13 Ақпан, 2015

Қиындықта қайралған

451 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ақжайық ауданындағы Ақсуат ауылының жұрты «Мұқадес» шаруа қожалығының атына әманда жылы лебіз арнап отырады. Еңбекқор азаматтарды елі неге мерей тұтпасын деңіз. Қожалық жетекшісі Ақылбек Сағитов кәсібінің аз-ақ жылында жұрттың ілтипатына бөленген жан. Істің ыңғайын білетіндігі танылып-ақ тұр. Малдың бағым-күтімін былай қойғанда, селекциялық шаралар мен ветеринарлық істерді бір кісідей саралап, алдындағы түліктің бірін – екі, екісін төрт етуге әбден машықтанып алған. IMG_7737Қазір қожалықта 134 бас жыл­қы, 1 134 уақ жандық, 419 бас сиыр бағылуда. «Мұқадесте» ірі қараны бордақылап, етке өткізуде біраз тәжірибе жинақ­талған. «Агробизнес-2020» бағдарламасына сай ауданда 29 жоба іске асар болса, соның бірі осы Ақылбек қолға алған ауқымды іс – 1 500 бас мал бордақылау алаңы қазір жабдықталу үстінде. – Айтуға оңай болғанмен, осы бордақылау алаңына байланысты тірлік бастан асады. Темір қоршаулар, жем-шөп астау­лары, малды автомашинаға тиеп-түсіретін құрылғы сияқты, яғни, адам еңбегін жеңілдететін жабдықтар қажеттігі бірінші кезектегі нәрсе. Ірі қара болған соң бәрін мықтау керек, бәрін сызбаға сай үлгімен жасау керек, – дейді Ақылбек Темірболатұлы. Бұл малды мекеннің тұрған жері де түбі «Мұқадес» деп аталатын болар. Ақылбектің ойы да осы. Әке-шешеден жастай қалған екі ұл, екі қыз бала ата-әжесі Мұқадес пен Ақжанның тәрбиесінде болады. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқадес ақсақалдың немерелеріне қалдырған өсиетінің бірі – адал еңбек ету. Соғыс көрген жанның тәрбиесі өзінен-өзі адамшылдық жолда болатыны анық. Атам мені қасынан тастамайтын. Соғыстың салған лаңы, сол кездегі еңбек адамдарының бір-біріне деген қамқорлығын, естеліктерді менің зердеме құйып жүретін. Сөйтіп, жаман-жақсыны ертерек бағамдауыма атамның үлгісі мол болды. Сол кезде сирек болса да мал ұрлығы кездесетін. Мұны естігенде атам қатты күй­зеліп, опынатын еді, дейді қожалық жетекшісі. Осы әңгіменің өзінен-ақ, үлкен бір тәрбие алдымызды орады, ойландырды. Шіркін, барлық ата-әжеден, әке-шешеден жас өскіндерге сондай өнеге болса, біздің өміріміз әлдеқайда көрікті болар еді-ау. Ақылбек мал өсірумен қатар, сәулетті құрылысқа да ден қойып келеді. Қазір ол көршілес Ақжол ауылдық округінің орталығы – Ілбішін ауылына кіреберістен жер алып, кафе, тойхана, дүкен, наубайхана салуды қолға алды. Бұл да еңбекқорлықтың, келешек қамын ойланудың арқасы. Мұнда біршама жұмыстар қарқын алып отыр. Айналасы қоршалып, көріктендіру жөнінде де қыруар іс тұр. Бұл нысандар осы төңіректегі тұрғындарға пайдалы қызмет ететін болады. Жастарға тұрақты жұмыс табылады. Демек, осындай игілікті істердің ретін келтіріп жүрген азаматқа ел риза. «Мұқадестің» қонысына жа­қындағанда көргеніміз, мұнда да жоғарыда аталған алаңнан басқа, жаңа құрылыстың ізі байқалады. Малшының күрделі жөндеу жүріп жатқан үйі, монша, үлкен гараж, қора-қопсы, жартылай жерден өрілген тауық қора, ауылдан аулақта салынып жатқан қой тоғытқыш, бәрі-бәрі құлшыныстың айғағы. Ақылбектің мамандығы құрылысшы болған соң, осылай болуы керек те шығар. Десе де, қой-ешкі малын дәріге тоғытқыш жабдықтау жайы кез келген шаруаның ойында болса да, қолына ала қоюы қиын нәрсе. Себебі, шығынсынады. Расы керек, оған да біршама материалдық жабдық қажет. – Қой малын қырқып алған соң креолинге тоғытып алған жақсы. Түрлі жұқпалы аурулардан сақтайды. Тазарып қалады. Малдың ерте күй жинауына сеп, – дейді малжанды азамат. Асылдандыру жөнінде бір­шама жұмыс тындырды. Көршілес Жаңақала ауданынан асыл тұқым­ды қошқар алып, күйін түсірмей бөлектеп бағуды, қойға белгілі бір мерзімде қосуды жолға қойды. Соның нәтижесінде, төлдері бір­дейленіп келеді. Сондай-ақ, көршілес Ресейдің Орынбор облысынан 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, табынына қосып отыр. Өткен жылғы төлдер ширап қалған. Мұның өзі оның мал өнімдерін молайту, сапасын көтеру үшін жасап жатқан айтулы қам-қарекеті. – Ірі қара малын Атырау, Ақтау жаққа өзімнің жеке «КамАЗ» автомашинаммен апарамын. Ұтылып жүрген жоқпын. Жол шығынымды ақтайды. Пайда да түсіремін, – дейді азамат. Қожалықта 1 «КамАЗ», 3 «МТЗ-82» тракторы, жаңа шөп­тайлағыш, ескі болса да жарамды «ДТ-75» трак­торы бар. Басқа да «темір-терсегі» жетерлік. Мұның өзі науқан­дық кезеңдерде істе іркіліс болдырмаудың кепілі. Сонымен қатар, оның сол «темір тұлпарларды» тізгіндеген жігіттері ауылға көмектен ешқашан тартынған емес. Айталық, елді мекендерге апаратын жолды қардан аршу керек пе немесе жазда жолдың кедір-бұдырын тегістеу керек пе, жетіп барады. Былтыр облыстың Теректі ауданындағы «Үміт» гимназиясын бітірген үлкен ұлы Райым­бек әкесінің тағатсыз ісінен көп нәрсе үйреніп келеді. Бүгінде ол Астанадағы Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия Ұлттық универ­ситетінде оқиды. Демалысқа келген сайын қырдың сан қырлы шаруасының басынан табылады. Өмір жолы келешекте мүмкін дала төсінен алысқа әкетер, бірақ ата-ана еңбек мектебінің әліппесін білу еш артықтық етпейтіні аян. Ақылбек Сағитовтың бойынан қиындыққа қарсы қаймықпауды, тіпті, қайрала түскен өршілдікті таныдық. Ауыл-елдің бағын асырып, жұлдызын жарқырататын осындай еңбекқор жандар ғой. Тілес ЖАЗЫҚБАЙ, журналист. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы. Суреттерде: Ақылбек Сағитов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқитын ұлы Райымбекпен бірге; дала төсінің дәулеті.