Көкшетау қаласындағы Әдебиет және өнер музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды. Көрме жұмысын музей директоры Нұрбек Нұралин ашып, тағылымдық іс-шараның басты мақсатына тоқталып, оның мәні мен маңызы жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, танымал суретші Дулат Қоспанов, Суретшілер одағының мүшелері Юрий Попов, Магомед Кокурхоевтың картиналары көрермен назарын баурап алды. Әсіресе, Дулат Қоспановтың «Оқжетпес», «Қарасай батыр мен Ағынтай батыр», «Қыз қуу» атты картиналары қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін тамаша туындылар ретінде бағаланды. Тарихи образдарға толы туындыларда қазақтың қайсарлығы, қарапайымдылығы, өжеттілігі, өрлігі, кеңдігі айшықты бейнеленген.
Ал, қолданбалы өнер саласындағы белгілі мүсінші Юрий Поповтың «Под голубым небом», «Старцы», «Дервиш. Благая весть» атты шығармаларын ерекше атап өтуге болады. Автордың құм мен саздың күйдірілген қосындысынан жасаған мүсіндері де бірінен бірі ажарлы, мазмұнды екендігін айту керек. Сондай-ақ, өнерсүйер қауым Магомед Кокурхоевтың «Тұлпар қанаты», «Үш апалы-сіңлілі» картиналары да шынайы образдарға толы тамаша туындылар.
Майлы бояулы суреттер бір бірімен үйлесім тапқандай. Қылқалам шеберлерінің картиналарын оқушылар қызыға тамашалады.
Көрме барысында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Дужан Мағзұмовтың да «Таң сәрі», «Үндестік», «Түркі» шағармалары жұртшылық талғамынан шықты. Мәселен, «Таң сәрі» полотнасында қызыл және көк бояуларды қолданған шебер композициялық тұтастықты ұтымды көрсете білген.
Тағы бір айта кетерлігі, көрме барысында қонақтарды аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитова жәдігерлер залымен таныстырды. Мұнда қару-жарақтар мен ер-тұрман, әшекей бұйымдар, қолжазбалар, қазба жұмыстары барысында табылған құты мен 500 жылдық тарихы бар саптаяқ қойылыпты. Әсіресе, сал-серілер бұрышында Ақан сері ардақтаған Ақтоқтының Жалмұқаннан туған баласы Сұлтанның домбырасы, сондай-ақ, Ақтоқтының «Зингер» тігін машинасына оқушылар қызығушылық танытты. Сондай-ақ, киіз үй бұрышындағы әсем тұрмыстық бұйымдар көз жауын алады. Мұнда да Суретшілер одағының мүшесі Ибрагим Исеновтің картиналары қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған суретшілердің көрмесі бір ай бойы жұртшылықтың назарына ұсынылатын болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.