ҚАЗАҚСТАН – КЕҢ БАЙТАҚ, ОРТАҚ ОТАН
Қарқарада өткен жастар форумы ел мерейін айшықтады
Ән мен жырдың бесігі, Қызыр дарып, құт қонған Аспантаулар етегінде шалқыған шеру өтті күні кеше. Оның атауы ел жүрегінде атойлаған “Қазақстан – кең байтақ, ортақ Отан” деп аталып, бұған дейін өңірдегі аудандар мен қалалардағы “Бірлігіміз жарасқан!” ақциясы жалғасып, жастардың қоғамдық, саяси белсенділігін арттыруға қозғау салғанын, олардың туған жерге деген мөлдір сезімі мен Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға жолбасшы болғаны өту барысында айқын аңғарылды. Осы орайда, данышпан Абайдың “Тегінде, адам баласы, адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады” дегені бүгінгі толқынға арналғандай. Жетісу жерінде өткен жастар форумдары мен фестивальдерінде осы ұлы мұрат, биік талап барынша айқындала түсті. Райымбек ауданындағы аталған мерей Кеген ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы Қарқара жайлауында өтуінің өзіндік астары бар. Өйткені, халқының азаттығы үшін құрбан болған Ереуілтөбедегі боздақтарға арналған ескерткішке тағзым еткендер сол кездегі саясатқа қарсы шыққан көтерілісшілердің қаһармандығын тағы бір еске түсіріп, ерлігі алдында перзенттік парызының өтеуіндей болды. Тәуелсіздікті аңсаған батырлардың аруағына құран бағышталған соң көпшілік мерейлі сәттің ендігі бөлігін аспан түстес Туымызды биік тұғырға орнатумен өрді. Өйткені, көгілдір Ту бүгінгі егемендіктің, қазақ жастарының ар-намысының биіктігін, аға ұрпақтың дәстүріне адалдығын жаңа бір қырынан танытқандай, самал желмен тербеліп, биіктей берді... Жігерлі, қайраты мол, жүрегі елім деп соққан жастар форумына өңірдегі аудандардағы ішкі саясат бөлімдері мен жастар ұйымдары, аға буын өкілдері қатысып, белсенділіктерін жаңа бір қырынан жарқыратты. Фестиваль Ереуілтөбедегі көтеріліс құрбандарына қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен, аудан орталығындағы №2, №3 Кеген және басқа орта мектеп оқушылары ұлттық рәміздерімізді, жүрекке нұр құйған өрелі сөздермен өрнектелген жастар шеруімен жалғасты. Туған Қазақстанымыз, Мемлекет басшысы жайлы өсиетті сөздер, айшықты ұрандар көтеріліп, туымыз желбіреп, Әнұран шырқалды. Бір айта кетерлігі, аудан аумағындағы 23 селолық округтегі жастар ұйымы мен тағы басқа елді мекен жұртшылығының көңіл-күйлері көтеріңкі, ертеңгі күндеріне деген сенімдерімен танылды. Жастар десе, жастар. Бәрі де жарасым тапқан. Түгін тартса, майы шыққан, жасыл шалғынды жайлау төрінде “Қазақстан” сөзі айшықты жазылса, екі қанатқа Райымбектей абыз баба мен тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңселі портреттері қойылып, жастардың алдында осындай асқақ тұлғалар тұрғанда олардың мақсаттары биік, армандарының асқаралы болатыны өмір заңдылығындай болды. – Бүгін Қарақарада үлкен мереке. Арманы асқақ жастардың облыстық фестивалі жалғасын тауып отыр. Жастар саясаты – еліміздің маңызды бағыты. Өткен тарихымызды түгендемей, болашағымыз түгенделмейді. Бүгін жүздеген шақырымнан келген қонақтарға, жастарға өмір өрінде сәттілік тілеймін. Қазір ауданда 22544 жас бар. Олар “Жасыл ел” бағдарламасына белсене қатысып, туған жерін көркейтуге өзіндік үлесін қосып отыр. Жастардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына да барлық жағдай жасалған. Қасиетті Хантәңірі Райымбектей батырды, Мұқағалидай ақынды, Бердібек пен Баққожадай қаламгерлерді, Сағаттай қайраткерді берген өр өлке, деді жастар алдында сөйлеген Райымбек ауданының әкімі Аян Айтжанов. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай жиналғандарға ой салатын тың пікір, ұтымды ойын ортаға салды. – Қай кезде болмасын, бардың бағасын білу – ардың ісі. Қашанда ынтымақ пен бірлік қасиетті ұғым. Осы орайда, көршілес қырғыз еліндегі бүгінгі жайсыз жағдайды ой елегінен өткізсек, біріккенде ешқашан ұтылмаймыз. Елбасы айтқандай Қазақстанның болашағы мұнай мен қазба байлығында емес, білімді жастарда екендігіне күн санап көз жеткізілуде. Бүгінгі “Бірлігіміз – жарасқан” акциясы кезінде бір адамға бір жылы сөз айтсақ, көмек көрсетіп жатсақ, соның өзі үлкен сауап. Жақсы іс қана жарқырап, соңына өшпейтін із қалдырады. Осы бағытта көп жұмыс қолға алынып жатыр. Облыс әкімі Серік Үмбетовтің бастауымен өңірде ауқымды жұмыстар қолға алынған. Оған қуанамыз. Бізді адастырмайтын аға ұрпақтың өнегелі жолы. Елбасымыздың Жолдауына арқау болған Сәбит атамыз, Еңбек Ері Жолсейіт атамыз арамызда отыр. Бұл жастар үшін, біз үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе десем артық айтпағаным. Әрдайым еңбектің қадірін біліп, ортақ Отанымызға өзіндік қолдау көрсеткенімізді сезінсек, соған ұмтылсақ, одан өткен қуаныш жоқ. Бүгінгі фестиваль жұмысына сәттілік тілеймін, деді. Жастар алдында сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Оразаев, Қарасаз ауылындағы Албан-Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп оқушысы Қадырақын Сабыржан құттықтау лебіздерімен жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Жастардың басқосуы дүркіреп өтіп, жайлау төрі қызық думанға ұласты. Форумда аудандағы өнерлі жастар лайықты марапатталды. Саламатты өмір салтын ұстанған ауыл жұртшылығы қыз қуу, көкпар тарту, аударыспақ тәрізді ұлттық атспорты ойындарын тамашалады. Жеңіспен жігерленгендерге жиналғандар “Бәрекелді!” десіп, құрмет көрсетіп, дем беріп жатты. Сондай-ақ, жастар көрермендерге Қарқарадағы Жамбыл мен Сараның айтысынан үзінді орындап, сахналандырылған көрініс те көрерменнен бағасын алды. Аспантаулар аясындағы абыз баба атындағы ауданның бір жағы қырғызбен, енді бір жағы қытаймен шектесіп, бүгінгі бірліктің ұстанымына беріктігін таныта түскендей. Бүгінде сексен бес мыңнан астам халық мекендейтін аудан жұртшылығының ынтымағы мен бірлігі, салт-дәстүрге беріктігімен тәнті етіп, жастардың өрелі істерімен өрнектелді. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы._______________
БҰРЫН БОЛМАҒАН ҚЫЗЫҚТЫ ЖОБА
немесе “Титандар тартысы”
Азиаданы күтуге барын салып жатқан Алматының бүгінгі тіршілігі толассыз. Қаланың күре жолдарының бәрі күрделі жөндеуден өтуде. Ғимараттар жаңа кейіпке еніп, шаһар заманға сай қайта абаттандырылуда. Аламан дайындықпен алысқан тынымсыз күндерде оңтүстік астанада саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралар легі де көбейіп келеді. Соңғы сенбі қалалықтар үшін естен кетпестей думанды болды. “Бірлігіміз жарасқан!” республикалық ақпараттық науқанының аясында өткен шаралар шаһардың барлық тұсын қамтыды. Таң алдында тұсауын кескен бұқаралық спорттық жарыстарды қала әкімі Ахметжан Есімов ашып берді. “Армандар кубогы” деп аталатын спорттық шараларға саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылған, велосипед тебе алатын, маутинбайк, стритбол, жағажай волейболы мен жүгіруді ұнататын әрбір қала тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Бір күнде адам спортшы болып кетпесе де, осы ұмтылыс, осынау бастамалар алматылықтарға тамаша көңіл-күй сыйлап, спортпен шұғылдану ниетіне бір табан болса да жақындатып кеткенін байқадық. Ал Әл-Фараби мен Достық даңғылынан бастау алған веложарысқа 500-ден астам адам қатысты. Қаланың келесі жағындағы Науаи даңғылында жатқан мәре сызығына ұдайы велосипед теуіп шыныққандар шаршамай-ақ жетіп алды. Бұл кезде Орталық демалыс және мәдениет саябағында стритболдан жарыс жүріп жатқан болатын. Сол секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жігерлі өткен сайыстар жұрттың көңілін көтеріп кетті. Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы Отбасылық саябақта бұқаралық-сауықтыру гимнастикалары өтті. Қызықты өткен бұл акцияға да көпшілік ілесіп, сенбінің бір күнін көңілді өткізді. Баршаны бірлікке шақырып, салауатты шаралардың айналасында тоғыстырған бастамалар легі мұнымен де толастаған жоқ. Кешкісін Медеуде “Армандар кубогына” қатысқан барлық спортшылар мен қала тұрғындарының ішінен үзіліп шыққан үздіктер марапатталды да, “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы тамаша музыкалық жобаға ұласты. “Медеу” мұз айдынында өткен “Титандар тартысы” концерті еліміздің ең танымал әзілкеш артистері мен Ресейдің әйгілі өнер жұлдызы Тиматиді тарту етті. Қысқасы, “Тамашаның” тарландары “Наша казаша” жігіттерімен өнер көрігінде қайнап, “Титандар тартысы” атты бұрын-соңды болмаған ойын-сауық жобасының сәнін келтірді. Тамаша өткен концертте қала тұрғындары өздерінің сүйікті эстрада жұлдыздары – Нағима Есқалиева, Мәдина Сәдуақасова, Жәмила Серкебаева, Сейфуллин Жолбарыс, Ақжол Мейірбеков, Толқын Забирова, Бақыт Шадаева, Парвиз Назаров, Қайрат Түнтеков және “Үркер”, “Дауыс интернешнл”, “Жадо” топтарын, “L”, “Арнау” дуэттерін тыңдап, демалыстарын әсерлі өткізді. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ. ________АҚЖАЙЫҚТА БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ
Орал қаласында шілде айының 3-6 күндері Президент жүлдесі үшін республикалық ІV халықтық спорт ойындары өтеді. “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы аясындағы ойындарда қатысушылар 14 спорт түрі бойынша бақ сынасады. Жарысқа Астана мен Алматы қаласы командалары және еліміздің 14 облысының спортшылары қатысады. Бір айта кетер жай, волейболдан ерлер мен әйелдер арасындағы кездесулер маусым айының 21-27 күндері өткен болатын. Оған 14 ер, 10 қыздар командасы қатысты. Нәтижесінде ерлер арасында Батыс Қазақстан облысының командасы бірінші орынды иеленсе, екінші орын Шығыс Қазақстан облысы, үшінші орын Алматы облысының командасына бұйырды. Ал қыздар арасында Шығыс Қазақстан облысының командасы бәрінен үстем болды. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысы, үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген команда еншіледі. Алты аталым бойынша үздік танылғандар мен жеңімпаз командалар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Темір ҚҰСАЙЫН. ОРАЛ.________________________
АУЫЛ АЖАРЛАНА ТҮСТІ Қандай да бастаманың баяндылығы қаншалықты қолдауға ие болуына байланысты. “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалы “Жас Отан” жастар қанатының “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” атты бағалы бастамасы ел бойынша қолдауға ие болып, жастар арасындағы марафон – эстафетаға ұласуы да осыған нақты мысал. Бұл марафон-эстафетаға ұйымшылдығы басымдау қалалық жерлерді былай қойғанда, алыс ауылдардағы жастар да бірауыздан үн қатты. Осындай өз ауылының ажарлы болуына бір кісідей қатысқан Хазрет орта мектебінің 35 оқушысы “Хазрет” және “Қолғанат” атты отрядтарға топтасып жұмыс істеді.. Балалар жұмысқа кірісер алдында мектептің медбикесі А.Дәулетова олардың денсаулығын тексеріп, жалпы жұмысқа деген әл-ауқатын байқап, еңбек етуге рұқсат берді. “Хазрет” және “Қолғанат” отрядтарының жетекшілері Г.Әділова мен С.Дүйсенбин балалардың жағдайын қарастырып, жұмысты жеңіл де тез атқарудың жолдарын ұйымдастырды. Атқарылған шаруалардың нәтижесін қорытындылау осы орта мектептің тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары А.С.Жұбатқанға жүктелген екен. Оның айтуынша, үш аптада марафон-эстафетаға қатысушы Хазрет орта мектебінің жоғары сынып оқушылары қыруар шаруа тындырыпты. Бұрын-соңды мұндай игілікті көрмеген ауыл басшылары мен үлкендері жастардың ұйымшылдығы мен еңбекқорлығына дән риза болыпты. Жаз бойы селтеңдеп бос жүрмей, Хазрет ауылындағы 180 үйден тұратын алты көшенің бойын күл-қоқыстан, ауыл ортасынан өтетін Шынтас өзенінің жағалауы мен табанын тазартқан, 3 тонна тұрмыстық қалдықты ауыл сыртына шығарған жастардың еңбегі қалай мақтауға да лайық. Олар бұдан басқа 150 ағаш көшеттерін отырғызып, ағаштардың қураған бұтақтарын кесумен де айналысыпты. Ауылдағы имандылық үйі мешіттің айналасын тазартып, қоршауларын қалпына келтіріп, әп-әсем етіп сырлап беріпті. – Балалардың туған табиғатты аялауға деген қызығушылығы артты. Орман алқабын сынған ағаштадан және ауыл көшелерін күл-қоқыстан тазалап жүрген арнаулы үлгідегі киім киген оқушылар алыстан-ақ байқалып, жұртшылықтың ризашылығына бөленді. Жас марафоншыларға “Хазрет” ЖШС директоры Сырбай Тәңірбергенов құрал-жабдықтан, көліктен көмек берді. Сөйтіп, ауылымыз адам танымастай ажарланып, әсемденіп қалды, – дейді ауылдық округтің әкімі Мәтен Сақтапберген. Көп ұлттың өкілдері тұратын бір ауылдағы оң өзгеріс бұл. Бірлігі жарасқан ауылдың ертеңі бұдан да жарқын, бұдан да жарасымды болатынына сенім мол. Ал, облыс бойынша 70 мыңға жуық жастар қатысып жатқан “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” марафон-эстафетасының арқасында қаншама ауыл, қаншама елді мекен көркейіп, көріктеніп қалатынын есептей беріңіз, ағайын. Бұл бір жағы жастарды еңбекқорлыққа баулу, екіншіден, туған ауылыңды, өскен өңіріңді сүюге тәрбиелеу болса керек. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.___________________________________
ЖАСТАР КЕРУЕНІ АУЫЛҒА АТТАНДЫ
Жуырда Қарағанды облысы жастары бастамашылдығының орталығы және “Қазақстан азаматтары” қоғамдық бірлестігі Абай, Қарқаралы аудандарында “Жастар – жастарға” ақпараттық-мәдени керуенін өткізді. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу, ауыл жастарының өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсету, оларды қазыналы өңірімізде, елімізде болып жатқан өзгерістермен таныстыру мақсатында өткен шара 600-ге жуық адамды қамтыды. Абай ауданының Южный кентінен бастау алған керуен үш күнге созылып, ұлы ақын атындағы ауданның Құлайғыр ауылына, Қарабас кентіне жалғасты. Абайдан соң, керуен қасиетті Қарқаралы жеріне жол тартты. Онда Матақ, Т.Әубәкіров ауылдарына барып, керуен мүшелері жастармен жүздесті. Жоспарланған Көктас ауылында “Жол картасы” бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, көш “Жас дәурен” сауықтыру лагеріне бағытталды. Керуен құрамына жастар ұйымдарының көшбасшылары, студенттер, көңілділер мен тапқырлар клубының, жас шығармашылық ұжымдардың өкілдері қамтылды. Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан керуен биыл “Бірлігіміз жарасқан!” ұранымен өтті. Оның бағдарламасы аясында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің аға оқытушысы Бақыт Өмірзақова. Ел бірлігі доктринасы турасында дөңгелек үстел өткізді. Биылғы жылдан бастап еліміздің әр аймақтарында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасалған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бес жылдық жоспарын іске асыру басталғаны баршаға мәлім. Тау-кен өндірісі, көмір өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, мәшине жасау мен метал өңдеу, химия және дәрі-дәрмек өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған жалпы саны – 100 жоба да керуен назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ, керуен бағдарламасында ауылдық жерде кәсіпкерлікпен айналысып, өзіндік істі жүргіземін деуші жастар үшін арнайы “Ауылдық жерлерде жастар кәсіпкерлігін дамыту” атты семинар-тренинг ұйымдастырылды. Облыс әкімінің жыл сайынғы ауылдық жас кәсіпкерлер үшін берілетін гранттары турасында, оған қажетті құжаттар төңірегінде, кәсіпкерліктің ауылдық жерде жүргізуге болатын түрлері жөнінде сөз болған семинарды “Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қорының” Қарағанды бөлімшесінің маманы Сайран Сыздықова мен “Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының” заңгері Дидарбек Ілімбаев жүргізді. Сайран Бегалиқызының айтуынша, ауылда көбіне жастар шаштараз, наубайхана, мәшине жөндеу сервистерін ашып, жұмыстарын жүргізетін көрінеді. “Біздің мақсат – оларға кәсіпкерлікті ашып беру емес, қолдау көрсету, алға жетелеу”, – деді өз сөзінде маман. Сонымен қатар, балалар құқығын қорғау департаментінің өкілі Мейрамгүл Есенжолова “Балалар мен жастардың еңбегін пайдалану” туралы, Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің капитаны Ертарғын Мұқанов “Девиантты мінез-құлықты балалар арасындағы құқық бұзушылықты реттеу” жөнінде, “Қарағанды облысы жастарының одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Әлімжанов “Ауыл жастары” жалпыұлттық бастамасы шеңберінде “Дипломмен – ауылға” қоғамдық әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыру” жайында семинар-тренингтер өткізді. Семинар барысында ауылдық жастарды алаңдататын өзекті мәселелер талқыланып, олардың оңтайлы шешілу жолдары да сөз болды. Шара барысында жастарға қатысты сұрақтар қамтылған олардың қал-жағдайын анықтайтын әлеуметтік сауалнама да алынды. Жастар бастамашылдығы орталығының маманы Толқын Егишева жүргізген сауалдаманы келер айда қорытындылау жоспарлануда. Секциялық жұмыс үстінде жастарға ақпараттық-танымдық материалдар (үндеу қағаздар, буклеттер, кітапшалар) таратылды. Дөңгелек үстелдер мен семинар-тренингтерді қорытындылаған соң, керуен мүшелері, көңілділер мен тапқырлар клубының ойыншылары Арнат Өтепбергенов, Аян Шаймұханов, Павел Костюченко жиналған жұртқа күлкі сыйласа, Асхат Игембеков әсем әнді әуелетіп, халықты бір марқайтты. Қарқаралы ұлттық саябағында орналасқан “Жас дәурен” балалардың сауықтыру лагерінде керуен қатысушылары “Өзін-өзі тану” семинар-тренингін өткізді. Керуенді ұйымдастырушы, шарапатты шараның ұйытқысы, жастар бастамашылдығы орталығының директоры Гүлнәр Далабаева жүргізген семинар-тренингке Қарағанды қаласындағы “Таңшолпан” балалар үйінің 25-тен артық тәрбиеленушілері қатысты. Семинар барысында балаларға сауалнамалар, кітапшалар таратылып, бейнефильм көрсетілді. Одан кейін көңілділер мен тапқырлар клубының ойыншылары балаларға КТК ойындарын үйрету бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Соңында футболдан жолдастық ойын және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бүлдіршіндердің жүздеріне нұр ұялатып, айрықша қуаныш құшағына бөлеген КТК ойыншыларына балалар дән риза болды. Аталмыш керуенді өткізу ауыл жастарының әлеуметтік жауапкершілігі мен елжандылық сезімдерін қалыптастырып, азаматтық бастамашылдықты жандандыруға, кәсіпкерлік қызметті дамытуға, ауыл мен қала жастары арасында серіктестікті дамытуға септігін тигізгендігі хақ. Игі шара келер жылы да өз жалғасын табады деген сенімдеміз. Ербол САРМУРЗИН. ҚАРАҒАНДЫ._________________________________________
ЕСІРТКІСІЗ ӨМІРДЕН ЕШКІМ ҰТЫЛМАЙДЫ
“Нұр Отан” ХДП Жамбыл облыстық филиалы облыстық ішкі істер департаменті, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті және облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қолдауымен Жамбыл ауданының Аса ауылында “Есірткісіз өмір!” атты акция өткізді. Акцияны аудан әкімі Махамбет Дүйсембаев ашып, жастар арасында нашақорлық мәселесінің туындап отырғанына алаңдаушылық білдіре келіп, аудан тұрғындары мен жастарды есірткіге қарсы бірігіп күресуге шақырды. Аудан орталығының орталық алаңына жиналған мың жарымға жуық жастар әкім сөзін қолдайтындықтарын білдіріп, нашақорлық сияқты адамзат баласын азғындатуға апарып соқтыратын жат қылықтың алдын алу мақсатында дайындалған жарнамаларды тұрғындар арасына кеңінен таратуға көмектесті. Олардың арасында студенттермен бірге оқушылар да болды. Аудан тұрғындарының азаматтық жауапкершілігін белсендірек қалыптастыру үшін жастардың “Өліммен саудаласқан жерді хабарла!”, “Есірткісіз өмір!”, “Есірткі – өлім!” деген тұрғыдағы ұрандарын акцияға қатысуға келгендер бір үнмен қайталады. Облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлері қылмыскерлерден тәркілеген есірткілер жұрт алдында отқа оранды. Акция өткен алаңның төріне шыққан дәрігерлер, ардагерлер, жастар қозғалысының басшылары орын алып отырған өзекті мәселелер мен соған қарсы өткізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды. – Нашақорлық індетін жеңу үшін нақты бақылау, қоғамдық қолдау, есірткі бизнесінің алдын алу мен оған тиімді қарсылық шаралары қажет. Азаматтардың денсаулығы, олардың белсенділігі мен жастық күш-жігері еліміздің басты байлығы болып саналады. Бүгін осындағы әрбір адам өз таңдауын жасап, нашақорлыққа қарсылық білдіреді деген ойдамыз, – дейді олар. Жамбыл облысындағы нашақорлықпен, есірткі бизнесімен күрес мәселелері, әсіресе, өңірдің жағрафиялық, транзиттік жағдайына және Шу өңіріндегі есірткі дайындауға қолайлы шикізат қорының мол болуына байланысты туындап отырғаны белгілі. Жамбыл облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Василий Дубскийдің айтуынша, облыста соңғы он жылда есірткіге қатысты 12 мыңнан астам қылмыс анықталып, есірткі бизнесі төңірегінде топтасқан оншақты ұйымдасқан қылмыстық топ таратылған. Заңсыз айналымнан 90 тонна марихуана, 25 келі қара сора, 150 келі гашиш, 100 келіден астам каннабис смоласы тәркіленген. Ал қылмыстық жауапкершілікке 10 мыңнан астам адам тартылыпты. Акция барысында жергілікті өнерпаздардың орындауында “Ана көз жасы” атты драмалық қойылымы көрсетілді. Спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Аудан тұрғындарына облыстық ІІД кинологиялық қызметі үйретілген иттерінің иісшілдігі мен ЖГТУ-дан арнайы келген “Бауырсақтар” деп аталатын көңілді тапқырлар клубының өткір ойлы қойылымдары да ұнады. Етектен тартқан есірткі мәселесіне орай қоғамдық пікірді білу мақсатында сұрақтар қойылды. Акция барысында өткен байқау жеңімпаздары сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.