01 Шілде, 2010

МЕТАЛЛУРГИЯ — ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ САЛАСЫ

1627 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Астанада “Astana Mіne­rals&Metallurgy-2010” бірінші қазақстандық халықаралық ми­нералдық ресурстар және метал­лургия конгресі өз жұмысын бас­тады. Бұл жиын екі күнге жос­пар­ла­нып отыр. Соның “Әлемдік ме­таллургия саласы өсімі мен транс­формациялануы” деген тақырыпта өткен бірінші күнгі басқосуына еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, форум қонақ­тарына арнап құттықтау сөз сөйледі. Форум жұмысын жүргізген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа техно­ло­гиялар министрі Әсет Исекешев фо­рум жұмысына қатысуға әлем­нің 9 мемлекетінен, соның ішінде Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Украина және Өзбекстаннан 400-ден астам делегат келгендігін атап көрсетті. Осынау металлургия саласындағы ұлы дүбірлі басқосуды ұйым­дас­ты­ру ісіне Астана қаласының әкім­дігі, Индустрия және жаңа техно­ло­гиялар министрлігі, Табиғатты қолданушылардың қазақстандық тұрақты даму ассоциациясы өз үлесін қосқан. Бұл форум Қазақстан қара ме­таллургиясының алыбы Темір­тау­дағы “Қазақстан магниткасы” ата­нып кеткен Қарағанды металлур­гия зауытының өз қызметін бас­тап, елімізде алғашқы шойын бал­қымасының алынуына 50 жыл толу торқалы тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл оқиға 1960 жыл­дың 3 шілдесі күні болған бола­тын. Нақ осы жылы еліміздің бо­ла­шақ Тұңғыш Президенті, бүгінде атын әлем таныған мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назарбаев металлург ретіндегі алғашқы қыз­метін бастаған болатын. Осыдан 50 жыл бұрынғы Қазақстан экономи­ка­сында, соның ішінде металлур­гия саласында тарихи із қалдырған айтулы оқиға жас металлург Нұр­сұлтан Назарбаевтың көз алдында өткен еді. Басқосуда форум қонақтарына арнап құттықтау сөз сөйлеген Мем­лекет басшысы үстіміздегі жылы алғашқы қазақстандық болат өнімінің алынғанына 65 жыл толатын болса, алғашқы шойын­ның алынғандығына дәл осы уа­қыт­тары 50 жыл толғандығын тағы бір еске салды. Бүгінгі конгресс жұ­мысы жаһандық күрделі эконо­ми­калық дағдарыстың сейілу сә­тін­де өтіп отыр. Әлемдік метал­лур­гия саласының, қаржы секторымен қатар, дағдарыс салдарын барынша сезінгені белгілі. Дағдарыс кезінде осы саладағы аса ірі компания­ларға дағдарыспен күрес жөнінде барынша қатаң шараларды қабыл­дауларына, қолға алынған инвес­ти­циялық жобаларды тоқтата тұру­ларына, адамдар санын қысқар­туы­на тура келді. Осы сала бойын­ша өнім көлемі көп қысқарды. Қазақстан бұған жол берген жоқ. Елімізде жұмыс істейтін ком­паниялар серпінді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісін одан әрі жалғастыра берді. Алдын ала жасалынған меморандумдарға сәйкес жұмыс орындарының қыс­қаруына жол берілмеді. Осы қиын сәттің өзінде саланың дағдарыстан кейінгі даму мәселелері барынша ескерілді. Павлодардағы элек­тро­лиз зауытының екінші кезегі, “Алтын тау” алтын өндіретін фаб­рикасы іске қосылды. Өскеменде мыс өндірісін дамытуға ықпал ете­тін жаңа жобаны жүзеге асыру жұ­мы­сына дайындық жасалуда. Мұн­да, сонымен қатар металлургиялық орталық өз жұмысын бастайтын болады. Павлодар мен Ақтауда құбыр шығаратын жаңа зауыттар пайда болды. Ақтөбеде темірді қал­пына келтіру жөніндегі зауыт тұрғызылуда. Басқа да осы тектес жұмыстар жүзеге асырылып, елі­міздің тау-кен металлургия сала­сының дамуына жақсы негіз қаланып отыр. Осы ретте Елбасы табиғат бай­лықтарының, минералдық ресурс­тар­дың шет-шегі білініп отырған қазіргі шақта металды қайта өң­деу саласының барынша маңызға ие бола бастағандығын атап көр­се­те кетті. Қазіргі уақытта Қазақ­станның алдында тұрған бірінші кезектегі міндет шикізаттық эко­но­микадан өнімді өңдеу ісімен ай­налысатын өнеркәсіптік өндіріске қарай көшу болып табылады. Мұнан әрі өнімді жоғары деңгейде қайта бөлу үдерісін жүзеге асыруға қарай ауысу қажет. Еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды жүзеге асыру металлургия өнімде­ріне деген ішкі сұранысты арт­тыруға мүмкіндік береді. Осыған орай елімізде әзірленген индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасында тау-кен металлургия кешенінің алдына өнімді өндіру көлемін 2008 жылғы деңгейден 2 есеге арттыру міндеті жүктелген. Бағдарлама аясында болат өндіру көлемін жылына 10 млн. тоннаға дейін, феррохромды 440 мың тоннаға дейін, алюминийді 250 мың тоннаға дейін жеткізуді қам­тамасыз ететін ірі жобаларды жүзеге асыру көзделінеді. Соны­мен қатар, өнімді өңдеу ісін ба­рын­ша жоғары деңгейге дейін жет­кізу, соның ішінде сирек металдар саласындағы бірқатар орта кә­сіпорындарды іске қосу жос­пар­ланып отыр. – Алдымызға қойылған мін­дет­терге қол жеткізу үшін бізде бар­лық қажетті ресурстар бар. Тек оларды сапалы да тиімді пайдалану ісі үнемі назарда болуы керек, – деп атап көрсетті Елбасы. Мемлекет басшысы қо­нақ­тар­ды халықаралық деңгейдегі маңыз­ды форумның өз жұмысын бас­тауы­мен құттықтай келе, мұндай жиынды дәстүрлі сипатқа енгізу қажеттігін де айтты. Конгрестің ашылу рәсімінде сөз алған Ресей Федерациясы Қар­жы-өнеркәсіптік топтары ассоциа­ция­сының президенті Олег Сос­ко­вец Қазақстанның тау-кен метал­лургия саласы қазіргі күні буыр­қан­ды даму қарсаңында тұрғанды­ғын атап көрсете келе бүгінгі өткі­зіліп жатқан шара аясында Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғашқы қазақстандық “Алтын Гефест” сыйлығының “Жыл адамы” номинациясы тапсырылатынды­ғын салтанатты жағдайда хабар­ла­ды. Форум қонақтары осы оқиғаға байланысты орындарынан тік тұрып, Елбасына үлкен құрмет көрсетіп, ду қол шапалақтады. Мұнан кейін форум жұмысы одан әрі жалғасты. Басқосуда “Әлем­дік металлургия құрамын­дағы дамушы рыноктардың рөлі” тақырыбында сөз алған Еуропа­лық Одақтың Қазақстан Респуб­ликасындағы өкілдігінің басшысы, Еуропалық Комиссияның өкілетті елшісі Норбер Жюстен әлемдік металлургия саласының даму ағым­дары туралы сөз қозғай келе, осы сала бойынша Қазақстанның рөлі жылдан жылға арта түскен­дігіне тоқталды. Еліміздің “Қаз­атом­өнеркәсіп” ұлттық компания­сы қазіргі күні әлемдегі табиғи уран өндірісі бойынша бірінші орынға шығып отыр екен. Ха­лықаралық рыноктағы жағдайдың тұрақталып, сұраныстың қамтама­сыз етілуіне еліміздің “Қазақмыс”, ENRC секілді компаниялары да өзіндік үлес қосуда. Еуропалық Одақ­тың Қазақстандағы өкіл­дігінің басшысы осы мәселелерге ке­ңінен тоқтала келе қазіргі күні Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық бай­ла­ныстардың арта түскендігін, оған қатысушы мемлекеттерді қажетті минералдық ресурстармен, одан алынатын өнімдермен қамтуда Қазақстанның үлкен әріптес екендігін атап көрсетті. Қыркүйек айында Астанада көмірсутектерін өндіру жөнінде үлкен семинар өтетіндігін, бұл сала бойынша халықаралық мәндегі маңызды оқиға болып табылатындығын еске сала кетті. PrіcewaterhouseCoopers-тің Орталық Азия және Кавказ бой­ын­ша басқарушы әріптесі Альпер Акдениз тау-кен металлургия сала­сының 2010-2011 жылдар бойын­ша жаһандық трендтеріне талдау жасай келе, қазақстандық кен ме­таллургия саласының даму қар­қыны қуандыратындығын айтты. Осы басқосу аясында тау-кен металлургия саласындағы әлемге танымал компаниялардың өкілдері сөз алып, өз елдеріндегі рыноктың даму барысы туралы әңгіме қоз­ға­ды. Олардың айтысына қарағанда қазіргі күні сала бойынша рынок сұраныстан гөрі ұсынысқа көбірек бейімделе түскендей. Осыған орай өнім сапасына деген талаптың арта түсетіндігі айқын. Түстен кейін халықаралық конгресс отырысы “Металлургия секторының инновациялық да­муы” сессиясы бойынша жалғас­ты. Осы сессияда сөз сөйлеген Ин­дустрия және жаңа техноло­гия­лар министрінің орынбасары Альберт Рау қазіргі уақытта эконо­миканың одан әрі дамуында тау-кен металлургия саласы үлкен рөл ойнайтындығын айтты. Ұзақ уа­қыт­тардан бері бұл сала мемлекет­тер мен аумақтардың экономи­калық жағдайын анықтаушы фак­торлардың бірі болып келеді. Эко­номиканың жалпы трансформа­ция­лануы жаһанданумен, қор на­рығының дамуымен технология­лық алға басу және бизнестің ұйымдастырылуымен қатар дүние­жүзілік металлургияның даму деңгейіне де байланысты болып отыр. Осыған орай 2010 жылдар­дан бастап әлем бойынша алғанда даму үстіндегі нарықтардың рөлі­нің күшейе түскендігі, 2020 жыл­дары, қазіргі болжам бойынша, металдарды шығарудың және металлургияның даму үрдісі осы дамушы нарықтарға қарай өте­тіндігі белгілі болып отыр. Мұның өзі Қазақстандағы тау-кен ме­таллургия саласының әлем бойын­ша ықпалының арта беретіндігін білдіреді. Аталған форум аясында тау-кен металлургия саласының көр­месі жұмыс істеп, оған әлемнің бірқатар елдерінің компаниялары қатысып, өз өнімдері мен қызмет­терін жарнамалады. Конгрестің бірінші жұмыс күні “Алтын Гефест” салалық сыйлығының басқа лауреаттарын анықтап, оларды құттықтаумен аяқталды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. ---------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.