06 Шілде, 2010

ШЫҚҚАН КҮНДЕЙ ЖАРҚ ЕТІП...

807 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Басшыға басыңды ій. Нұх пайғамбар Күннің жалғыз кемшілігі бар: ол өзін көре алмайды. Сократ Ешкім де періште емес: патша да, пақыр да – пенде. Шәкәрім

________________

Дәл қай жыл екені есімде жоқ, әй­теуір тоқсаныншы жылдардың іші, бас жағы болу керек. Еліміз қиындық құрдымында тұрған. Өскеменде тұратын досым Жазира телефон шалды. Жалғыз ұлы Жомарт әлемдік жарыстан бас жүлде алып келгендей, дауысы қуанышты, ән­шейіндегі сабырлы мінезі былай қалып, ойын қалай жеткізерін білмей ентігеді. – Бізді құдай өлтірсін бе! Құдай бар екен! – деп қояды. – Саған не болды осынша аптығып? – деймін түкке түсінбей. – Кеше Нұрсұлтан Назарбаев біздің облысқа келді. Саяси оқу үйінің үлкен залында жиын болды. Бұл жақта, өзің білесің, басқа ұлт өкілдері көп қой, бәрі мұрындарын шүйіріп, шекарадан асып кетуге дайын. Содан не керек сарайға халық лық толды. Қалай болар екен деп, жүрегіміз дірілдеп біз отырмыз. Мінберге шығып сөйледі. Өзі де көздің жауын ала­тын сұлу азамат екен. Сөз қандай – екі тіл­де бірдей сайрап тұр. Бір кезде қыз­меткер жігіт жұрттың бір құшақ сұрағын әкеліп, мінбердің үстіне қойды. Бәріне мүдірмей жауап беріп жатыр. Арасында қиямпұрыс сұрақтар да жеткілікті. Сәл­ден кейін бағанағы қызметкер бір қағаз­ды алып, оның қолына күлімсіреп ұс­татты. Сол кезде Президенттің көзі жайнап: – Мен немерелі болыппын, мынау жеделхат! – деп өзінің туғандарының, құрбы-құрдастарының ортасында тұр­ған­дай хатты жоғары көтеріп, елге көрсетті. Сонда оның дидарынан ғана емес, бүкіл болмысынан күңгірттеніп отырған залдағы халыққа қуаныш шашырағандай болды. Зал дүр сілкінді. Үш сағатқа со­зыл­ған жиынның соңында бағанағы бәл­сініп, менсінбей отырғандар енді жібер­мей қол соқсын! Менің көзімнен жас шықты. Қасымда Қанипа бар еді – білесің ғой, атақты мұғаліміміз – маған қарап қойып ол да көзін сүртіп тұр екен. Алты жүз адамның бір сөйлегенде бетін бері қарату – құдірет қой! – деп Жазира досым толқи сөйлеп еді. Шынында да Президентіміз Н.Ә.На­зар­баевтың ерекше қасиетінің бірі – сөзіне иландырып, дұрыстығына өзінің көзі жеткен идеясын қалай да өткізе ала­тындығында, сол арқылы елді соңынан ерте білетіндігінде. Елді өзіне ұйыта алатын мұндай қасиеті оның тым жас кезінде-ақ белгі берген секілді. Студент кездегі оның жақын достарының бірі Николай Литошконың “Егемен Қазақ­станға” ана бір жылы берген сұхбатында “Нұрсұлтан неше түрлі оқиғаларды қызықты етіп баяндап беретін. Тыңдаған жан оның қасынан кете алмайтын” деп жастық шақтарын еске алған еді. “Оны тыңдаған жан қасынан кете алмайтын” деген сөзді Н.Ә.Назарбаевтың атына бү­гінгі мен де айтар едім. Неге десеңіз, бас­тапқыда ел болашағы үшін күмәнді көрінетін қандай да бір ауқымды идеяны ұсынғанда оның ұстанатын әдісі – бас­қалардың да оның дұрыстығына көз жет­кізуіне мүмкіндік беру, сосын тереңдеп түсіндіріп, бүге-шігесіне дейін дәлелдеп шыққан кезде, ешкім оған қарсы келе алмай қалады. Ал нағыз болмаған жағ­дайда оны жүзеге асыруды өзі-ақ бастап кетеді. Басқалар, амал жоқ, соңынан ере­ді. Біз астананы солай ауыстыр­ған­быз. Қоғам ішінде болып жатқан әрбір жайтты, тіпті кейбір елді дүрліктіруге айналған даулы мәселелерді шешуде де салиқалылық танытып отырады. Мұндай қасиет те адамға таңдап қонады. Жоғарыда аталған досы Ни­колай Литошконың шешесі Нұрсұл­танды өте жақсы көрген ғой. Тіпті сол украиндық әйелдің мұны өз баласындай көріп кетуінің өзі жайдан жай емес. Мәселе алдымен жас Нұрсұлтанның бойындағы ерекше қасиеттің сәулесін Николайдың анасының байқап қалған­дығында және соған сүйсінгендігінде шығар, тіпті ол кісі “менің балам да осын­дай болса екен” деген болар, “Нұр­сұлтаннан үлгі алсын, Нұрсұлтанның қасиеті балама жұқса екен” деп, жас Нұрсұлтанды бауырына тартқан-ау ша­масы деп ойлаймын. Елбасымыздың бойындағы адамгер­шілік-парасаттылығы өзінің әке-шеше­сінен бойына дарыған ерекше қасиеттің бірі деп есептеймін. Оның ата-анасының өте мейірімді адамдар болғандығын олар туралы Елбасының бір естелігінен оқып едім. Соғыс кезінде біздің елге еріксіз кө­шірілген көптеген кавказ халқының ішінде бір балқарлық отбасы бала Нұрсұлтанның ауылына да келіпті. “Мен 6-7 жастардағы бала едім, – деп әңгіме­лейді Елбасы, – Әкем қасында 3 баласы бар бір ерлі-зайыпты кісілерді үйге ертіп келді. Олар әбден азып-тозған, өздері де, балалары да аштықтан әбден жүдеген. Кейін білдім, бұлар Кабардин-Балқардан осы жаққа еріксіз көшірілгендердің бірі екен. Оларды билік өкілдері мал қора­ларға, сарайларға орналастырып жатты. Мұны көрген жергілікті тұрғындар олар­ды мал қораларда қалдыруға дәттері бар­май, үйлеріне шақырды. Біздің үй ішіміз де жартылай аш-жалаңаш еді, сиырдан сүт шыққан күні үйде мереке болып жатқандай көңілді жүретінбіз, ал басқа уақыттарда шәй мен қара нан ғана азық еді. Осындай жағдайда отырған біздің жаңадан қосылған балқарлық отбасына да сол қара шәй мен қара наннан басқа береріміз жоқ-тын. Бірақ осы жүдеу дастарқан мен менің әке-шешемнің оларға деген мейірбандылығы осы отба­сын аштықтан аман алып қалды, әкем тіпті балалардың әкесінің жұмысқа орна­ласуына да көмектесті”, деп еске алады. Міне, осындай кеңпейілділік қасиеті Нұрсұлтан Әбішұлына да тән. Сол отбасындағы кеңпейілділік дәстүрі бүгінгі Президент Нұрсұлтанның саясаттағы ұстанымдарынан да көрініс тауып жүр. Соның арқасында біздің елімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бірақ ел басқару ісі бір ғана кең­пейіл­ділікпен жүзеге асырыла сал­май­тыны түсінікті. Аса бір жауапты кезең­дер­де қаталдықтың да қажет болатын­дығы сөзсіз. Назарбаев мемлекет билігін қолға алған күннен бастап, халықты жақсы мағынасындағы тынымсыздыққа үндей бастады. Экономикалық та, әлеу­меттік те ауыртпалықтың қыспағында жаны қысылып отырған халыққа қарата сөйлеген бір сөзінде “Ең ұлы істер – ең қиын шақта өмірге келеді” деген бола­тын. Бұл сөз сол кезде халықтың бойына ерекше қуат құйған ұрандай болып еді. Ол мемлекет басқару ісін алдымен жалқаулықпен күресуден бастады. Бұл оның болашақтағы үлкен ісінің басы ғана еді. Әрине, біздің халық соншалық­ты жалқау емес еді, дегенмен жалпы­халық­тық күйзеліс қаупі төніп тұрған шақта әр адамның ерекше белсенділігі қажет болды. АҚШ-тың 16-шы Прези­денті Авраам Линкольннің елдің тұр­мы­сы қиындап кеткен шақта конгрес­смен­дер­дің алдында айтқан мынадай сөзі бар: “Сіздер байларды жою арқылы кедей­лерге көмектесе алмайсыздар. Әр адам­ның өзі үшін өзі-ақ жасай алатын және өзі жасауға міндетті шаруаларын үнемі мемлекеттің жасап бергендігі де оларға көмек болмайды” деп, қиыншылықтан алып шығатын қуат-күшті халықтың өз ішінен іздеу керектігіне сілтеме жасаған еді. АҚШ тұралап жатқан кезде айтыл­ған бұл тарихи сөз және кейін керемет табыстарға жеткізген осы данышпандық сөз біздің мемлекеттің де қиналып тұрған шағына орай айтылғандай. Сондай ауыр кезеңде бір күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев та халыққа “Мемлекетке қарап алақан жая бермей, өздеріңді өздерің асыраңдар” деген жалынды сөзін айтып салды. Бұрын Кеңес Одағының қолтығының астында “сен тимесең, мен тимен” қағидасымен, озып кеткен мем­лекеттердің шаңының астында отырған­дығына намыстанбай-ақ “алаңсыз” өмір сүріп жатқан көпшілік үшін бұл сөздің тосын болғаны соншалық, жұрт өзін иесіз далада қалғандай сезінгені де рас. Ал бұл шын мәнісінде қырандардың өз балапанын құздан тастап жіберіп шы­нық­тыратынына ұқсас жағдай еді. Пре­зидент өз халқының бойынан іскерліктің де, жанқиярлық еңбек етуге деген белсенділіктің де, табысқа, байлыққа қол жеткізерлік ұсынықтылықтың да табы­латынын білді. Тек осы қасиеттердің бәрі­не от беріп, лаулату қажет. Рас, тұр­мыс жағдайы өте ауыр және көп балалы отбасыларға мемлекеттік қиындыққа қа­ра­мастан, көмек беріліп тұрды. Ал кеңестік кезең бойымызға әбден сіңіріп тастаған жалпыхалықтық сылбырлықтан арылудың бірден-бір жолы – бәсе­ке­лес­тікті ояту болатын. Президенттің әлгі сөзінен кейін жаңа заманның аңысын аңдып үлгергендер дереу іске кірісті. “Бұл қалаймен” жүргендердің көпшілігі де араға жылдар салып барып, бәсеке­лес­тердің үздік-создық көшіне ілесе бастады. Кезінде Маргарет Тэтчер: “Мен ел басқаруға мынадай нақты бағыт ұстанып кірістім, яғни, ағылшындар қоғамындағы әрбір адам басқа біреуге қарап алақан жайып отырмайтын, өзінің ертеңгі күніне деген сенімі зор кәсіпкер болуы тиіс; “маған ананы бер, мынаны бер” деген сұрамсақтықты тастап, “бәрін де өзім жасап аламын” дейтін іскерге айналуы тиіс; қалғып-мүлгіп отыратын әдетін тастап, өзіне өзі “тұр да ілгері жүр” дейтін деңгейге жетуі тиіс” деп жазған еді. Біздің Елбасы да өз халқын осындай деңгейде көргісі келді және сондай болмайынша мемлекет болып жарытпайтынымызды ашық айтты да. Ел басқару дегеніміз – өзіңнің жылы-жұмсақ, жанға жайлы орыныңды тастап, өз еркіңмен бейнеті көп іске кірісу. Ал қазіргі заманның көшбас­шы­сына өте ауыр міндет жүктеледі. Өйткені біз жаһандану заманына келіп тұрмыз. Жаһандану заманы адамдарының пси­хо­логиясы да, талғамдары да, ұстанымдары да мүлдем жаңаша. Міне, сондай адам­дар қоғамын Көшбасшы соңынан ерте алуы керек, бұйрықпен емес (олар бұй­рыққа, бәрібір, көнбейді), өз еріктерімен. Лао Цзы қария: “Егер кім де кім елге күшпен иелік еткісі келсе, ол ешқашан мақсатына жете алмайды” депті. Көш­бас­шы табысқа бастайтын қуатқа ие бо­луы керек және ол қашан да жаңа идея­ларды алға шығарып, басқаларға ой тас­тап жүретіндей болуы тиіс. Көш­бас­шының аса маңызды міндеттерінің тағы біреуі – адамдарды ойлауға жетелеу, сонымен қатар тек басқалар ұсынған идеяны пайдаланушыларды емес, өзі де жаңа идея ұсына алатын адамдар тәрбие­леп шығару. Оның үстіне ел басқаратын адам қазіргі заманның стандарттарына сай тұлға болуы керек. Біздің Елбасы­мыздың бойында осы қасиеттердің бәрі де бар деп ойлаймын. Мен бұл мақалада Елбасының күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, мемлекетіміз­дің төрт аяғын тең тұрғызам деп қазақ деген елдің тарихында әркім жан-жағы­нан сығалап, қай аймағын басып алсам екен деп ғасырлар бойы бабалары­мыз­дың ат үстінде жүріп қорғаған жеріне көз салып, көкірегін қаққан көлденең жұрт­тың аранын да, аузын да жауып, мем­лекетіміздің шекарасын айқындағаны, өмір бойы қарнын сипап жатуды қанына сіңірген, сауда дегенді қылмыс көретін қазақты экономикалық заңдылықтарға үйрету, елдің ертеңгі иесі – жастарды өркениетті деген елдерде білім алуға жағ­дай жасау, тұстастарын да, жастарды да мемлекеттік іске тартып жанына серік қылғаны секілді істеген қыруар шаруа­сын талдап айтпаймын, себебі бұл жағын егжей-тегжейлі айтып жатқандар көп. Талант, іскерлік, шешендік, алғыр­лық секілді қабілеттер адамның табиғи болмы­сын ашып көрсете алмайды. Адамдағы ең басты қасиеттер оның ішкі жан дүниесіне, адами болмысына байланысты. Қазақтың психологиясында басшы біткеннің бәрін әулие көретін, оған шаң жуытпай “өзі жақсы-ау, маңайындағылар нашар” деген пікірлер қалыптасқан. Президент жылай ма, қуана ма, күле ме, қателесе ме, қайғыра ма, өкіне ме, кейде жалғызсырай ма – мұны қарапайым халық ойлап басын қатырмайды. Рас, оның атына, кейбір идеяларына сын да айтылып жатады. Бірақ мұның ешқайсысы да оның іскерлігіне, терең­дігіне, алыстан ойлайтын көрегендігіне, халыққа жұғымдылығына, асқан дип­ломаттығына айтылатын сын емес және оның бұл қасиеттерін бір мысқал да ке­міте алмайды. Өйткені бұл оның бойын­дағы табиғи қасиеті және жылдар бойы мемлекет құру ісінде жинақтаған ұшан-теңіз тәжірибесі. Елбасының көптің ішінде қарсы­лас­тары жоқ десек, бұл, біріншіден, өтірік болып шығады, екіншіден қарсыласы жоқ саясаткер, оның ішінде ел Пре­зи­дентінің қарсыласының болмауы – сол Президенттің өзіне абырой емес. Өйт­кені қарсыласы жоқ деген сөз – ол бас­қарып отырған елде демократия да, сөз бостандығы да, ой бостандығы да жоқ деген сөз. Немесе оның халқы өз бетімен ой ойлай алмайтын, өзіндік пікір айта алмайтын тобыр ма деген тұжырымға жетелейді. “Өзінің бастығынан титтей де мін таппайтын қызметкерге ешқашан сенуші болма” депті бір ғұлама. Бірақ қарсы пікір айтудың жөні осы екен деп кейде шектен шығып кететіндері де бар. Шықса шыға берсін, ой өзінікі, сөз өзінікі. Бұл біздің нағыз толыққанды мемлекетке айналғандығымыздың бір көрінісі бола алады дер едім. Қоғамда қа­рама-қайшы пікірлердің болуы – заң­дылық. Тіпті, өзі қарама-қарсылық­тар­сыз ілгері жүру мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Қарама-қарсылықтардың күресі кезінде ең оңтайлы шешім алға озады. Ал біздің кейбір журналистеріміз бен кейбір саясаткерлеріміздің ішінде Президентті мақтаймын деп асыра сіл­тей­тіндері де бар. Кезінде ұлы Пушкин өлең арнаған орыс ақыны Державин “Мадақтай беру – күлкі ету” деген екен. Елбасы туралы айтқанда асыра сілтеудің қажеті жоқ, өйткені оның біздің мем­ле­кетіміз үшін сіңірген еңбегі асыра сілте­мей-ақ көрініп тұрған тарихи еңбек. Ол – бір қоғамнан екінші қоғам тудырған адам. Күллі әлемнің назарын Қазақ­станға қарай бұрып берген қайраткер. Бір қоғамнан екінші қоғамға өтер тұстың аласапыраны кезінде елді адастырып алмай, жол жоқ жерден жол тауып, мем­лекетті экономикалық құлдырау апаты­нан алып қалған тұлға екендігіне кім қарсы дау айта алады? ...Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ елінің басшысы болып Мәскеуден оралғанда, өлген әкеміз тірілгендей қуанып, біріміз жылап, біреулеріміз шарап ішіп құлап дегендей, қазақ даласына коммунизм орнағандай болып едік. Бұл заңды қуа­ныш болатын. 1986 жылдың шырғала­ңы­нан кейін ең оңбаған ұлт болып, еңсеміз өзгелердің етігінің табаны астында қал­ғандай есеңгіреп жүргенімізде, шыққан күндей жарқ етіп өз перзентіміз келгесін, бойымызды тіктеп, оймызды түптеп, айналаға алақ-жұлақ емес, батыл қарай­тын болдық. Рас па? Рас. Мен сұранып қабылдауына бардым. Ол кезде әкімге, министрге, Премьерге, тіпті елдің бірінші басшысына кіру қазіргідей қиямет емес еді. Қуанып құтты болсын айтуға кел­ге­нім­ді, Орталық партия комитетінің асха­насына қазақша сөйлеп кіре алмайты­ны­мызды, есігінің алдын баққан итіне дейін орысша сөйлемесең, үретінін, осылар жағы ойластырылса деймін өзімше ой салғым келіп. Нұрсұлтан Әбішұлы күлімсіреп сөзімді тыңдады. Сосын кетуге ыңғайланғанымда: – Қандай тілегіңіз бар жеке өзіңізге байланысты? Сіздердей үлкен адамдар келгенде әдетте бірі баласына машина (ол кезде “Волга”, “Жигули” дегендер жо­ғарыдағы биліктегілердің рұқсатынсыз қолға тимейтін), өзіне саяжайға жер немесе бөлмелері көп үлкен пәтер сұрайды, – деді. – Мен төрт жағым құбыла адам емес­пін, – дедім. – Бірақ ана жырты­ғым­ды жамап бер, мына кетігімді бүтін­деп бер деп мемлекет басшысының ба­сын ауыртуға арым бармайды, рахмет! – дедім. –             Фәке, сізді халықтың қалай жақ­сы көретінін білмейтін шығарсыз, қандай жағдай болса да, келіп тұрыңыз, – деп ілтипатпен қош айтысты. Мұндай құрметті мен бұған дейін аудандық әкім-қаралардан да көрген емес едім. Дегенмен сонда немістің не ағылшын­ның, болмаса орыстың ақын-жазу­шылары келгенде қызығып қарайтын пәтер сұрамағаныма әлі күнге дейін кейде өкініп қоямын. Жақында менің портретімді салсам деген ниетпен бір суретші келді маған. Суретшілермен, композиторлармен пә­лен­дей таныстығым жоқ, өзімді көр­се­туді, өзім жайлы үгіт-насихат жүргізу дегенді ұят санайтын мен одан тұрмыс-тіршіліктері, табыстары жайлы сұрадым. Әңгіме арасында ол: –             Өткен жылы бір суретші фото­сы­на қарап салған Сара апайдың пор­третін көріп қалған Елбасы сол портретті қымбат бағаға сатып алыпты, бізде он­дай тұтынушылар жоқ, әрине, – деп күлді. – Әйтеуір елімізде өнерді танып, бағалайтын адамдардың бар екені көкірегімізге қуаныш ұялатады. Иә, шынында да, суретші айтса айтқандай, Елбасының өнерге деген ықыласы тіпті ерекше. Жақында ғана ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған көпсалалы Ұлттық өнер университетінің жаңа ғимараты ашылды. Бұл Ұлттық өнер университетінің ректоры, ұлтымыз­дың даңқын әлемге жария етіп жүрген асыл қызымыз – Айман Мұсақожаева. Мұнда тек музыканттар ғана емес, мүсін­ші, дизайнер, режиссер, кино, теледидар мамандары да дайындалады. Оның ашылуына Нұрсұлтан Назарбаев өзі қатысып: – ...Ең басынан бастап осындай университет Музыкалық академияның орнында болсын деп ойлағанмын. ...Осы университет ішінде Қазақстан атын дүниеге жаятын көп талантты жастар өсіп шықсын, – деп ақ тілегін де білдірді. Тәуелсіздік туын көтергесін, бай­лық­қа бармағы тимесе де, халық Наурыз мейрамы, Дүние жүзі қазақтарының бас қосуы, ұлт үшін құрбан болған азамат­тар­дың есімдері аталып, олардың құр­ме­тіне ас берілуі секілді бұрын-соңды түске кірмейтін салтанатқа жетіп, қуанышқа бөленген еді. Бір жылы Алматы қала­сы­ның Түркісіб ауданы Наурыз мейрамы­на мені де шақырды. Киіз үйлер тігіп, әйел біткен қазақы камзол, ер-азамат­тардың бір қатары шапан киіп, жас-кәрі мәз-мейрам! Ортадағы ақбоз үйге мені де кіргізді. Бір кезде Нұрсұлтан Әбішұлы жұбайы Сара Алпысқызымен кіріп келе жатыр. Екеуі де бәрімізбен жарқылдай амандасып, құтты болсын айтты. Менің Сараны алғаш рет көргенім сол жолы. Әзіл-күлкі, ән мен күй! Тамақтан кейін аудан әкімі Президентке шапан кигізіп, Сараның иығына шашақты әдемі орамал жапты. Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Сараға бірдеңе деп сыбырлап еді, Сара әлгі орамалын мойнынан алып, орнынан тұрды да менің жаныма келіп иығыма жапты. Күтпеген сый-құрмет болды. Менің қасымдағылар да аң-таң: өздеріне тимегесін бе – біреулер томсырайып, біразы қуана құптап, қол соғып жатыр. – Халқымызда жөн білу деген бір ғажайып ұғым бар, соны біліп Фаризаға ора­мал жапқаның өте орынды, әрі ақыл­дылық, қалқам, – деп бір жазушы ағамыз Сараға үлкендік алғысын айтты. Кейін Сара Алпысқызы мені кездесуге шақыртып, Алматыдағы “Дос­тық” үйінің сол жақ қанатындағы бөл­меде әңгімелестік. Мен ол жылдары “Ақ желкен” журналының бас редакторы болатынмын. – “Бөбек” атты балаларға арналған қор ашқым келеді. Елімізде балалардың ауру-сырқау, ата-анасы тірі болса да, жетімдік көріп жүрген сәбилер секілді шешілмей жатқан мәселелер көп қой, өзіңіз білесіз. Целиноград қаласына барып, халықпен осы жайлы пікірлесіп қайтсақ деп едім, сіз менімен бірге жүрсеңіз, – деп қолқа салды. Министрлер Кеңесінің АН-24 арнайы самолетімен ұштық. Самолеттің алдыңғы жағын жұмыс кабинеті сияқты етіп бөліп қойған. Сара екеуміз сонда отырдық. “Бөбектің” Алтын бастаған қызметкер­лері екінші салонда. Өзінің өмірі, Нұр­сұлтан екеуінің отау құрғаны, балалары жайлы көп-көп әңгіме айтылды. – Нұрекең қандай адам өзі? – деймін мен. – Өте балажан. Ақкөңіл. Сосын ішкі жандүниесі тым жұмсақ, жаны ашығыш. Жұмыста біреуге ескерту жасап ұрысса, үйге келгесін “пәленшені ренжіттім-ау!” деп уайымдап отырады. Ал біреуді жұмыстан шығаруға тура келсе, Нұрекең үшін үлкен трагедия, “обал болды-ау” деп қайғырады. Домбыра тартып, ән салғанды жақсы көреді. Теміртауда екеуміз көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүріп танысқанбыз. Үлкеніміз Дариға да ән салады. Әлі жас қой. – Француздың белгілі жазушысы Анатоль Франс “Әйел – ұлы тәрбиеші” деп айтқан екен. Өзің кейде ақыл қосып, қамқорлап отырғаның дұрыс қой. Ақын-жазушының, ел басқарып жүрген саясаткердің жұбайы болу оңай болмаса керек. Дегенмен, басшы адамға дүниенің бәрін ер азаматтан гөрі нәзік сезінетін, ол байқай бермейтін қалтарыстарды бұрын көретін әйел-серігінің ақыл-кеңесі өте керек қой деп ойлаймын. Патшаға шындықты айтуға әркімнің батылы бара бермейді, – деп өзімше Сараға кеңес беремін. – Біздің ақыл айтуымызды бауыры­ңыз қабылдай қоя ма, өзіңіз секілді ел құрмет тұтатын тәтелер мен ағалардың пікірі болмаса... – деген еді күлімсіреп. Адам баласы кімнің де болса бойы­нан мін тауып, сын тағуға әзір тұрады ғой. Өз мүмкіндігіміздің билік тара­пы­нан жоғары бағаланбайтынына өкпелеп, күнәға бататынымыз тағы бар. Қоғам­да­ғы болып жататын кем-кетіктің бәрі үшін елдің басшысы Президентті кінә­лаймыз, оның бала-шағасынан да кеміс­тік, кемшілік табуға тырысамыз. Мен, мысалы, Тимур Құлыбаев деген Прези­денттің күйеу баласын сол қатарлы жас қазақтардың көбінен биік қоямын: са­быр­лы, салиқалы, асқақтап аспанға қа­ра­майтын тәрбиелі жас. Батыс өңіріндегі мұнайшылардың жас-кәрісі ол туралы жақсы пікірін, алдына барған адамның шаруасын шешуге тырысатын, қолымда билік бар екен деп жазықсыз біреуді сүріндірмейтін, өз пікірімен жүретін аза­мат деген баға бергенін Атырау, Маң­ғыстау аймақтарынан талай естігенмін. Үй-ішімен бизнеспен айналысатын бір сіңліміз: – Мемлекеттің басшысын, басшысын ғана емес, оның бала-шағасын да өзінің Елбасына, оның айналасына деген тілеулестігі, ілтипат-ықыласы арқылы халқы қорғауы керек, – дейді. Сіңліміз дұрыс айтады. Шынында да елін басқарып отырған азаматын халқы қолдамаса, халқы қамқор болмаса, кім қолдауы мүмкін. Халқы қолдамаған мемлекет басшыларының тағдыр-талайын тарих-қария көрсетіп келеді. Бүгін де көріп отырмыз. Жақында туысқан Түрік мемлекеті өз астанасы Анкараның қақ ортасында түркі әлемінің ортақ қайраткері деп Назарбаевқа ескерткіш орнатты. Шынында бұл – қазақ деген ұлтқа көрсетілген қошамет, құрмет. Қай кезде, қай елде мұндай оқиға болып еді?! Қазақ мұндай салтанатты қашан көріп еді?! Мұхаммед пайғамбардың тұқымдары мекендеген Иордания мемлекеті де коро­лінен бастап, қарапайым халқына дейін астанасы Амманда Нұрсұлтан Назар­баев атындағы көшенің ашылуын мерекедей өткізулерінің өзі неге тұрады! Ал, кәрі тістері сиресе де өзінен өзгені көзіне ілгісі келмейтін Еуропа төрінде Төле бидің ісін жалғастырушылар төбе би болса деген түсімізге де кірмеген қиял шын­дық түрінде бүкіл дүние жүзін елең­детуі де Елбасының әлем алдындағы абы­рой-беделінің арқасы екенін та­рихымыздың қай ұрпағы да бағалайды деп ойлаймын. Сексенінші жылдардың аяқ кезінде, социалистік жүйенің буын-буыны сырқырай бастаған жылдары Кеңестер Одағы әдебиетшілерінің “Литературная газета” деген басылымында әдебиетті маңайлап жүретін кавказдық бір азамат: “Орта Азия мен Қазақстаннан ел басқа­ра­тын тұлға шықпайды, себебі олар ру-руға бөлініп, бірін-бірі мойындамайды, ал тұтастығы жоқ ұлттан саяси қайраткер шығуы мүмкін емес”, – деп жазып еді. Дегенмен Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес, күллі дүниені мойындата ала­тын адамның қазақта бар екендігін На­зарбаев дәлелдеп берді. Теміртаудың домна цехына жұмысқа келген кезде адам төзбес ауыр мұндай жұмыстарға шы­дамай талай жастардың кетіп қалған­дығын, бір күні ауылдан әкесі келіп, баласының жұмысын көріп “мынадай бейнетті не қыласың, таста, ауылға жүр” дегеніне де қарамай, басқа ұлттардың алдында қазақтың намысы үшін қандай-қандай төзімділікке барғандығын бір ес­телігінде жазып еді. Сондай төзімділігін ол ел басқару ісінде де көрсетті және тек төзе беру емес, шебер саясаткерлігімен, керемет біліктілігімен көрсетіп келеді. Нұрсұлтан Назарбаев осындай сұң­ғыла саясаткерлікті, кісі танитын қасиет­терді анасының құрсағында жатқанда-ақ бойына сіңірген сияқты. Әйтпесе мұндай кемеңгерлікті Днепродзержинскіде немесе Теміртауда оқып үйрену мүмкін емес, ел басқарудың қырық қатпарлы қиын жолдарымен қырық ру халықты маңайына жинау Алла тағаланың мейі­рім нұры түскен адамның ғана қолынан келеді. Мен Нұрсұлтанды өзім адамзат та­рихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын Мұсылман жұртының ардақты перзенті Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын. Ұқсату дегенім, әрине, теңеу емес қой. Ұқсатуымның мәнісі мынада: Мұхаммед пайғамбарымыз да өз отандастарынан қорлық, қиянатты көріп, естімегенді ес­тіп жүріп, бастары бірікпейтін арабтарды ғана емес, бүкіл адамзат баласын адал­дық жолына, бір тудың астына бірік­тіре­мін деген идеяға өмірін арнады. Өзінің руластарының жауыздығынан қашып құтылуға мәжбүр болып, ансар­лар, еврейлер, мұғаджарлар секілді түрлі ұлт өкілдері мекен еткен елеусіз ғана қала Ястрибке келіп, оны мұсылман жұр­тының орталығына айналдырды, содан бастап Ястриб Медине (Мединет-Нәби – Пайғамбардың қаласы) атанды. Елбасының астананы Ақмолаға көшіреміз деген ұсынысын естіген зал толы әріптестер, кейін бүкіл халық “бұл қалай, ғасырға жуық мәдениеттің, ғылым мен саясаттың ордасы болған әсем Алматыдан астананы қайдағы бір қалаға қысы-жазы ала дауылдан көз ашпайтын провинциялық Ақмолаға көшіру және ел күн көре алмай отырған мынадай жоқ­шылық заманда айдалаға қала саламын деу көзсіздік пе, жоқ, көрегендік пе?..” деп біреулері дыбысын шығарып, енді біреулері іштерінен күбірлескен еді. Ол күбір-сыбырлар бүгінгі Астананың аспанмен таласқан көркем ғимарат­тарының көлеңкесінде қалды. Астана жаңа идеялардың Мединесіне айналды, жаңаша дамудың, қарқынмен дамудың ордасына айналды. Рас, Астананың ауа райы қатал. Бірақ бір ғажабы Арқаның 40 градус аязы адамдарды ерекше сергек жүруге ықпал етеді екен. Мұнда жайбарақат, қалғып-мүлгіп жүрген адамды көрмейсің. Тіпті үдере соққан желінің өзі шапшаңдыққа ша­қырып тұрған табиғи механизм тәрізді. Мен мақаламды өзім жақсы көретін қайраткер, ұлы әйел Маргарет Тэтчердің сөзімен аяқтағым келеді. Ол “Мен шаршамайынша, кетпеймін. Ал Британияға мен керек болып тұрған қазіргі кезде, мен ешқашан да шаршамаймын” деген еді. Біздің халыққа да Назарбаев керек. Демек елге керек болып тұрған кезінде біз оның қайратына қайрат қосылып, ұлы елімізді жаңа дәуірлерге бастай береді деп сенеміз. Халықтың махаббатынан басқаның бәрі сатылатын заманда өз жұртымен бірге әлем халықтарының да ілтипаты оған қуат беріп жүрсе екен дейміз. Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.