Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Еуропа өңірі бюросының директоры Ж.Якабпен кездесті.
Мемлекеттік хатшы Ж.Якаб ханымды Қазақстан аумағында, географиялық жағынан ДДҰ бас штабынан ең шалғай жерде орналасқан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі офисінің ашылуымен құттықтады. Бұл офистің Алматыда ашылуының елеулі символикалық мәні бар. Өйткені, ДДҰ-ның медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі декларациясы алғаш рет 1978 жылы Алматыда қабылданған еді, деді ол.
ДДҰ-ның Алматыдағы офисі ұйымға мүше 53 мемлекеттің жұмысын үйлестіруді жүзеге асыратын Еуропа мен Орталық Азия аумағындағы алғашқы ірі офиске айналып отыр. Офистің Қазақстан аумағында ашылуы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша біздің еліміздің жасап жатқан жұмыстарының ДДҰ тарапынан жоғары баға алғандығының көрінісі. Бұл туралы Ж.Якаб ханым журналистерге кездесуден соң баяндап берді. Ол Қазақстандағы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын да жоғары бағалайтынын жеткізе келіп, Елбасының өз азаматтарының денсаулығын сақтауға зор көңіл бөлетініне ризашылығын білдірді.
Мемлекеттік хатшыдағы кездесуде тараптар Қазақстан мен ДДҰ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары бойынша әріптестік қатынастарды тереңдете түсу қажеттігіне тоқталды. Соның ішінде жұқпалы және жұқпалы емес дерттермен, полиомелит, өкпе құртына қарсы күрес мәселелері сөз болды.
Г.Әбдіқалықова Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған азаматтардың денсаулығын сақтау саласын дамыту жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда консультативтік және техникалық белсенді көмектері үшін ДДҰ-ның Еуропа бюросына алғысын жеткізді.
Кездесуге Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары С.Қайырбекова, ДДҰ-ның Қазақстан Республикасындағы өкілі М.Вуйнович және Республикалық медициналық палатаның президенті М.Құлжанов қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».