179 ОТБАСЫ БІР КҮНДЕ ПӘТЕР АЛЫП ЕДІ
Біздің отбасы бұған дейін Қарашығанақ кенішінің іргесінде орналасқан Тұңғыш ауылында тұрған еді. Бұл жер санитарлық қорғау аймағына кіретін. Оның экологиясы адамдар денсаулығына қолайсыз әсер етіп келді. Сондықтан өзге жаққа қоныс аудару қажет болған кезде, бұл іске Елбасының тікелей шапағаты тигенін айтудың өзі біз үшін бір мәртебе.
Сөйтіп, бір күнде 179 отбасы Орал қаласында салынып пайдалануға берілген сыңғырлаған жаңа үйге келіп қоныс тептік. Көп балалы отбасы ретінде бізге аумағы ат шаптырым алты бөлмелі пәтердің кілті сыйланды. Қуанышымызда шек болған жоқ, әрине.
Осы жәйт есінде қалған болуы керек, арада екі жыл өткен соң қызмет бабымен облысқа жолы түскен кезде: тұңғыштықтар қалай тұрып жатыр деген сауалды сол кездегі облыс басшыларына қойса керек. Елбасының бұл сауалына жауап сөзбен емес, нақты іспен, Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа қоныстағы тұрғындармен кездесуі арқылы қайтарылды.
Сол жолы Нұраға көп балалы отбасы ретінде біздің шаңырағымызға бас сұғып, дастарқанымыздан дәм татты. Балалармен танысып, тіл қатысып қандай өнерлері бар екенін сұрады. Олар Мемлекет басшысына би билеп, тақпақ айтып беріп бәрімізді риза етті.
Ол кезде тұңғышымыз Әсем Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясының екінші курсында оқыса, кенжеміз Ақерке бір жастан жаңа ғана асқан еді. Бүгінде Әсем жоғары оқу орнын аяқтап, мамандығы бойынша қызмет атқарып жүр. Ал кенжеміз Ақерке биыл мектеп табалдырығын аттамақ.
Міне, содан бері бес жыл сырғып өте шығыпты. Қазір біздер отбасымызда орын алған сол бір бақытты, сәулелі шақты емірене, тебірене еске алып отырамыз. Сол кезде Елбасы отбасы мүшелерімен бірге ескерткіш үшін суретке де түсіп еді. Бұл сурет Отанымыздың бас газеті “Егемен Қазақстанда” жарияланды.
Отбасы иесі, шаңырағымыздың тірегі, ұл-қыздарымыздың сүйікті әкесі, ерім Қамда барға қанағат ете білетін азамат. Мамандығы – қарапайым механизатор. Ол кеніште істеген кезінде шетелдік техника тілін де шебер меңгере білуімен талайларды тәнті етті.
Біздің отбасының бүгінгі тілегі егемен еліміздің тыныштығы мен амандығы. Республикамыздың одан әрі дәл қазіргідей алға қарай тұрақты түрде дамып гүлдене беруі. Осы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бар күш-жігерін жұмсап, елімізді өркениет көші легіне бастап келе жатқан Нұрағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз. Жақсы адамдар елдің бағы үшін дүниеге келеді деген халықтық қағидаға Нұрсұлтан Әбішұлының өнегемен өрілген өмірбаяны толық айғақ бола алады деп санаймыз.
Тоғжан ЕСЕНБАЕВА, көп балалы ана.
ОРАЛ.
ПРЕЗИДЕНТ БАЛАМЫЗҒА БАТА БЕРГЕН
Біз ол күнді ешқашан ұмыта алмаймыз. Шардара су қоймасына су толып, Сырдың таситындығы туралы еміс-еміс естігенімізбен қазақы кеңқолтыққа салынып, ондай болмайтын шығар деп ойлайтынбыз. Ерім Ерімбетов Асан мал жайымен қырға кеткен еді. Бір уақытта ащы айқай шу естілді. Буырқанған су үйді басып қалыпты. Әп-сәтте тізелікке келді. Бес баламыз бар. Қырға қарай жүгірдік.
Төбеге шыққан соң қарасақ, тасқын су үйіміздің терезесіне дейін жетіп, ернеуінен ішке құйылып жатыр. Сәл кешіксек опат болғандай екенбіз.
Ол кезде аудан әкімі, бүгінде сенатор Қуаныш Айтаханов ағамыз еді. Бір біз емес Сыр жағасында отырған бірнеше ауылды су алып кеткендіктен, төтенше жағдай жарияланды. Күні кеше тіршілігімізді қоғамдап, бала-шағамызбен бақытты өмір сүріп отырған біз сол тасқыннан соң қолында бір дүниесі жоқ кембағал жанға айналдық.
Осынша жасқа келгенде далада қалдық па деген ой туды. Әйелдікке салып, қатты-қатты әңгімелер айттық. Сол кезде Елбасымыздың апат шеккендерге үй салып беруге Үкіметке тапсырма бергенін естідік. Қуанышта шек жоқ. Бір-бірімізден сүйінші сұрап жүрміз.
Ауыр аяқ едім. “Халқының жағдайын ойлайтын Нұрсұлтан Назарбаев сияқты Президенті бар ел қандай бақытты. Егер ұл тусам атын Нұрсұлтан, қыз тусам Сара деп қоямын”, дедім іштей.
Дүниеге кішкентай Сарамыз келді. Президенттің тапсырмасымен ақшаңқан үйге кірдік. Мұндай үйді өз қаржымызға сала алмас едік.
Ел болып қуанып, Елбасының тілеуін тіледік. Жаңа ауыл салынды. Елбасы келді арнайы. Біздің үйге бас сұғып, қолымыздан дәм татты. Қызымызды қолына алып, маңдайынан иіскеді. Бата берді.
Мен бұл күнді еш ұмыта алмаймын. Бір сәтте түксіз қалған адамдарын үйлі-жайлы қылып, қатарға қосқанын ауыл халқы ұмытпайды.
Бар болыңыз, ағатай...
Алма АРҒЫНБАЕВА, көп балалы ана.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Маяқұм ауылы.