырдық. Қала көшелеріне 75 мың дана жасыл желек отыр­ғызуды ұйымдастырдық. Жастар болашағымыздың тірегі екенін осындай жарқын істері арқылы көрсетіп келеді. Елбасы өз Жолдауында 2015 жыл – ұлттық тарихымыздың ұлықталатын жылы екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Қазақ хандығының – 550, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конс­ти­туциямыздың – 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты айтулы ме­рекелер келе жатыр. Оның ар­ғы­­­ жағында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы мен ЭКСПO-2017 халықаралық көрме­сі сияқ­­ты  айқын белестер күтіп тұр. Бұл шежірелі белестердің барлығы қазақстандық патрио­тиз­м­ді жас ұрпақ жадына сіңіруде ай­рықша рөлге ие екені даусыз. Осынау тарихи жетістіктерге біз еліміздің татулығы мен бір­лігінің нәтижесінде көтеріліп келеміз. Осы ел бірлігі мен тұрақ­тылықты одан әрі сақтау – «Нұр Отанның» ең басты міндеті болып қала бермек. «Жол мұраты – жету» екенін бабаларымыз әлдеқашан түйіп тастаған. Жарқын келешекті бетке алып, нұрлы жолға шыққан Қазақ елінің көш керуені көлікті болсын! Кенжехан МАТЫЖАНОВ, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Алматы.
Соңғы жаңалықтар