Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2015 жылға арналған республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге дейін қысқартуға тапсырма берген-ді. Осыған орай кеше Парламент Сенаты мен Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитеттерінің басшылары арнайы брифинг өткізіп, қазіргі қалыптасып отырған жағдайға түсінік берді.
Орталық коммуникациялар қызметінде дағдарысқа қарсы шара кеңінен сөз болды. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова Үкіметтің кеңейтілген отырысы әлемдегі қалыптасқан қауіптерге жауап беруге арналғанын жеткізді. Елбасы талай рет бұл қазақстандық экономиканың дағдарысы емес екенін айтқандығына назар аударта кеткен төрайым шынында да оның Қазақстанға тиесілі еместігін алға тартты. Мұның барлығы да әлемдегі саясат пен экономикадағы кейбір мәселелердегі тұрақсыздықтарға барып тіреледі. Оның алдын алу үшін Президент тапсырмасымен «Нұрлы Жол» бағдарламасы әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 500 миллиард теңге бөлінуде. Сондай-ақ, Елбасы әлемдегі қалыптасып отырған тұрақсыздықтарды ескеріп, тағы қосымша 250 миллиард теңге бөлуге пәрмен берді. Соның 180 миллиарды биылғы жылы пайдаланылатын болады, деді Г.Қарақұсова.
Депутат республикалық бюджеттің шығысы 700 миллиард теңгеге қысқартылмайды, оңтайландырылады дегенді баса айтты. 1993-1997 жылдары орын алған дағдарысты еске салған төрайым сол кездерде бюджеттік бағдарламалармен бірге әлеуметтік төлемдер де қысқарғандығын қаперге салды.Төрайымның айтуынша, барлық министрліктердің әкімшіліктік шығындары мен квазимемлекеттік сектордың шығындары да қысқаратын болады.
Жалпы алғанда, барлық министрліктер мен ведомстволар және жергілікті атқарушы органдар бюджетінің оңтайландырылуынан шығындар 4 миллиард теңгеге кемитінін тілге тиек еткен комитет төрайымы осы орайда ешқандай да әлеуметтік төлемдердің қысқармайтындығына ерекше тоқталды. Денсаулық сақтау және білім беру салаларында реформа жалғасын таба бермек. Г.Қарақұсованың сөзінен белгілі болғаны, Үкімет 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылауды Парламентке келесі аптада енгізетін болады.
Бұдан кейін сөз алған Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов бюджетті нақтылау қазіргі уақыттағы өте өзекті тақырып екендігін ортаға салды. Оның пайымынша, Қазақстан экономикасы әлемдік экономиканың бір бөлігі, тиісінше әлемдік экономикадағы өзгерістер отандық экономикаға да белгілі бір әсерін тигізбей қоймайды. Бюджетті түзету сыртқы факторлардың ықпалдарын бейтарап етуге, отандық экономиканың одан әрі қарқынды дамуына себепші болуға, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайларын қорғауға тиіс, деді Р.Ахметов. Соңғы жылдары Қазақстанда көптеген мектеп, аурухана, сондай-ақ, өзге де әлеуметтік нысандар салынып, іске қосылған жаңа кәсіпорындарда көптеген жұмыс орындары құрылған. Бұл ретте депутат қалыптасқан қиындықтарға қарамай, ұлттық экономиканың әлеуеті мен жинақталған қаржы көзі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, «Нұрлы Жол», «Еңбекпен қамту-2020» жол картасы мен әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға жетерін нығарлап айтты. Депутат, сондай-ақ, Елбасының «Қаржының шамасына қарай өмір сүру керек», деген сөзі кеңейтілген отырыстағы негізгі қағидат болғандығына да екпін берді. Сондықтан да оңтайландыру істің нәтижесіне кері әсерін тигізбеуі тиіс.
Бұл, әрине, мемлекеттік секторға ғана емес, сонымен қатар, әрбір экономикалық белсенді қазақстандыққа қатысты болуы шарт. Қазіргі жағдайды қаперге алған Мемлекет басшысы Үкіметке республикалық бюджеттің шығысын 700 миллиард теңгеге немесе барлық шығынның 10 пайызына оңтайландыруды міндет етіп қойды. Олай болса, мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері өз шығындарын шақтайтын болады, деп ерекше атап кетті комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» АҚ ағымдағы шығындарын 337 миллиард теңгеге немесе 7 пайызға, соның ішінде әкімшілік шығындарын 64 миллиард теңгеге қысқартады. Ал «Самұрық-Қазына» тобының басты шығындары 240 миллиард теңгеге немесе 18 пайызға кемитіні де атап көрсетілді.
«Бәйтерек» холдингі әкімшілік шығындары мен салымдарын оңтайландыру үшін 3,8 миллиард теңгені немесе бюджетінің 11,8 пайызын, ал «ҚазАгро» холдингі 196 миллион теңгені немесе бюджетінің 12 пайызын қысқартпақ. Сонымен қатар, Астана мен Алматы қалалары мен облыс әкімдері бюджет шығындарын оңтайландыру бағытында шығындарын азайтуы тиіс, деген Р.Ахметов жалпылай алғанда, Елбасы бұрын басталған жобаларды бітіруді, сонымен де Қазақстан экономикасын дамытуды тапсырғандығын ерекше атады. Осыған орай Үкіметке жедел іс-шаралар үшін 250 миллиард теңге көлемінде резерв құру, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жаңа дағдарысқа қарсы шаралармен толықтыру, отандық машина жасаушылар мен экспорттаушыларды қолдау және өзге де шараларды жүзеге асыру үшін нақты тапсырмалар берілгені алға тартылды.
Брифинг соңында депутаттар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қызықтырған бірқатар сұрақтарға жан-жақты жауаптар берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».