Алматы • 10 Қазан, 2025

Алматы мәдениетіндегі айшықты жобалар

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы – еліміздің рухани бесігі, мәдени астанасы. Миллиондар тоғысқан мегаполисте ұлттық құндылықтар мен заманауи өнер үндесе дамып, көрермен көңілін баураған театрлар мен галереялар, мәдени орталықтардың қатары көбейіп келеді. Қала әкімдігінің осынау маңызды бағытқа басымдық беруі нәтижесінде мегаполисте бірқатар мазмұнды мәдени жобалар қолға алынған.

Алматы мәдениетіндегі айшықты жобалар

Алдағы жылдары қалада жаңа кітапханалар, мұражайлар мен театрлар ашылып, тарихи нысандар қайта жаңғырмақ. Шаһарда заманауи мәдени кеңістіктер құру туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Өңір­лік коммуникациялар қызметі ала­ңында журналистермен жүздесу барысында айтты.

Бүгінде Алматыда 100-ден астам мәдениет мекемесі үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бұл нысандар қала қонақтары мен тұрғындардың рухани серігіне айналған. Мәдениет ошақтарына жылына миллиондаған адам бас сұғады. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш ауқымды жаңғыртулардың нәтижесінде арта түспек.

Мәселен, ширек ғасырдан бері алғаш рет Қазақ мемлекеттік циркінде ке­шенді реконструкция басталды. Аңыз­ға айналған ғимараттың тарихи қалпы сақталып, ішкі құрылымы – инженерлік жүйелерден бастап көрермен залына дейін – толық жаңартылмақ. Соны­мен қатар Наталья Сац атындағы орыс ­балалар және жасөспірімдер театры мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

«Алматыдағы шығармашылық бел­­сенділік – жастардың өнерге қызы­ғушылығын арттырып, ұлттың рухани әлеуетін нығайтуға қызмет етуде. Мәдениет – қала келбеті. Алматы әрдайым шығармашыл адамдарды бірік­тіретін рухани орталық болып келді және қаладағы әр аудан осы мәде­ни энергияны сезінетіндей жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз», дейді Азамат Қалдыбеков.

алм

Білім алу бағытын жаңа технология жетістіктерімен жетілдіру заман талабы. Бұл ретте Алматының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі бөлімшелерінің 97%-ы жаңғыртудан өткен. Кітапханаларда өздігінен кітап алу стансалары, цифрлық технологиялар және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған оқу залдары ашылды. Жыл соңына дейін қаладағы бес ауданда мектептер мен тұрғын үй кешендерінің жанынан жаңа заманауи кітапханалар есік ашпақ.

Мәдениет басқармасы бұл жұмыс­тарды айрықша назарға алып отыр. Мамандар қазіргі кітапхана – бұл жай ғана кітап сөрелері емес, ол – қарым-қатынас пен өзін-өзі дамытуға арналған интеллектуалды кеңістік екенін айтады.

Жыл соңына дейін Observatorium мұражайы ашылып, «Райымбек батыр» мұражай кешенінің құрылысы аяқталуға тиіс. Әкім орынбасары Сақ мәдениеті орталығын, Жастар театры­н құру және 2030 жылға дейін қала бо­йын­ша 20 жаңа кітапхана ашу жос­парланып отырғанын жеткізді.

Бүгінде Алматының мәдени өмірі серпінді дамып, халықаралық дәре­жеде танылып келеді. Мәселен, биыл қала театрлары Парижден Мәс­кеу­ге дейінгі 20-дан астам мемлекетте өнер көрсетті. Қуыршақ театры мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры Қазақстан атынан Авиньон фестивалі мен Чехов атындағы халықаралық театр фестивалінде сахнаға шықты. Париж­дегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халық аспаптарының көр­месі өтті. Қорыта айтқанда, кейінгі үш жылда Алматы қаласы мәдени ынты­мақтастықты кеңейту мақсатында 18 ха­лық­аралық меморандумға қол қойған.

«Біз бай дәстүрді сақтап қана қоймай – әлем таныған Алматының мәдени брендін қалыптастыруға тиіспіз. Жыл басынан бері қалада 1 300-ден астам мәдени іс-шара өтіп, оларды 1,3 миллионнан астам адам тамашалады. Мәдениетті тек мереке күндері емес, күн сайын сезінгіміз келеді. Әр тұрғын өз қуанышын саябақта, көшеде, өз ауласында таба алатындай ауан қалып­тастыруымыз қажет», дейді А.Қалдыбеков.

Шаһарда тарихи тұлғалардың мерейтойларына арналған рухани жобалар мен мемлекет үшін маңызы дара тұрар даталар жыл бойы ата­лып өтеді. Айталық қала күніне орай өткен іс-шаралар шоғыры жарты миллион көрерменге қуаныш сый­лаған. Осы ретте дәстүрлі Alma Fest фестивалін ерекше атауға болады. Тұңғыш Президент саябағында өткен мерекеде фермерлер 100 тоннаға жуық алма әкелді. Жиналғандар сүйікті сорт­тарының дәмін татып, алма тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Қала күні аясында әзірленген бағдарламада экологиялық акциялар, жәрмеңкелер, флешмобтар, кітапханаларда әдеби кештер салтанат құрып мегаполистің мәдени болмысын айшықтады.

«Қаланың келбеті тек сәулетпен емес, мәдени мазмұнмен де көркейіп келеді. Алматы – заманауи өнер мен мәдениет фестивальдарының ордасы. BI Group Art Fest, Almaty Pop-up Week, Ұлттық кино күндері, Kitap Fest, Халықаралық джаз фестивалі сынды іргелі шаралар шаһардың шығармашылық тынысын танытады. Мұндай мәдени жобалар арқылы қала тұрғындары мен қонақтары әлемдік және ұлттық өнердің тоғысқан тұсына куә болып келеді. Қала музейлері мен галереялары да заманмен үндесіп, жаңа форматта жұмыс істеп отыр. Мемлекеттік орталық музей, Ә.Қастеев атындағы өнер музейі, Ә.Қастеев галереясы сияқты мәдени орындар – қаланың ғана емес, елдің де рухани мұрасына айналған. Алматы – шығармашылық еркіндіктің қаласы. Мұнда әрбір суретші, музыкант, жазушы немесе дизайнер өз ойын еркін жеткізе алады. Қалада өнермен шұғылдануға, шығармашылық ізденіске барлық жағдай жасалған. Қаланың рухани тынысы – бүкіл Қазақстанның мәдени келбетін айқындайтын басты өлшемдердің бірі», дейді өнертанушы Балжан Заманбекова.

 

АЛМАТЫ