Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньяны қабылдады.
Мемлекеттік хатшы елшіні Қазақстанда қызметке кірісуімен құттықтай келіп, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жылдан-жылға артып келе жатқанына қанағат білдірді. Бұл іске Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы Италияға жасаған ресми сапары тың серпін бергенін айта келіп, Г.Әбдіқалықова сол сапарда Стратегиялық серіктестік туралы мемлекетаралық келісімге қол қойылғанын атап өтті.
Одан әрі Мемлекеттік хатшы Италияның Қазақстан үшін әлемдегі үшінші орында тұрған сауда әріптесі екендігін және еліміздің экономикасына аса ірі көлемде инвестиция құюшы екенін де еске алды. Қазақстанның Еуроодақ елдерімен арадағы тауар айналымының 13 пайызы Италияның үлесіне тиеді. Ал Италияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі 6,5 млрд. АҚШ долларын құрайды, деді ол.
Одан әрі Г.Әбдіқалықова Италияның Аквил қаласында болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстан Италия халқымен достықтың белгісі ретінде осы қаладағы «Амитернумдегі қасиетті Биаджо» шіркеуін қайтадан қалпына келтіруге 1,7 млн. еуро көлемінде қаржылық көмек бергенін айтты.
Кездесу барысында екіжақты әріптестіктің бүгінгі жай-күйі мен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың болашағы, оның ішінде италиялық компаниялардың индустрияландырудың екінші бесжылдығына, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Президент Жолдауында белгіленген Жаңа Экономикалық Саясаттың аясындағы инфрақұрылымдық даму жоспарының жобаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан өзінің жеке ұлттық павильонын ұсыну арқылы Италияның Милан қаласында өтетін «ЭКСПО-2015» халықаралық көрмесіне белсене қатысуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова италиялық әріптестердің Астанада болатын «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысына белсене қатысатынына үміт білдірді.
Сонымен қатар, кездесуде Қазақстан мен Италия арасындағы өзге де іскерлік және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайтудың мәселелері талқыланды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».