Болашақта кітап сөрелерінен орын алып, тәлімші қауымның сан ұрпағы парақтайтын том-том туындылар бастауын студент дәптеріне түскен алғашқы дерек пен дәйектен алары сөзсіз. Бұған ғылыми ой мен ғалым зертханасына үңілу барысында көз жеткізіп отырмыз. Ғылымның өзі мақсат, ал меже дегеніміз сол мақсатқа жету баспалдақтары. Меже биік болған сайын мақсат та көз ұшындағы түнгі алау сынды жарқырай түседі. Ғылым жолының бұралаң-бұрылысы, ойы мен қыры көп. Сол жолдың небір белесін артқа тастап, қайқаң қырына көтерілу ғалымның өз межесіне, діттеген үдесіне жеткені емей, немене?!
Осы айтылғандар белгілі журналист-ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры Рахима Шәріпқызы Нүриденге тікелей қатысты. Рахима жетпісінші жылдардың соңын ала М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Қазір ғой күн сайын шетел асып жататынымыз. МГУ ол кезде кез келген көгенкөздің арманы болатын. Рахима сол Мәскеуді көрді. Ол кезгі талапкер жұрт үшін МГУ бүгінгі Гарвардпен, Сорбоннамен пара-пар болатын. Осы оқу орнын түгескен Рахима Шәріпқызы бүгіндері көңілдің көгінде, көптің аузында.
Бірер сөз Рахима Шәріпқызының мақсаткерлігі туралы. Еңбек жолын Қазақ радиосының шетелдерге хабар тарату бас редакциясында редактор болып бастаған ол тәжірибені ғылыммен ұштастырып, диссертациясын «Қазақша хабар тарататын шетел радиолары» тақырыбы бойынша қорғады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің радиожурналистика кафедрасын меңгерді. Бұдан соң қызмет бабымен Астанаға ауысып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі, радиожурналистика бойынша доцент болып қызмет атқарды. «Шетелдердегі қазақ радиолары», «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралдарының, «Халықаралық радиожурналистика» оқулығының, «Радиожурналистика» оқу-әдістемелік кешенінің авторы. Сөйтіп, Рахима Шәріпқызы қазақ медиатану ғылымындағы сүбелі сала – радиожурналистикада өз сорабын салды.
Рухани журналистика... Оқырман назары енді ғана ауа бастаған осынау соны ұғым қысқаша тоқталып өткенді қажет етеді. Журналистика еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму факторы, бұқаралық-ақпараттық қызмет саласы ретінде жаңаша өрістей бастағаны белгілі ғой. Қоғамның түрлі салаларына көңіл бөлуіне орай оны саяси, экономикалық, деп бөліп қарастырып жүрміз. Енді осы журналистика салаларына Рахима Нүриденнің зерттеулері арқылы рухани журналистика да қосылып, байытыла түсті деп санауға толық негізіміз бар. Жалпы алғанда тіл, діл, дін руханият ұғымына кіреді. Рух деген сөздің түп-тамыры діннен бастау алады. Руханият, рухани тәрбие, рухани байлық, рухани қазына, рухани тазалық ұғымдарының түйісер тұсы да дінде жатыр. Сондықтан «рухани журналистиканың» ауқымы кең.
Рахима Шәріпқызының руханият тақырыбын журналистика теориясы тұрғысынан талдайтын «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралында бұл мәселе ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделенсе, «Қазақ рухани журналистикасы» монографиясында тарихи-диалектикалық, гносеологиялық көзқарас негізінде жүйеленіп, сараланады.
Инемен құдық қазғанға парапар зерттеуші еңбегі тізіп шыққанға ғана оңай. Ғалым көз майын тауысып жазылған «Қазақ рухани журналистикасы» монографиясы қазақ журналистикасы ғылымындағы осы тақырыптағы тұңғыш еңбек болғандықтан, тоқтала кеткеніміз жөн. Жұмыстың басты нәтижелері мен жетістіктері мынадай. Онда рухани журналистика жүйесінің қалыптасуы мен даму бағыттары кешенді түрде зерттеліп, ғылыми-теориялық, әдістемелік негізі сараланып, оның тарихи негіздері анықталған. Зайырлы баспасөздің рухани қызметін саралау барысында көптеген мақалалар ғылыми айналымға енгізілген, қазақ журналистика ғылымына «діни-танымдық баспасөз», діни журналдар, зайырлы баспасөздің рухани қызметі ұғымына анықтама берілген, олардың жанрлық, тақырыптық, мазмұндық қырлары ашылған. Сонымен қатар, діни-танымдық басылымдардың сараптаулы кешенді жүйесі ұсынылғанын, электронды ақпарат құралдары діни хабарларының пішіндік, жанрлық ерекшеліктерін талдау нәтижесінде тұңғыш рет телерадиодағы рухани тақырып ғылыми айналымға енгізілгенін атап көрсеткеніміз жөн.
Рахима Шәріпқызы еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің ұлттың рухани бет-бейнесін қалыптастырудағы рөлін көптен зерделеп келеді. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Хабаршысында» «Егемен Қазақстан» газетіндегі руханият мәселелері және олардың берілу ерекшеліктері» атты мазмұнды мақаласы жарық көрген 2007 жылдан бері бұл тақырыпты түрлі қырынан қарастыру үстінде. Автордың «Қазақ рухани журналистикасы» атты монографиясында «Егемен Қазақстанның» этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы қызметі дараланып қарастырылады, жекелеген авторлардың шығармашылығы талданады.
Ғалым сонымен қатар, қазақ халықаралық журналистикасын теориялық және тәжірибелік тұрғыда негіздеуге үлкен үлес қосқанын атап өтеміз. Ол осынау соны саланың теоретигі ғана болып табылмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, Рахима Шәріпқызы Тегеранда тұрып, Иран Ислам Республикасының халықаралық телерадиохабарында жұмыс істеген бірден-бір қазақ журналисі. «Сауд Арабиясының ақпарат кеңістігі», «Мысыр баспасөзі бойынша дәріс берудің маңызы», «Әлемдік ақпарат кеңістігі және ұлттық идеология», «Бай-өлке радиосының рухани мұралары», «Әлем радиоларындағы діни хабарлар» атты құнды ғылыми мақалалары алыс және Таяу шет елдерде ғылыми айналымға енген. «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша еліміздегі алғашқы «Қазіргі шетел журналистикасы» оқу құралында және «Халықаралық радиожурналистика» оқулығында рухани журналистиканың әлемдік тәжірибесі де сарапталып, араб елдері бұқаралық ақпарат құралдарындағы руханият мәселелері, Иран бұқаралық ақпарат құралдары және аятолла Хомейни мұралары алғаш рет баяндалып, ғылыми айналымға түскен.
Еліміз ақыл-ой, жүрек қуатын талап ететін білім экономикасына аяқ басқан қазіргі тұста ғылым қайраткеріне қойылар талап та, жүктелер міндет те ауқымды. Ізденіс іркілмесін деп тілелік!
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі,
профессор.