13 Ақпан, 2015

Денис Тен көш бастады

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Денис Тен 12.02.2015 сурет 01АСТАНА. 13 ақпан. Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде мәнерлеп сырғанаудан «Төрт құрлық турнирі» өтуде. Алғашқы жарыс күні қазақстандық спортшы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша көш бастады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Америкалық маман Фрэнк Кэрроллдан тәлім алатын Денис Сеулдегі жарыстың алғашқы кезеңінде барлық жаттығуын өте жоғары деңгейде орындады. Қысқа бағдарлама сайысында төрт айналмалы тулуп, үш айналмалы аксель және үш айналмалы лутц пен үш айналмалы тулуп жаттығуларын орындаған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы төрешілерден 97,61 ұпай алып, жалпы есепте жеке дара көш бастады. Бұл ұпай қысқа бағдарлама бойынша биылғы маусымдағы ең жоғары көрсеткіш. Денис Тен аталған бағдарламадағы өнеріне белгілі италиялық композитор Лучо Далланың «Карузоны еске алу» атты шығармасын таңдағанын айта кетейік. Қысқа бағдарлама бойынша екінші орынды Жапония спортшысы Шома Уно алды. Оның өнерін төрешілер 88,90 ұпаймен бағалады. Бұл ұпай Уноның жеке рекорды. Үздік үштікті 87,34 ұпаймен қытайлық Хань Янь түйіндеді. Қытай спортшысы да биылғы маусымдағы ең жоғары нәтижесіне қол жеткізіп отыр. Кореядағы додада сынға түсіп жатқан тағы бір отандасымыз Абзал Рахымғалиев алғашқы жаттығуда 57,54 ұпайға ие болды. Осы нәтижемен ол 19-орынға табан тіреп, еркін бағдарламада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Жарыстың шешуші кезеңі саналатын бұл бағдарлама 14 ақпан күні өтеді. «Төрт құрлық турнирі» мәнерлеп сырғанаудан өтетін ірі халықаралық сайыс. 1999 жылдан бері өткізіліп келе жатқан додаға Америка, Азия, Африка және Мұхит аймағы елдерінің спортшылары қатыса алады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: isu.org.