Ұлы Жеңіс туралы, сұрапыл соғыстың қасіреті туралы 70 жыл ішінде көп жазылды, айтылды... Кинолар түсірілді, деректі фильмдер көрсетілуде. Тақырыптың қыр-сыры жан-жақты ашыла түсті, зерттелді. Майдан мен тылдағы өмір, ерлік пен батырлық жырланды. Естеліктер жазылды, ескерткіштер орнатылды. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды...
Бұл тақырып – мәңгілік тақырып. Таусылмайтын, шегіне ешкім де, ешқашан да жете алмайтын тақырып екен. Әлі де айтылмаған, айта алмаған жайттар көп екен...
Ленгер ауданы, «Қызыл үй» колхозынан соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанған 1912 жылы туған Мамышев Мұстафа еді. Ауылдық кеңестің жауапты хатшысы ооғысқа бармайтын айрықша нұсқаумен бекітілген құжаты (броны) бола тұра, Ленгер аудандық әскери комиссариатына өтініш жазып, қызметі мен мөрін, кілттері мен құжаттарды өз қолымен болашақтан үлкен үміт күттіретін сауатты әрі пысық, жауапкершілігі мол Мәрия Бишімбаеваға тапсырып кетеді.
Үш жасар ұлы мен шақалақ қызын жұбайы Күлхатшаға аманат етіп тапсырып тұрып, өзін күтуін сұрайды. Қоштасу тез болды... Өмірдегі ең жақын үш адамын бірдей құшағына қысып, маңдайларынан сүйіп, қызын қайта-қайта мейірлене иіскеп кете берді.
194-ші атқыштар дивизиясының 954-ші атқыштар полкінің ефрейторы Мамышев Мұстафа алдыңғы қатардағы жауынгер болды. Жазған хаттарында «елді қорғау – азаматтық борышы» екені туралы, болашақ бейбіт өмір туралы өз ойларын жазып, жан жарына деген ыстық сезімін жеткізе келе, ылғи күтуін сұрайтын. Нәрестелеріне деген әкелік мейірімі мен олардың «періште исі» елге жетелеп келетініне сенімді болатын.
Сондықтан болар, екі рет майданнан қара қағаз келсе де, жары жамандыққа қимай, күтумен болды. Екі жағында құшағына тығылып жатқан екі перзентімен кешке жатар алдында Жаратушыға бірге сиынып, ұйқыға кететін. Таңертең екеуі анасының Аллаға жалбарынып, «жарының амандығын сұрауының» куәгері болып өсті. Кейде, Аллаға жылап отырып жалбарынғанын көріп, өздері де көрпе астында көз жасын сүртіп жататын.
Алла жастың тілеуін береді. Әкелеріңнің аман келуін өздерің сұраңдар, дейтін анасы. Сонда дауыстап, жарысып жалбарынушы еді олар. Кейде анасының көзіне жас келгенін байқап қалған олар, бірге жылайтын... Әкесі балаларының есінде жоқ. Олар тым кішкентай болған, сондықтан өз қиялдары бойынша оның бейнесін суреттеп алған. Уақыт өте үшеуі де бір-біріне көз жасын көрсетпеуге тырысатын. Солай бір-бірін жұбатып жүріп, жылдар өтті.
Соңғы хат Мұстафадан 1944 жылы тамыз айының басында келді. Бір айдан соң қара қағаз жетті... Онда жары туралы «ауыр жарақаттан қайтыс болды» деп жазылған екен. Алдыңғы екі құжатта «ерлікпен қаза тапты» деген сөздер жазылған болатын...
Мына хабар ауыр тиді... Жүрек бір түрлі сыр берген сияқты болды. Күлхатша апа осы хабардан кейін қалтырап-дірілдеп ауырып, төсек тартып жатып қалды... Тек құлағына «күт... күдеріңді үзбе... күт... күте бер» деген сөздер келе берді.
Анасымен бірге екі бала да ауырды. Бірақ, олар қай жері ауырғанын өздері білмейді... Солай үшеуі де әлсіреп, ауырып бір жеті жата берді. Бір күні қызы әкесі туралы айтып беруін сұраған. Егер біз ол туралы көп айтсақ, әкем өзі келіп қалады, деді ол. Әкем келгенде біздің бәріміздің ауырып жатқанымызды көрсе ренжиді ғой. Сондықтан, біз мықты болуымыз керек, деп, анасының қолтығынан сүйеп тұрғызды.
Сол сөз демеу болды ма, әйтеуір, тіршілікке қайта бетбұрыс басталды. Қайталанатыны – Тәңірден әкесінің аман оралуын сұрау еді...
Күтумен жыл өтті. Жеңіс күні де келді. Ауылға соғыстан азаматтар орала бастады. Әр азаматтың келуі – елдің ортақ қуанышы еді. Соғыстан оралғандардың үйіне анасымен бірге екі перзенті де ілесе баратын. Әңгімені мұқият тыңдайтын. Әр сөзге зейін қоятын. Олар міндетті түрде «Біздің әкемізді көрдіңіз бе?» деп сұрайтын. Ұнамайтын жауапқа «ол келе жатыр... әлі жолда жүр», деп өздерін жұбатып қоятын.
Анасының қолынан ұстап келе жатып, кейде қызы: Құдай, әкемді үйге жетелеп келші... Сол үшін мен сенің үйіңді жинап берейін. Тамағыңды әзірлеп берейін. Сенің барлық айтқандарыңды бұлжытпай орындайын, деп қиялдап жүретін. Ұлы көп сөйлемейтін. Мінезі салмақты, тез есейді. Анасының көзінен көп нәрсені айтқызбай-ақ ұғатын. Қарындасына қамқоршы бола бастады. Оның көп сөйлегенін, сыңғырлаған күлкісін анасы келгенде демеп отыратын.
Соғыстан кейінгі үш, бес жыл ішінде тағы да жауынгерлер келіп жатты. Бірақ, ешқайсысы сельсоветтің хатшысын соғыста көрдім-білдім демейді. Оның үстіне жазылған іздеу хаттарға да жауап жоқ... «Демек, соғыстан оралмайды ғой... Жарақаттан қайтыс болғаны рас екен ғой...». Бірақ, жүрек ондай суық хабарды қабылдағысы келмейді. Сүйікті жары жазған хаттарында «ұлы мен қызын көбірек еркелетуін сұранатын. Әлемдегі ең сұлу, ең ақылды әйелді Алла өзіне бергенін достарына мақтанышпен айтатынын», жазатын. Хат арқылы «жұбайының мөлдір көзіне мұң ұяламаса деп тілейтінін» жеткізуге тырысатын. Хаттардың әрбір сөзі жүректе жатталып қалған... Күш берген де, жігер берген де сол сөздер... Еңсесін көтере алмай бүк түсіп, зіл басып жатып қалғанда да сол сөздер нәр беріп, қайта тұрғызған. Қара қағаз алып, қара мұңға батқанда да, бір өліп, қайта тіріліп, талып... естен адасып, қайта есін жинауға сол сөздер әсер етті. Сол сөздер қайтадан аяққа тұрғызды. Аллаға сиындырды!..
Күту... Күте беру... Күту азабы басталды. Балалар мектептен асығып келіп, әкесін күтеді. Анасы үйге асығып-аптығып жүгіріп келуші еді... Он жыл күту... Жиырма... Отыз жыл күту... Балалары үйлі-жайлы болды. Ал, ол кісі әлі жан жарын күтумен келеді...
Жыл сайын Жеңіс күні және ақпан айындағы Кеңес Армиясы күні қарсаңында көрсетілетін барлық деректі және көркемфильмдерді, арнайы бағдарламаларды түгел көрумен болады, апа. Теледидардан жан жарының бейнесін іздеп, көзі талғанша үңіледі. Кинодағылармен жүрегі бірге соғып, күту азабына тағы да қосымша мұң қосып алатын. Ешқайда қыдырып бармайтын. Сыртқы есікті ілгізбейтін. Түні бойы шам жанып тұратын... Солай 1976 жылға дейін созылды... Өмірінің соңына дейін күту, тек күту...
Сондай аналарды пәк аналар деп атайды. Ресми тілде «Ұлы Отан соғысы жылдарында жарлары соғыстан қайтпай жесір қалып, балаларын жалғыз өсірген пәк аналар» деп құрметпен атайды. ««Пәк аналарға» арналған марапаттар мен жеңілдіктер қарастырылған. Оларға құрмет те, қошемет те көрсетілуі керек» деп жазылыпты.
Бәрі дұрыс. Құрмет те, қошемет те көрсетіліп жатыр. Ол аналардың пәктігі аңызға айналғаны да рас. Олар оны ешкімге жария етпей-ақ, ешкімге міндет артпай-ақ, қарапайым өмір кешті. Бәрі өмір кешуде. Бірақ, біз бұл туралы шынында көп айтпаймыз.
Жақында мен соғыс және тыл ардагері атанған парасатты ағадан осы «пәк аналар» кім, олар тіршілікте қандай адамдар? деп сұрадым.
Мен білетін, мен танитын пәк аналар – етегіне намаз оқуға болатын аналар. Оларға көзі тірісінде ескерткіш орнатуға болады. Олар тұратын үйдің сыртына «Пәк ана тұратын үй» деген тақтайша іліп қойса, артықтық болмас еді. Ондай аналарды ел тануы керек. Олардың орны тіршілікте – төр, арғы дүниеде – пейіш! «Пәк ана» дегенді «тектіліктің туы» деп ұғынамын, – деді ардагер аға көзіне жас алып.
Шынында да, бұл тың тақырып. «Пәк ана» деген құдіретке біз сиынсақ болар еді ғой?!.
Мамышев Мұстафаның үйінде бір де бір суреті сақталмаған екен. Ұлы Қаламбек мектепті бітіріп, Шымкенттегі техникумға оқуға түскен кезде «әкесінің суреті бір досының үйінде бар» деп естиді. Содан сабақтан сұранып, әлгі үйге, 30 шақырым жерге жаяу барады. Күздің алғашқы айы болған соң, ерлі-зайыпты үй иелері балшықтан қыш құйып, жұмыс басты болып жатқан екен. Келген шаруасын баяндаған соң, әлгі кісі «үйге кіріп, ақ орамалдағы түйіншектен суреттерді қарап ала бер», деп жұмсапты.
Оншақты суреттерді қарап, әкесін танымағанына өзі әрі ызаланып, әрі қобалжып, ұзақ таңдайды. Бір кезде екі суретті қолына ұстап, әлгі кісіге алып келіп, 3-4 жігіттің ішінен біреуін: «Мынау менің әкем бе?!» деп дірілдеген саусақтарымен көрсеткенде, ана кісі: «Мынау әкесін танымайды екен?!» деп бар дауысымен күледі. Оған әйелі қосылып, екеуі едәуір күледі. Оларға қарап, ұзақ жыл ішінде сақтап жүрген мұң мен қайғы жарылып шыққандай, Қаламбек өксіп-өксіп жылап жібереді. Оны көрген ерлі-зайыптылар қосыла жылап: «Шырағым-ау, сен әкеңді танитындай да болмадың ғой. Әкең соғысқа кеткенде сен кішкентай едің. Мынау бірінші тұрған – сенің әкең. Ол барлық уақытта бірінші болатын. Ерекше жан еді. Үлкен азамат болатын. Сен – асылдан қалған жалғызсың», – дейді.
– Мен жалғыз емеспін. Қарындасым бар. Анам бар. Жалғыз деп айтпаңыз, – деп Қаламбек жылап тұрып жауап қайтарады...
Екеуі дереу қолдарын жуып, дастарқан жайып, әкесі Мұстафа туралы естелік айтты. Суретін үлкейтіп алу үшін сұрап алып, Қаламбек қалаға жаяу оралды. Жол бойы суретін қайта-қайта сүйіп, көкірегіне басып, әкесімен қауышқандай болып келді. Өксігі сыртқа шығып, біршама жеңілдегендей әсер алды.
Ертесіне сурет шығаратын ескі универмагтың маңайындағы шеберханаға барып, суретті үлкейтуге тапсырыс беріп, алғашқы стипендиясын әкесіне жұмсағанына өзі разы болып, марқайып жүрді. Демалыс күні үйіне әкесінің суретін костюмінің ішіне, көкірегіне басып әкеліп, төрге іліп қойды. Анасы жұмыстан келгенде: «Енді біз түгел болдық», деп суретті көрсетті. Жігіт болғаның осы! «Орнында бар – оңалар» деген осы шығар, деген анасының ақ батасын алды.
Сол суреттің төрде ілініп тұрғанына 50 жылдан асты.
Апа өмірден озғанша жарын күтумен болды. Іздеумен болды. Бір хабар, бір мәлімет табылмады. Тек 2009 жылы 30 шілде күні №9/104655 нөмірлі құжатпен «1912 жылы туылған Малышев Мустафа 1944 жылы 20 тамызда ауыр жарақаттан қайтыс болғаны және Грабниак деревнясы, Цехалов ауданы, Белосток облысында (бүгінде Польша мемлекеті, Подольск қаласында) жерленгені туралы архивтен мәлімет алынды. Апаның 30 жылдан астам уақыт таппағаны, ешқандай мәлімет ала алмағаны бір әріп, тіпті, бір сызықшадан қате кеткені екен ғой?!. «Мамышев» деген «Малышев» болып кеткен?.. Бір сызықша – қазақ фамилиясын «орысша» етіп жіберген?!. Қандай өкініш?! Орны толмас өкініш!.. Күтумен, іздеумен өткен өкініш!..
Және тағы бір қате, бір сауатсыздықтың зардабы – сол құжаттарда әйелі Мустафаева Кулхатша деп жазылудың орнына есімі «Нехатша» деп жазылған. Осы себептерден табу қиын болған... Әдейі істеймін десең де, ойластыра алмайтын жайттар...
Соғысқа дейін Мұстафаева Күлхатша тауық фермасының меңгерушісі болған. Соғыс жылдары «Барлығы майдан үшін, жеңіс үшін» деп күн-түн еңбектенді. Жоспарын артық орындап, «стахановшылардың» қатарында болды. Сол ерен еңбегі туралы әңгіме өрбітуді жөн көрдім.
Шаруаны әлсіретіп алмау үшін, әрі жемді үнемдеу қажет болған соң, небір амалдарды ойластырдық, – дейтін апа. – Соның бірі тауықтарды күндіз шөпке жайып, бір мезгіл жем беріп, ал, кеш батқанда шамдар жағып қойып, оларды шыбын-шіркейге тойғызып амалдау еді. Көкке жайылып, еркін жүрген соң, жұмыртқалары көлемді, құнарлығы жоғары әрі көп болатын. Солай, жоспар артығымен орындалатын. Қол бір сәт босаса шұлық, жемпір тоқып, майданға салатын едік, деп еске алатын. Ал ауылдағы балалардың денсаулығына да көңіл бөлуге тырысатын апа. Өзіне жеке жауапкершілікке алып, аптасына 2 рет әр балаға бір жұмыртқадан беретін. Кейде, тауық етімен де дәм татқызып қоятын. Сондықтан, басқа ауылдың балаларынан «Қызыл үйдің» балаларының денсаулығы дұрыстау болды.
Ел пәк ананың қамқорлығын осы күнге дейін аңыз ғып айтып жүреді.
Аты аңызға айналған пәк ананың бірі – Күміс апа. Соғыс кезінде сиыр фермасының меңгерушісі болған. Сол заманның қаталдығы, елдің асқа жарымауы, ерен еңбегі туралы өз ауыздарынан талай естідік. Бір литр сүт алғаны үшін сотталып кеткендер де болған екен. Күнделікті кешкі сауыннан кейін, барлық шаруаны реттеп болып, Күміс апа үйіне 3 литр сүт алып шығады екен. Ұсталған адамды жаза күтіп тұр. Сондықтан, Күміс апа барлық жауапкершілікті тек өз мойнына алған. Ұсталған жағдайда, сотталған жағдайда балаларына қарайтын енесі бар.
Түнде апарған сүтті өзі пісіріп, әр үйге бірдей жарты кеседен бөліп беріп отырған. Кейде, ауырып қалған балалар ыстық сүтті қазан басынан ішіп кетеді екен. Ағарған ішіп, талай бала «тойған қозыдай» болып өсіп, еліне қамқоршы болып қызмет етіп жүр. Сол балалар пәк аналардың перзенттері, елге үлгі болған, аңызға айналған аналардың ұрпақтары.
«Аналар» дегенде тағы бір ардақты ана, атына заты лайықты Әсем апа еске түседі. Тұрмысқа шыққанына бір ай толмай, күйеуі соғысқа кетеді. Бір ауыз орысша білмейтін, өте момын әрі аңғал кісіден бір хат келмейді. Ешқандай хабар жоқ. Солай бір жылдан астам уақыт өтеді. Күндердің-күнінде бір кісілер арқылы Әсем апаға «күйеуі Шымкентте пойыз вокзалында, екі аяғы жоқ, сонда өмір сүруде», деген хабар жетеді. Ести сала апа вокзалға жаяу тартқан ғой. Кешке жетіп, іздеу салады. Әскери киім киген көрікті, сымбатты жан жарын бірден таниды. Жолаушыларға арналған орындықта жайғасқан оның мүгедектігі алыстан білінбейді. Тек, жақындағанда... екі аяғы жоқ екені байқалады.
Жүрегі дүрсілдеп, қасына жете алмай... дауысы шықпай... Әйтеуір, бір кезде жетті-ау?!. Бір-біріне қарап еңіреп жылап, таң атқанша екеуі сөйлеседі. Күйеуі «мынандай күйде үйіне оралмауға» шешім қабылдағанын жеткізеді.
Әсем апа оны «ешкімге бермейтінін, үйіне арқалап болса да әкететінін» айтады. Ақыры күйеуін көндіре алмаған соң, арқасына күштеп өңгеріп алып, ауылға қарай жөнеледі. Әбден шаршағаннан демалып отырған кезде, күйеуі: «Мен масыл болып сенің көңілің суығанда, жүйкең тозғанда вокзалға қайтып әкеп тастайсың ба?» деп сұрағанда: «Барлық қиындықты бірге жеңеміз», дейді. «Барлық жақсылықты бірге көреміз. Сен тірісің... Сен жанымдасың... Басқа ештеңе айтпа. Мен саған аяқ болуға жараймын. Оған сенімдімін. Сен де маған сен!» депті Әсем апа. Екеуі жол бойы болашаққа жоспар құрып, сыйластықпен ғұмыр кешуді армандап, ауылға бақытты болып оралған.
Әсем апа мен Әбдіқадыр ата он бала сүйіп, үлкен әулеттің негізін қалады. Апа өмір бойы атаның қас-қабағына қарап, аяғын ұзартып, демеу-тіреу бола білді.
Көз алдымда кішкентайдан көрген апа мен әжелердің бейнелері қатар тізіліп тұрады... Олардың әңгімелері есіме түседі. Бірақ, кейбіреулерінің есімдерін ұмытып қалған екенмін.
Ұмытылмайтыны – Ұлы Жеңіс күні және 23 ақпан – Кеңес Армиясының мерекесі қарсаңында біздің үйдегі теледидардан соғыс туралы барлық киноларды көруге апалар мен әжелер жиналатыны... Деректі фильмдерден көздерін алмай жәутеңдеп, жанына жақын жандардың бейнесін іздеп отыратын. Үнсіз көретін... Көз жастарын көйлектерінің жеңімен, кейде орамалдарының ұшымен сүртіп отыратын. Көз жастарын бір-бірінен жасыруға тырысатын... Мықты болып көрінгісі келетін... Кейбіреулері газетке махорка орап, біреулері «Беламор-Канал», «Прибой» деген темекілерін асықпай тартып отыратын. Сол кездері олардың ауыр күрсініп отыратындығы есімде мәңгілік сақталып қалды...
Күлия АЙДАРБЕКОВА, журналист.
ШЫМКЕНТ.