Жинақтың тұсаукесеріне еліміздің зиялы қауым өкілдері, Сенат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, мәдениет және әдебиет қайраткерлері, ғылым саласының жетекші мамандары қатысты.
Іс-шараны жүргізген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин жаңа кітаптың құрылымдық ерекшеліктеріне, автордың өмірлік тәжірибесіне және еңбектің қоғамдық маңыздылығына тоқталып, шығарманың тәуелсіздік жылдары мен ел дамуының күрделі кезеңдерін түсінуде құнды дерек екенін атап өтті. Модератор ретінде ол оқырманға кітаптың негізгі идеяларын, мазмұндық салмағын және автордың азаматтық ұстанымын таныстыруға басымдық берді.
Оқырманға жол тартқан "Тайталас-тағдыр" еңбегі – бір адамның қызмет жолын баяндаумен шектелмейтін, еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі әлеуметтік, саяси және рухани өзгерістердің үдерісін көрсететін кең тынысты шығарма. Автор ұзақ жылдар бойы түрлі мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді атқара жүріп көрген оқиғаларын, елдік мүдде жолындағы күрделі шешімдер мен жауапкершілік сәттерін, қоғамдағы өзгерістерді өз көзқарасымен жеткізеді. Замандас тұлғалармен пікір алмасулары, түрлі тарихи кезеңдердегі қызметтік тәжірибелері және сол уақыттың қоғамдық ахуалы кітаптың негізгі арқауын құрайды.
Автор ұлттық құндылықтар, азаматтық жауапкершілік, мемлекеттік қызмет мәдениеті, білім мен ғылым саласының маңызы секілді мәселелерді талдап, оларды қазіргі заманмен байланыстыра пайымдаған.
Тұсаукесерге қатысқан зиялы қауым өкілдері еңбектің тарихи-танымдық және тәрбиелік маңызына назар аударып, оның тәуелсіздік жылдарындағы маңызды кезеңдерді зерделеуге жол ашатынын атап өтті.
Кітапта баяндалған оқиғалар мен ой-толғамдар жас буынға, болашақ зерттеушілерге және жалпы ұлттық тарихқа қызығушылық танытатын оқырманға құнды дереккөз бола алатыны айтылды.
«Тайталас-тағдыр» – тарихшылар мен саясаттанушыларға, қоғамтанушыларға, мәдениеттанушыларға, білім беру саласының өкілдеріне, сондай-ақ ел дамуы мен рухани өрлеуіне қызығушылық білдіретін кең аудиторияға арналған еңбек. Шығармада жеке тағдырдың елдік даму жолымен астасуы, қоғамдық ойдың қалыптасуына әсер еткен кезеңдер мен тұлғалар туралы пайымдар көрініс тапқан», дейді іс-шараға келген ғалымдар.
Ел дамуының негізгі кезеңдерін түсінуге мүмкіндік беретін деректік әрі көркем-публицистикалық еңбек тәуелсіздік дәуірінің саяси, әлеуметтік және рухани үдерістерін саралауда маңызды рөл атқарады. Кітап оқырманын ойлануға, өткенге жаңаша көзқараспен қарауға және болашаққа сындарлы жауапкершілікпен ой түюге шақырады.