Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары басталды.
Елдің дамуы мен өркендеуінде орны бөлек Қарағанды аймағы көшбасшылық жолына беріктікке әрі биіктен көрінуге ұмтылысын қашанда жарқын істерімен айғақтап келе жатқаны мәлім. Негізінен өндірістің алыптары шоғырланған өңірдің отандық экономикаға қосатын үлесі өте зор болса, индустриялық-инновациялық бағытты жеделдетуге бет түзеуі жаңа белестерге құлаш серпілте түсіп отыр. Бұған дәлел жетіп артылады. Аталған мерейлі мақсатқа арнайы жасалған бағдарлама бойынша республикалық маңызы бар 18 жоба белгіленген. Соның 10-ы биыл іске асырылуға тиіс. Ал 4-і орындалды.
Елбасы облысқа жұмыс сапары алдында телекөпір арқылы инвестициялық жобалардың тұсаукесеріне қатысуы кезінде солардың бірінің, атап айтқанда, Ботақара кентінде болат панельді жылыту радиаторлары зауытының ашылуын көрген еді. Ауылдық жерде, мұның сыртында тұрғын үй құрылысына аса қажетті осынау бұйымның көп мөлшерде шығарылуының жолға қойылуы елеулі оқиға. Бұған дейін Жаңаарқа, Шет аудандарында көмір және темір концентратын өндіретін кеніштердің ірге көтеруі аймақтың алыс түкпірлері тынысына тың леп естірген-ді.
Кеше түстен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевты осындай жан жадыратар жаңалықтарымен қарсы алған қарағандылықтар жүрегіне бұл жолғы кездесулердің бір ыстық сипаты бар. Теміртауда, Қарағандыда үлкен еңбек мектебінен өтіп, қайраткерлікке қайралған болашақ Мемлекет басшысының қазақстандық тұңғыш шойын алушылар сапында болуы әрдайым мақтаныш тұтылады. Өңірдегі жаңа өндіріс ошақтарымен танысу әрі сол айтулы оқиғаға 50 жыл толуы қуанышын кешегі әріптес металлургтермен бірге бөлісуге ниеттестікке, пейіл-ілтипатқа жұртшылық разылығы зор бұл күнде.
Бүгінде өндірісті өлкенің атына заты сай болып келеді. Қарағанды өз басында салынатын, бастапқыда 50 мың автокөлік шығаратын зауыт құрылысына қазық қағылғаны кеше ғана. Ресейлік “Sollers” ААҚ компаниясы мен “Сарыарқа” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесіп құрған кәсіпорында 2015 жылы – 187 мың, ал 2020 жылы 254 мың жеңіл көлік түрлері қазақстандық тұтынушыларға ұсынылатын болады. Халықтың әл-ауқаты жақсара түсуіне байланысты, бір жағынан, бұл қозғалыс құралына сұранымды қанағаттандырудың жолы табылса, екінші жағынан, біраз адамның еңбекке қамтылуына мүмкіндік береді. Мысалы, алғашқы кезегінде 1,5 мың, содан соң 3,5 мың адам жұмысқа тартылады.
Бұрыннан мақсат ортақ, тілегі үндес көрші мемлекеттермен өзара пайдалы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған мұндай жобалардың қатарына беларустық әйгілі БелАЗ-дардың басты тетіктері мен агрегаттары енді Қарағандыда да жасалуы жатады.
Мемлекет басшысы әуежайдан бірден Қазақстан-Беларусь бірлескен “ҚазБелАЗ” ЖШС орын тепкен Қарағанды құю-мәшине жасау зауытына бет алды. Кәсіпорын цехтарын аралап, жұмысымен танысу кезінде істің аяқ алысын баян етушілер мұнда ауыр салмақты атақты жүк көлігінің бірінші кезеңде күрделі жөндеуден өткізілетіндігін, қосалқы бөлшектері жасалатындығын, содан соң құрастырылуы басталатындығын айтты. Жалпы алғанда толық күш-қуатына енуі алдағы үш-төрт жылда аяқталуға тиіс. Сонда жылына 90 тонналық 5 және 45 тонналық 10 БелАЗ қазба орындарынан кен тасымалдауға жөнелтіліп тұрады. Одан арғы уақытта шығарылу көлемі ұлғайып, аталған техникамен қазақстандық тұтынушылар сұранымын қанағаттандыру мәселесі шешіледі. Бұл жобаны іске асырудың салмақты жүгі жүктелген “Қазақмыс” корпорациясы үшін ол өте тиімді болмақ. “БелАЗ”-дар кең қолданыстағы өндіріс алыбы, оны жергілікті орында құрастыру арқылы сатып алыну бағасын екі есеге дейін төмендете алады.
Жаңа кәсіпорынға 100-ге жуық адам жұмысқа қамтылған. Солардың бірі бірінші цех технологы Жұмағали Аймышев: “Озық технологиялық қондырғылармен, аспап-құралдармен жабдықталған мұндай өндірісте еңбек ету бәрімізге зор мәртебе. Бір топ әріптесіміз жақында Минск зауытында мамандық жетілдіріп оралды. Осындай техниканы өзімізде шығаруға қол жеткізу қандай да күрделі міндетті атқаруға дайын екеніміздің айғағы”, деп қуанышына ұжым мүшелері бәрі ортақтығын білдірді.
Президент Н.Ә.Назарбаев жұмысшылармен, мамандармен, өндіріс басшыларымен, іскер топ өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, ой-пікірлерін ынта қоя тыңдады. Ел экономикасын жаңғырту басты мақсат екенін атай келіп, индустриялық дамудың негізгі бағыттарын жіктеп, талдап көрсетті. “Келешегі зор мұндай өндірістер қатары көбейе түсуі маған үлкен қуаныш. Былтыр Беларусь Республикасына жұмыс сапарымда “БелАЗ”-ды Қазақстанда да құрастыратын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде ұсыныс жасаған едім. Бізде металл, резина жеткілікті. Ондай жобаны іске асыруға жағдайымыз бар. Мінеки, орындалуына із салынды”, деген Елбасы индустриялық даму бағдарламасы арқылы 50 мың адамның жұмысқа қамтылатындығын, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, халық игілігіне қызмет ету жолында іс-шаралардың атқарыла бермектігін атады.
Ұжым мүшелерімен жылы қоштасқан Елбасына деген зор құрмет, шынайы сүйіспеншілік сезімі олардың жарқын жүздерінен аңғарылып, “Жасасын Қазақстан”, “Жасасын Нұрсұлтан”, “Рахмет Сізге” деген жан-жақтан жауған алғыс сөздерінен жаңғырып тұрды.
Мемлекет басшысы бүгін Теміртауда өтетін қазақстандық тұңғыш шойын қорытылуының 50 жылдығы құрметіне мерекелік шойын алу рәсіміне, металлургтердің салтанатты жиналысына қатысып, қалада жаңадан бой көтерген нысандармен танысады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.