ӨМІР ШЫНДЫҒЫНАН СЫР ШЕРТЕДІ
“Жырлаймын өр шабытпен Отан атын, жырлаймын ыстық құшақ, мархабатын”. Балғын да албырт жырларын мектеп қабырғасында жүргенде, анығырақ айтқанда, алпысыншы жылдардың басында осылай туған еліне деген шынайы сезімімен бастаған Ғалия Қайдауылқызы бүгінде есімі белгілі қаламгер. Ол “Алтын арқау” мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Алматы қаласы әкімдігінің үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға өз үлесін қосуда. Алғаш еңбек жолын республикалық телерадио комитетінде бастаған Ғалия Қайдауылқызы қаламынан туған ой-толғаныстары өз оқырманының назарын аударарлықтай.
Жақында Алматыда Ғалия Қайдауылқызының “Жүректегі тәтті мұң” атты алғашқы туындысының тұсаукесеріне арналған кеш болып өтті. Кітапқа автордың әр жылдардағы ой толғаныстары, нақышты нақылдары, ел тағдыры мен тіл тағдырына арналған жыр шумақтары, сонымен қатар афоризмдері де енген. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, жаңа еңбектің танымдық, тағылымдық сипаты айқын аңғарылады. Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жететіндігін ескерсек, “Жүректегі тәтті мұңда”көңілге ой салатын, толғандыратындай жырлар да, қанатты сөздер де аз емес. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің проректоры Клара Жантөрееваның пікірінше, “Жүректегі тәтті мұң” – жан сусынын қандыратын әдемі дүние, ал, оның өлеңдеріне жазылған әндер де жүрекке жылы”.
Кейінгі жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрді жүйелі түрде насихаттауды өзінің басты мақсатына айналдырған Ғалия Қайдауылқызының сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке үндеуі де көп нәрседен хабар берсе керек. Оның “абыр да сабыр заманда, құт дарытар қадамға, рухы ұлтпен ұрандас, Бауыржан керек заманға” деп жырлауы да сондықтан шығар. Үлкеннің де, кішінің де бойынан адамгершілік асыл қасиетті, адалдық пен ар-ождан тазалығын көргісі келетін қаламгердің қоғамдық жат құбылыстарға жаны қас. Иә, ақын шумақтарындағыдай өзінің құлқынының құлына айналғандардың арамызда кездесетіндігін жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, бүгінде өз кәсібін адал атқарып, жауапкершіліктің жоғары үлгісін танытуға тиісті ақ халаттылар арасында да білімі төмендер бар. Ғалия дәл тауып айтқанындай “адал дәрігер көзіңе қарайды, надан дәрігер қолыңа қарайды”. Мұның өзі қайткенде де өмірдің ащы шындығы.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.