Кеше кешкісін Астана вокзалының перронына жиналған жұрттың қарасы мол болды. Өйткені, вокзалдан арнайы емдеу-диагностикалық “Денсаулық” пойызын сапарға аттандыру рәсімі өткізілді. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ Төтенше жағдайлар және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесе ұйымдастырылған пойыз еліміздің шалғай жатқан стансалары мен разъездері тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсетуі тиіс.
Еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын тұрғындар, теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелері білікті маман дәрігерлердің көмегімен қамтылмақшы. Арнаулы пойыз төрт медициналық, екі жатын, тамақтанатын және дәрі-дәрмек сақтайтын қойма вагондардан тұрады. 25 медицина қызметкерінің 13-і медбике, қалғаны дәрігерлер. Мұнда кішігірім операциялар жасауға арналған орын да бар. Сондай-ақ УЗИ, эндоскопия құрал-жабдықтарымен және арнайы зертханамен қамтамасыз етілген. Бұдан басқа невропатолог, кардиолог, окулист және стоматолог сияқты медицина мамандарымен де қамтылған.
Пойыздың бас дәрігері Сырым Ажғалиевтің айтуынша, Алматы вагон жөндеу зауытында жасалған вагондар герман, жапон өндірісінің қазіргі заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтарымен жарақтандырылыпты. Вагондар ауа баптағыш, жылы сумен, ал медициналық вагондар суды қосымша залалсыздандыру құралдарымен жабдықталыпты. Әзірге шара 120 тәулікке есептелсе, ол келесі жылы да жалғасын табуы мүмкін.
Шығарып салу рәсіміне арнайы келіп қатысқан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов те өз сөзінде мұндай халыққа қолжетімді медициналық көмек көрсетудің саны арта түсерін ерекше атап өтті. Қазір ол темір жол бойымен жүзеге асырылса, алдағы кезендерде мұндай сапалы медициналық көмек әуе және автомобиль көліктеріне орнатылған медициналық орталықтар арқылы шалғай аудандарға жететін болады.
Осы ретте “Медициналық апаттың теміржолдық госпиталі” АҚ атыраулық филиалының директоры Шәміл Мұқашев арнаулы пойыз екі мақсатта жасақталғандығына ерекше тоқталды. Бос кездерде халық денсаулығын жақсартуға қызмет жасаса, төтенше жағдайларда мақсатты қолданылатын болады. Оның сөзіне қарағанда, жақын болашақта пойызға спутниктік телемедицина орталығы орнатылып, ол арқылы Астана қаласы мен облыс орталықтарындағы профессор, академиктерден кеңес алуға мүмкіндік туады.
Бұдан басқа пойыз құрамында балалардың ойын алаңдары – батуттар да бар болып шықты. Сондай-ақ ірі стансаларда қайырымдылық ас беру де өткізіледі деп күтілуде. Алдымен арнайы пойыз солтүстік өңірдің Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Семей жол бөлімшелері аумағынан өтіп, ары қарай еліміздің барлық облыстарына сапар шегеді. Соның барысында 57 стансаға аялдайды. Алғашқы бағдарында 36 стансаны қамтып, 28500 адамға медициналық көмек көрсетеді деп күтілуде. Ал екінші бағдар бойынша 21 станса қамтылып, 14500 адамға осындай қолжетімді медициналық көмек берілетін болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
АСТАНА.