01 Шілде, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАРЛЫҚ АУМАҒЫ – ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

521 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
28 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткізген телекөпір барысында үлкен бір шара қазыналы түбекте өткен болатын. Сол шараға газеттің меншікті тілшісі де қатысқан болатын. Маңғыстау облысынан – Жоламан БОШАЛАҚ: Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің мемлекеттік бағ­дар­ламасына орай теңіздегі көлік­тер саны да өсе түсетіні белгілі. Таяудағы 4-5 жыл шамасында тек қана байлығы шалқар Қашаған жобасына сай 200-ге тарта ауыр тон­нажды кемелер тасымал жұмыс­тарына қосылмақшы. Ал оларға түрлі техникалық қызмет көрсе­те­тін зауыттар әзірге өз елімізде жоқ болатын. Жөндеу жұмыстарын көрші Ресей, Әзірбайжан елдерінде жүргізу әрі күрделі, әрі қымбат. Сондықтан да Елбасы тапсырмасы мен қамқорлығы нәтижесінде теңіз жағалауын жайлаған Түпқараған ауданына қарасты Баутин кентінде жаңа кеме жөндеу зауыты салы­нып, пайдалануға берілді. Сөйтіп, егемен еліміздің тарихында кеме жөндеп, оларға сервистік қызмет көр­сететін алғашқы зауыт Елбасы­ның сәт-сапар тілеуімен іске қосылды. Зауыттың құрал-жабдықтары америкалық “Marіne Travelіft” ком­па­ниясында жасалған. Зауыт Кас­пий төсінде тасымалмен ай­на­лысатын кемелер мен баржаларды жөндейтін болды. Ол толық қуа­ты­на қосылғанда жылына 60 кемеге, ал бір мезгілдің өзінде 8 кемеге техникалық қызмет көрсете алады. Жоба екі жыл ішінде жүзеге асты. Зауытта жүзден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылуда. Жақын жылдарда ел “қара ал­ты­нының” 40 пайызын теңіз арқы­лы тасымалдау осындай іргелі істің нәтижесінде болмақшы. Бұлар жай­лы облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев Елбасына баяндады. Одан әрі “Кеме жасау зауыты” серіктестігі­нің бас директоры Пол Стейхс, “Қазақтеңізкөліктасымалы” ЖШС бас директоры Марат Орманов Нұрсұлтан Әбішұлына зауыттың мән-маңызы, кереметтей келешегі, ондағы заманауи құрал-жабдықтар жайлы айтып берді. Телекөпір соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазыналы түбекте қолға алынып, жүзеге асқан игілікті іске сәттілік тілеп, жи­налғандарды қуанышты сәттерімен құттықтады.

__________________________________

ТАҒЫ БІР ТАУАРЛЫ - СҮТ ФЕРМАСЫ Қостанай облысында кезекті инвестициялық жоба іске асырылды Қостанай облысында инвестициялық жо­балар қатарынан кезекті өндіріс іске қосылды. Қостанай облысының Садчиков ауылында 400 бас асыл тұқымды сауын ірі қара малға арналған жоғары технологиялы ірі тауарлы — сүт фермасы ашылды. Жобаны “Садчиковское” ЖШС іске асырып отыр. Жалпы құны – 806 млн. теңгеден асады, оның 685 млн. – 2001-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялық-иннова­циялық бағдарлама шеңберінде “ҚазАгро­Қаржы” АҚ  желісі бойынша  және респуб­ликаның Ұлттық қорынан “ҚазАгро” Ұлттық хол­динг компаниясына бөлінген қаражаты есебінен қаржыландырылған. Бұл Қостанай облысында отандық лизингілік компаниямен қаржыландырылып отырған бірінші инвестициялық жоба емес. Өткен аптада облыстың Федоровское ауданында “Тұрар” ЖШС ірі тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Оған “ҚазАгроҚаржы” өзінің бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 435 млн. теңгеден артық қаржы инвестициялады. Дәл сол күні, бірақ Қостанай ауданының Ждановка селосында “Жас қанат” Бройлер фабрикасы” ЖШС ірі құс фабрикасының желісі іске қосылған. Бұл жобаны іске асыру барысында “ҚазАгроҚаржы” құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдық сатып алуға 410,3 млн. теңге қаржы бөлді. Садчиковка селосындағы қазіргі заман сүт кешенінің жобалық қуаты жылына 3 200 тонна сүт өнімі. Қостанай облысы бойынша және таяу жатқан аймақтарда сүтті әр түрлі ашыған сүт өнім­деріне қайта өңдеу жоспарлануда. “Сад­чиковское” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінде сауын ірі қара мал тұратын өзінің қол­даныстағы тауарлы-сүт фермасы бар. Фермада мал сауу үшін ескі сауу аппараттары қолданылады. Бүгінгі таңда жоспарланған қаражат шеңберінде 294,4 млн. теңге көлеміне кешеннің құрылысы, сонымен қатар сауу залы мен мал ұстауға арналған жаңа жабдық сатып алуға қаржыландырылды. Сонымен бірге “ҚазАгро­Қаржы” акционерлік қоғамында шаруашылыққа венгер селекциясының голштино-фриз асыл тұқымының малдарын сатып алу мәселесі шешілу үстінде. Жаңа ферманың арқасында 42 жұмыс орны құрылмақшы. Ірі тауарлы-сүт фер­масы іске қосылысымен сүт өнімдерінің импорты қысқарып, аймақ тұрғындары жергілікті өн­дірістің сапалы сүтімен және одан қайта өңдел­ген өнімдермен қамтамасыз етілетін болады деп күтілуде. Жалпы, осы уақытқа “ҚазАгроҚаржы” ком­паниясында екінші  іріктеу кезеңі барысында әр түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған 80-нен аса өтінім келіп түсті. Оның 14 өтінімі тауарлы-сүт фермасының құрылысын қар­жыландыруға арналған. Бүгінгі таңда ком­панияның несие комитетімен қолданыстағы өн­дірістерге тағы да қосымша 4 жоба мақұлданды, олар еліміздің түрлі аймақтарында іске асырылатын болады. Төрт жоба қаралу үстінде. “ҚазАгроҚаржы” 2009 жылдан бастап қа­зіргі заман ірі тауарлы-сүт фермаларын құру, құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтары­ның, көкөніс қоймаларының желілерін құру және дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндірістерін ұйымдастыру, жеміс-көкөніс, техникалық және май дақылдарын өндіруде тамшылатып суару технологиясын ен­гізу сияқты еліміздің ауыл шаруашылығындағы алты бағытта перспективалық жобаларды қар­жыландырып келеді. Инвестициялық жобалар 12 жыл мерзімге дейін жылдық 6 пайыз шарттарында және 2 жылға дейін негізгі борышты өтеу бойын­ша жеңілдікті кезеңмен Ұлттық қор қаражатынан қар­жыландырылады. “Егемен-ақпарат”.