Экономика • Бүгін, 08:20

Мұнайлы өңірдегі серпіліс

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көгілдір отын – табиғи газбен тұрғындарын толыққанды қамтамасыз еткен бірегей өңір – Атырау облысы. Өзінің кем-кетігін бүтіндеп, республика бюджетіне қыруар қаражат құятын еліміздегі бірден-бір донор аймақ та осы өлке. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Серік Шәпкенов мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады.

Мұнайлы өңірдегі серпіліс

Аймақ басшысы өңірді да­мытудың негізгі бағыттары мен жетістіктеріне, Мемлекет басшысы жүктеген стратегиялық мін­деттердің орындалу бары­сы­на тоқталды. Биылғы 11 ай­дың қорытындысында өңірдің әлеу­­­меттік-экономикалық көр­­­сет­кіштері қарқынды дамып, оң динамика байқалған. Де­ген­­мен негізгі капиталға са­лынған инвестиция көлемі 30%-ға дейін төмендеген. Бұған «Теңізшевройл» ЖШС-індегі «Келешек кеңею жобасының» аяқталуы әсер етті деген облыс әкімі өңір дамуының басты экономикалық драйвері мұнай-газ саласы екенін атап өтті.     

«Бүгінде құны 10,7 млрд долларды құрайтын үш ірі зәкірлі ин­вестициялық жоба,
сондай-ақ құны 104 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Нәтижесінде, 1 320 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінен «Atyrau Chicken» құс фабрикасы мен «BKM Атырау» вагондардың дөңгелегін жөндеуге арналған шеберхананың маңызы жоғары. Биылғы қаңтар-қазан айларында агроөнеркәсіп кешенінде 116,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңірдің мал шаруашылығында да өсім бар. Негізінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында инвест жобаларды іске асыруға басымдық беріліп отыр. Келесі жылы жалпы құны 48,3 млрд теңге тұратын 12 жоба іске қосылады», деді Серік Жам­былұлы.

Биылғы алты айда Атырау облысында шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл – жал­пы өңірлік өнімнің 21,2%-ы. Кәсіпкерлікті дамытуға 8,9 млрд теңге бөлінді. Жалпы құны 36,3 млрд теңге мөлшерінде 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, 1725 жаңа жұмыс орны ашылды. «Өрлеу» бағыты арқылы жаңа бизнес бастамаларды қолдау да қарқын алып келе жатыр.

Инвест жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдаудағы кешенді іс-шаралар да жемісін беріп отыр. Эконо­миканың түрлі саласында 26 мың­ға жуық жаңа жұмыс орны ашылған, оның ішінде 13 мың­нан астамы – тұрақты жұмыс орны. Өңір басшысы Мансап орталықтарының көмегіне жүгінген 35 мың адамның 15 мың­нан астамы жұмыспен қамтылғанын да атап өтті. Бұдан бөлек, 14 мың адамға кәсіби бағдар беру аясында ваучер таратылды. Өз кәсібін бастауға ниетті 300 азамат қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Облыста халықты сапалы ауызсумен, көгілдір отынмен, электр желілерімен қамтамасыз ету 99,9%, яғни 713 мыңнан аса адамды қамтиды. Тұрақты әрі сапалы қызмет көрсету аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асырдық. Атап айтсақ, Атырау қаласы мен Мақат тұрғындарын ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында №5 сүзгі стансасы қайта жаңғыртылып, су тұтыну көлемі тәулігіне қосымша 50 мың текше метрге артты. Бұдан бөлек, жазғы су желісінің 165 шақырымы (5 ауылдық елді мекенде) толық салынды. Атырау қаласы мен аудандарда электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүйелі жүзеге асырылып келеді. 302 шақырым электр желісі жаңартылды, «Нұрсая» шағын ауда­нындағы 66 шақырым желі заманауи, қауіпсіз кабельдерге ауыстырылды. Сонымен қатар қуаттылығы 32 мВт «Нұрсая–Самал» қосалқы стансасының құрылысы аяқталды», деді өңір басшысы.

Жүйені автоматтандыру мақсатында 30 дана автомат­ты қайта қосу құрылғысы орна­тылған, Атырау қаласының оң жа­ғалауында сағатына 120 мың текше метр газ тарататын станса мен 46 шақырым магистралды газ құбырының құрылысы тиянақталып қалды. «Спутник» шағын ауданына газ беру жұмыстары сәтті аяқталып, нысан іске қосылды. Жалпы, Атырау облысында газбен қамту деңгейі 99,9%. Өңірдегі 145 ауыл­дық елді мекен көгілдір отынға қосылған.

«Биыл 247,9 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 83%-ға дейін өсті. Жолаушыларды авто, авиа, темір­жолмен тасымалдау салаларында да жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. 90 жаңа автобус сатып алынып, оның 48-і маршрутқа шығып үлгерді, қалған 42-сі жыл аяғына дейін тұрғындар игілігіне беріледі. Әуе қатынасын дамыту бағытында да маңызды қадамдар жасалды. «Ашық аспан» режімі аясында 6 жаңа бағыт ашылды. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 10 бағытқа жетеді. Сонымен қатар Хиуаз Доспанова атындағы ха­лықаралық әуежайды жаңғыр­туға 2026 жылға 50 млн доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, Атырау қала­сының теміржол вокзалы мен аудандардағы 9 теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді С.Шәп­кенов.

Кейінгі үш жылда үш ауы­сымдық мектеп екі есеге азайған. Биыл 27 мектептің қабырғасы қаланып, құрылыс қарқынды жү­ріп жатыр, оның ішінде 4 мек­теп пайдалануға берілген, 9 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қал­ған 14 мектеп 2026 жылы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «Nazar» жобасы аясында қаладағы 64 мектепке екі жарым мың бейнебақылау камерасы орнатылған.

«Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады. Былтыр 10 жаңа нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 5 нысан тапсырылады. Қосымша 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Өңірде екі заманауи емхана салынады. Онкодиспансер жанындағы радиологиялық корпус келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл салада атқарылған жұмыстар қан айналымы, туберкулез, қатерлі ісік ауруларының төмендеуіне әсер етті», деді облыс әкімі.

Биыл мәдениет саласында да ілкімді істер жүзеге асты. Махамбет ауданының Сарытоғай ауылы мен қала аумағындағы екі елді мекенде жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 15 мәдени нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының шығармашылықпен айналы­суына мүмкіндік беріп, өңірдің мәдени әлеуетін нығайтады. Атырау қаласында 1200 орын­дық концерт залы мен тарихи-өлкетану музейі, сондай-ақ 600 орындық конгресс-холл, бей­бітшілік пен келісім сарайы­ның құрылысы басталған.

«Облыс тұрғындарын спорт­тық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 62%-дан 71%-ға артты. Бүгінде халықтың 46,7%-ы бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы бас­талып, биыл 11 спорт кешені қолданысқа берілді, қалған 22 спорт кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Өңірде спортты жүйелі дамыту мақсатында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж жанынан заманауи спорт кешенінің құрылысы мемлекет-жеке­ше­лік әріптестік тетігі арқылы жү­зеге асырылып жатыр», деген аймақ басшысы бірқатар спорт нысандарының қазығы қағылып, құрылысы басталғанын да атап өтті.

Биыл өңірге 83 мыңнан астам турист келіп, көрсеткіш былтырғыдан 19%-ға артқан. Осы саланы дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де екі есеге өсіп, 32 млрд теңгеге жеткен. Облыста туризмді дамытудағы басты бағыттар – ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы екенін айта келіп, облыс әкімі Сарайшықты өңірдің тарихи-туристік орталығына айналдыру мақсатында бес жылдық жоспар түзіліп, жұмыстар бас­талғанын мәлім етті.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында да оң нәтиже бар. Интернетпен қамту деңгейі 99,7%-ға жетіп, шалғайдағы 14 елді мекен де интернетке қосыл­ған.

«Экологиялық ахуалы ма­ңызды саналатын өңірде биыл 6 айда атмосфераға зиянды заттарды шығару көлемі был­тырғыға қарағанда 5 тоннаға дейін төмендеген. Заңнаманы бұзған 139 субъектке жалпы 2,3 трлн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», деген өңір басшысы алда әлі де атқарылар қыруар жұмыс барын жеткізді.

Баяндамадан кейін облыс әкімі журналистердің сұрақта­рына жауап берді. Күнде мұн­дай мүмкіндік бұйыра бер­мейтіндіктен, біз де өңір басшысына облыста салынады деген Онкологиялық орталықтың құрылысына қатысты сауал қойдық. Былтыр Атырауда өт­кен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Мемлекет басшысы Онкологиялық орталықтың құрылысына қаражатты жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетінін айтқан еді. Президент тапсырмасы қалай орындалып жатқанын сұрадық.

«Президент тапсырмасына орай Онкологиялық орталықтың радиологиялық корпусының құрылысы жүргізілуде, келесі жылы аяқталады. Құрылыстың екінші кезеңінде аурухананың жатын орны салынады. Құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, құрылысына қажетті қаражатты NCOC компаниясы аударады», деді С.Шәпкенов.