Тұлға • Бүгін, 08:07

Айтматов әлемі туралы бірер сөз

90 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

12 желтоқсан – қырғыз тарихының жаңа дәуірі басталған күн. Ұлан-ғайыр ақыл иесі Айтматов уақытқа, шексіздікке, өз дәуі­рі­не сыймайтын ерекше ойлау формасымен өмір есігін аш­ты. Қа­лам­­гердің туындылары ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ақи­­қат пен ардың ұлы керуені іспетті. Оның сөзінің, ойының жолы мәңгілік.

Айтматов әлемі туралы бірер сөз

Алғашқы және соңғы кездесу

Шыңғыс Айтматов жөнінде сөз бастағанда ойыма екі оқиға оралады. Ол – Айтматовты алғашқы һәм соңғы рет көрген күнім. Бұл оқиға жадымда әбден жатталған, көкірегімдегі өшпейтін елес­тей сезіледі. 1975 жыл. Жаз. Сол жылы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына аттандым. Аттестат «5», «4» деген бағаға толы. Мектепті жақсы аяқтаған едім. Оқуда үздік балаға барлық жоғары оқу орындарының есігі ашық тұрғандай, тапсырсам болды өтіп кетердей сезімде жүрдім.

«Шу» дегенде Мәскеуге қарай бағыт алып, киношы боламын деген үмітпен қазіргі Ресей мем­лекеттік кинематография уни­вер­си­тетіне (бұрынғы ВГИК) тарттым. Енді міне, өңімде де, түсімде де армандаған атақты ВГИК-тің босағасында тұрмын. Вахтадағы апайдың: «Молодой человек, была бы хорошо, если вы еще через неделю пришли. Экзамены давно закончились. Езжайте домой, следующий год приедете», деген сөзі төбемнен мұздай суды құйып жібергендей болды. Сөйтсем, емтихандардың біткеніне екі күн болыпты. Әп-сәтте асқақ көңілдің жапырақтары сау­дырап төгіле бастады. Фрунзеге (қазіргі Бішкек қаласы) қайта оралдым…

Менсінбей, мұрнымды шүйір­ген Фрунзенің оқу орындарына барып бақ сынамақ болдым. Солай­ша Қырғыз мемлекеттік универ­си­тетінің тарих факультетіне тапсырдым. Тапсырсам болды өтіп кетемін деген көңілімдегі желік әлі де күшінде. Жоқтан гөрі жақсы ғой деп осы оқу орнына келдім. Тарихтан – 5, әдебиеттен – 5, ағыл­шын тілінен – 4, шығармадан (соңғысы) – 2 алдым. Опырылып түскен жардай болып еңсем түсіп кетті. Көкірегімді күйдіріп, ашы­­тып бара жатқан «Әкімнің Сұлтаны құлап қалыпты» деген сөз.

Оқудан жолым болмады. Көңілім құлазып Фрунзенің Маркс пен Энгельстің ескерткіші тұрған гүлзар бойымен келе жатсам, өңім бе, түсім бе, алдымда Шыңғыс Айтматов тұр. Жалғыз. Костюмін қолына бүктеп іліп алған. Ойлы. Айтматовтың өзі. Тілден қалдым. Ішім алай-дүлей. Айтматов жанымнан өтіп кетті. Артынан қалшиып қарап қалдым. Маған бұрылатындай қарап қалдым да, дереу есімді жиып оның артынан ере жөнелдім. Басқан ізіне еріп келемін. Сабылысқан студент қыздар, адамдар өтіп жатыр. Барлығы сәлемдесіп, ерекше сүйіспеншілікпен Шыңғыс ағаға қа­райды. Ол да сәлемдесіп, әрі қарай кетіп барады.

Ескі алаңнан өтті. Соңынан еріп, он бес қадам кейін келе жатырмын. Неге келе жатқанымды да білмеймін. Жаңағы студент қыздар құрлы амандассам сәлемімді алар ма еді? Шыңғыс аға үлкен есіктің арғы жағына кіріп кетті. Есіктің маңдайшасында «Министерство культуры Киргизской ССР» деп жазылып тұр еді. Шығып қала ма деп алаңдап күтіп тұрмын. Шыға сала ұшып барып сәлем бермекпін. Алайда шықпады. Көп бөгелді. Бұл күн мен үшін өзгеше болды.

Кітаптарын бірін қалдырмай іздеп жүріп оқыған сүйікті жазушым Айтма­товты көрдім. Енді ВГИК те, тарих факультеті де түкке тұрмай қалды. Айтматовты көрсем деген бала күнгі арманым орындалып, оқудан құласам да ауылға «Айтматовты көрдім» деп бара­­­ты­нымды ойлаған сайын қуанышым қойныма сыймады.

Сөйтіп, 1975 жылдың жазында Шыңғыс Айтматовты бірінші рет көрдім. 2008 жылдың 11 маусы­мы Айтматовты көрген ақырғы күнім. Жазушының сүйегі арнайы ұшақ­пен «Манас» әуежайына әке­лінді. Мемлекеттік комиссия құра­мында (ол кезде Қырғыз Рес­пуб­ликасы Мәдениет министрі едім) Айтматовтың сүйегін тосып алу­ға бардық. Сол уақыт, сол минут санамда сақталмаған. Оған жү­рек­­ті езг­ен қай­ғыдан мүлдем орын жоқ еді.

Ұшақтың жүк тиейтін жағы ашылып, емен ағашынан жасалған табыт көрінді көзіме. Жүрегім «бүлк» ете қалды, «Менің ұстазым» осы емен табытпен келді.

Баяғы Айтматовтың артынан бұрылып қарап қала ма екен деп ұзақ ерген арық, бетін безеу басқан, ұзын бойлы өзімді еске алдым. Сол кезде қалай «Амансыз ба, аға» деп айта алмасам, қазір де дәл солай не айтарымды білмей, бата алмай, жерге, аспанға, айналама қарап тұрдым. Бүкіл әлемім, бүкіл дүнием, бүкіл өмір осы емен табыттың ішінде жатты.

 

Ата Бейіт...

Медет Садырқұлов...

Шықаммен ең соңғы рет Шоң-Арықта, Байымбет Мұраталиев жез­демнің үйінде жүздестік. Ара­мыз­да ақсақалдардан Оморбай Нарбеков, Дәулетбек Шалды­беков бар еді. Шықам бұл дастар­қан­ға кеші­гіп келді. Ол кісі келген соң орта­мыз толып, үйдің іші нұрға бөлен­гендей болып кетті. Шықам­ның оң жағында отырдым. Ұлы адам­ның ұлылығы кішкентай ғана дүние­ден байқалып қалады ғой, жа­рықтық, сол жерде отырған үлкен-кішінің барлығынан кеші­рім сұрап, «мені күтпей бастай бер­­мепсіңдер, мәдени министр» деп қалды.

Шықаңды күтудің де рахаты бар екенін сонда сезіндік. Жарықтық сол дастарқандағы үркердей топ­қа құрмет көрсетіп, өте терең сөздер айтты. Оның сөзі дастарқан айналасындағыларға ғана емес, әлемге айтылып жат­қан­дай көрінді. Әр сөзі жердің өзі көтер­гісіз салмақты еді. Әлем­нің сөзін айтып тұрып, оны қара­пайым тұрмыспен, осы жерде отырған әр кісімен байланыстырды. Ұлылығының өзінде үлкен қарапайымдылық тұрды. Шықам ақ батасын берді де, сапарға аттанып кетті. Сапар алдында бәріміз Шықаңменен суретке түстік. Қолын алып, жанында тұрып, зор мақ­танышпен суретке түстік. Бірақ бұл сурет Шықаммен түскен соңғы сурет екенін білген жоқпыз.

Шықам Алматыда төрт-бес күн аял­дап, әрі қарай Қазанға кететінін айтты.

* * *

2008 жылдың 10 маусымы Шықамыздың дүние салған күні… Бұл күн әр адамның жүрегінде қайғылы күн, Еске алу күні. Суық хабар дүниеге таралды, дүние Шықамды жоқтап қалды, сол күні мені Медет Шоқанұлы шақырды (Президент Әкімшілігі басшысы М.Садырқұлов). Бәріміз қара жамылып, қайғы жұтқанбыз. Медет Шоқанұлының кабинетіне кірдім. Әрдайым «Кір, дорогой!», деп тосып алатын Медет Шоқанұлының не айтатыны бесенеден белгілі еді. Отыр дегендей орындықты нұсқады. Біраз үнсіз отырып барып тіл қатты.

Медет Шоқанұлымен «Шықам­ды қай жерге қоямыз?» деген мәселе жөнінде сөйлестік. Кабинеттен ауыр жүк арқалағандай шықтым.

Күні бойы ойландым, түнде де көз ілмедім. Шықамның кітап­та­рын алдыма қойып, қайта көз жүгіртіп өткендей болдым. «Саман­шының жолы» повесіндегі:

«Отец, я не знаю, где ты похоронен.

Посвящаю тебе, Торекулу Айтматову...»,

деген эпиграфын көзім шалып қалды. Бұл сөзді оқыдым да, ішімнен «таптым» дегендей болдым. Медет Шоқанұлы «ұсыны­сың­ды дәлелмен айтып бер» деген. Бірінші аргумент, эпиграф, екінші, атасы Төреқұлдың сүйегі қойылған – Ата Бейіт, ол жерді «Ата Бейіт» деп Шықамның өзі атады емес пе? «Атасы (әкесі) жатқан жерге ұлы да беріледі» деген түсінік бар... Бұл аргу­менттің мәнісі терең көрінді маған.

Медет Шоқанұлы үнемі бір ғана емес, бірнеше нұсқаны талап ететін. Бұдан басқа үш нұсқам болды. Ертесі таңертең Медет Шоқан­ұлы­ның кабинетіне келдім.

– Ну, чо... Ұсыныстар бар ма? – деді Медет Шоқанұлы. Кешегі аргументтің бәрін нұсқаларымен айтып бердім. Шоқанұлы орнынан тұрды да бір қолын қалтасына салып (ол кісінің осындай әдеті бар):

– Ата Бейіт. Интересно, – деп қал­ды ойланып. Стратег адам екен, екін­ші нұсқа туралы аузын да ашқан жоқ.

– Мен онда бұл ұсынысты Біріншіге берейін. Қандай жауап болады. Жди, – деп қысқа қайырды.

Осы күнге дейін минут, сағаты есімде, түнгі сағат 21:13-те Медет Шоқанұлы қоңырау шалды.

– Первый одобрил... Ертең ертемен Ата Бейітті көріп кел, қай жеріне қоямыз. Түс­­тен кейін барлығымыз барып тағы көреміз, – деді. Шықам әкесі Төреқұл Айтматов жатқан, өзі «Ата Бейіт» деп ат бер­ген, қырғыздың ұлы тұлғалары жатқан жер­ге жерленді. Топырақ сол жерден бұйыр­ды…

 

Ұстаз

Алматыдағы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінің кіре берісінде Шыңғыс Айтматовтың «У меня есть две национальные святыни с которым я еду в другие страны с которым переступаю порог других народов. Это – «Манас» и Мухтар Ауэзов. Это символы моих народов» деген сөзі жазылып тұрады. Мұражай үйге кіргендегі тау тұлғаның жүрекке ең жақын сөзі осы.

Бұл да Шықамның ұлы қасиеті. Бұл түсініктер ұлттық мәдениетіміздің көпірі сынды. Өнер өнерден туындайды. Осы тұста ұстаздың парқын, бағасын шынайы шәкірттер алған үлгісі арқылы оны әспеттеп келген. Бұл өлмейтін, өшпейтін көне мәдениет феномені. Шықамыз Манаспен ауызданып, Манаспен өмір сүрді, Манас оның Алтын аяғы болды, Манастан мәңгіліктің құдіретін алды. Манас деп басын иді, Манасқа өмірін арнады.

Бұл қасиет оған ұстазы – Мұхтар Әуезовтен мирас болды. Манастың емес, қырғыздың басына ауыр күн туып тұр­ған­да Мұхтар Әуезов ұлы эпосымызды қорғап, қырғыз үшін таудай еңбек сіңірді. Сонда Манастың «зиянды» екенін айтып, қоламтаны үрлегендер өз арамыз­­дан шыққан жоқ па? Ол ғана емес Айтматовты да қудалап, тамырына балта шаппақ бол­ған­да жас Айт­ма­товтың талабын қолдап, дем беріп басын бәйгеге тіккен Мұхтар Әуезов еді.

Байырғы тарихта Барысбек қаған құрған Қырғыз қағанаты да өз ішімізден шыққан сатқындардың кесірінен талқан­да­лып, екі ғасыр еліміздің есі ауып, есеңгіреп қалған жоқ па? «Қырғыздың жауы қырғыз» дегенге сенгім келмейді. Сөйтсе де іштен шыққан жаулар нешеме мықтының тұқымын құртпады ма?

Ұлт болғаннан кейін ұлттың рухы, ұлттың көсемі болу керек. Ол – Айтматов. Талассыз. Оған тас атқандар да арамызда жоқ емес. Киелінің киелілігін білмеген не деген жайдақ ел болып барамыз?

Әрбір елде киенің символы болады, ол біз үшін – Манас, ол – Айтматов.

Ұстаз – бұл түсінік біздің ұлттық культ болған. Дүние ұстаздың айна­ласында айналып, біз одан тәлім, өнеге, сыбаға алғанбыз. Бұл – қыр­ғыздың қанына біткен табиғи академиясы.

Шықамның даналығы өз ұстаз­­­дарын қасиет тұтып, олар­дың дүние­танымын әрдайым қас­терлеп келгенінде болар. Бәлкім Айтматовтың Айтматов болғаны­ның сыры да осында шығар. Ұстазы да жоқ, ұстанымы да жоқ, сый­ла­ғаны да жоқ, ес тұтқаны да жоқ, сенімі де жоқ бұл заманнан қайтып шығар екенбіз? Киелі кітапта: «Егер сенің Ұстазың жоқ болса, демек сенің ұстазың Шайтан», делінеді. Айтматов әрбіріміздің ұлы ұстазымызға айналғанда ғана қарағай басын шортан шалған бұл заманның жарық көшесіне шығамыз...

 

Қаламгер қағидасы

Шыңғыс Төреқұлұлы жаңа ғана елшілік қызметтен (Еуропадан) Бішкекке қайтып келген кез. Бір екі күн ғана болған шығар. Кабинетке есікті сырт еткізіп ашып хатшы қызым кіріп келді. Алабұртып алған. Демін әрең алып, сасқалақтап тұр. 

– Сұлтан Әкімұлы, Шыңғыс Айтматов келді. Қабылдауда отыр, – деді. Хатшы қыздың сөзінен кейін орнымнан атып тұрдым. Үлкен кісінің қабылдауымда тұрып қалғаны үшін қатты қысылып барамын. Кейін хатшы қызға «Шыңғыс ағаны бірден алып кірмедің бе?» дедім. Сөйтсем Шықам: «Жұмыс істеп жатқан адамды алаңдатып қоймайын, әуелі сен кіріп айтып шық, қызым», депті.

Шықаммен жылы ұшырасып кабинетке кірдік. Алып жазушы ең алдымен хал сұрасып, қабырғада ілінген картиналарға көз жүгіртті де, өзінің суретін көріп «Мына суретте жасырақ кезім екен», деп қойды.

– МИД-тен келе жатыр едім, екі істі бірден бітірейін деген оймен мәдениет министрі­не де соға кетейін деп келіп қалдым, – деді Шықам.

Шықам алыс жолдан, Еуропадан жаңа келген кезі. Оны да жұмыс істеп жатқан жерінен қозғап, орнынан алғандарын жөн көрмей жүргенмін. Шықам Еуропадағы қарайған шаруаны тындырып жүрген. Ол жақтағы қадірін өз көзімізбен көргенбіз.

Шықам біраз шаршаңқы секілді. Әлде қызметтен кеткендіктен бе, маған солай көрінген. Оның көңіл күйі, ауаны, ішкі дүниесі маңдайында жазылып тұрды. Содан ба екен, елшілік қызметі тура­лы бірдеңе айтуға дәтім жетпеді.

– Сізден көптен бері сұрағым келіп жүрген бір жай бар еді, – дедім кейін бір жолыққанда. Шықам тоқтай қалып «Сұра…», – деді.

– Газетте, ана жақ, мына жақта жазғандарды оқисыз ба? – дедім. Шықам бұл сұрағыма күрсініп алды да, «оқымасам да таныстарым айтады», деп қалды.

Сөз ыңғайы сол кездегі Шықамды қаралаған мақалалар болатын. Кейбір жазушылар, газеттер, сары ауыз балапандарға дейін Шықамның «Жәмиласынан» бас­тап, жеке басына дейін сөз қылып, ұлы адамның атына көлеңке түсіруге әрекет қылысып жатқан. «Осы кер ауыздарға жауап беріп қоймайсыз ба, бұл басқа шыққандық…» дедім де, Шықамның қайтадан қатты күрсінгенін көргеннен кейін жерге кіріп кете жаздадым. Жер жары­лып кеткен жоқ. Шықам маған жалт қара­ды да, тоқтай қалып былай деді, сол сөз әлі құлағымда жаңғырып тұрады:

– Сұлтан, айтшы, мен сонау биікте ұшып жүрген бүркіт болсам, бақ-бақ етіп батпақтан басқаны көрмеген бақалардың деңгейіне түсейін бе? Бүркіттің шындығын да, бақаның бақылдағанын да Жаратқан біліп тұрады. Шындықтың кімде екенін... Жаратқан білген соң олармен сөз жарыс­ты­руға болмайды,  – деп жауап берді.

Берген жауапты естіген соң қызарып кеттім. Бірақ Шықамның бұл жауабы өмір бойы сабақ болды. Сол жауапты есту үшін де осы сұрақты қоюым керек пе еді деп қал­дым.

Шықам «Енді сен бар, мен жолымнан қалмайын», деп әрі қарай кете барды. Соңынан қарадым, оның сұлбасы бара-бара көрінбей қалды. Оның сол қарайған сұлбасына қазір бәріміз зармыз.

 

Шықамның ұлы сезімі...

2004 жылы Шыңғыс Төреқұлұлы­мен келісіп, кешкісін Ала-Аршадағы үйі­не бармақшы болдым. Көптен бері Шықаммен әдебиет, руханият, саясат, тіл, шығар­машылық жөнінде сөйлес­кім келіп жүрген. Бірақ алыс өлкеде елшілік қызметте жүрген Шы­қам аз ғана уақытқа келгенінде жолығып, сөйлесе алу мүмкін емес еді. Құдай жар болып, таңертең өзі телефон шалып, «кешке келіп кет» деп қысқа ғана қайырған. Сол сөзді естігеннен соң маған сол күн Шықамның өзі айтқандай «Ғасырдан да ұзақ күн» болып кетті. Кешті шыдамсыздана күттім. Заңғар жазушымен жолығып, әңгімелесуден артық ештеңе жоқ еді. Екі қоянды бір оқпен атқандай, ол кісімен сұхбат жасап алудың да мүмкіндігі келіп тұрғандай сезілді. Егер жолығып қалсам, қарсы болмаса біршама сұрақтың жауабын алсам деп дайындалып жүр едім. Ол кезде «Азаттық» радиосында істеп жүргенмін. Бұл сұхбатты жазып алсам, радиоға үлкен олжа емес пе? Шықам да оңды-солды сұхбат бере беретін адам емес. Ол жағы да бар.

Сол күні аузымнан қалай шық­қанын білмеймін, бірге істей­тін Жарқын Темірбаева апайға (қазір марқұм болып кетті) «Бүгін Шықама барамын, үйге келіп кет» деді деп айта салғаным. Жай айта салған едім. «Мені де алып кет» деп, Жарқын апай тас кенедей жабысып алды. Апайға мұндай кезде бірдеңе түсіндіру қиын. Айтқанын істемей қоймайды. Ақыры мақұл дедім. Апайдың мінезін, бас-көзге қарамай сұрақ қоя салатын әдетін де білемін. Бірақ бір шарт қойдым. «Сұрақты мен ғана қоямын, сіз тек микрофонды ұстап тұрасыз үндемей», дедім. Оған апай да келісті. Шықама жолықсам болды де­ген тілекпен бұл шартыма көне кетті.

Кешінде Ала-Аршадағы Шықам­ның үйінің алдында жолы­ғатын болдық. Кешкі сағат жетіде мен келдім. Келіскеніміздей. Жарқын апай жоқ. Біраз күте тұрайын деп, жиырма минуттай тұрдым. Бір кезде асығып-аптығып Жарқын апай да келе қал­ды. Жай келмей кіші қызын ертіп келіп­ті, жарықтық. Енді не деймін? «Қызыңызды әкелмей-ақ қой­ма­дыңыз ба?» деймін бе? Ол сөзді айтқызбай Жарқын апай «Шы­қа­мыз­дан қызыма бата алып берейін» деді де, айтпақ болған сөзімді тоқ­татты.

Үшеуіміз үйге кірдік. Шықам: «Кел, Сұлтан, қалайсың, бұл қа­­рын­дасымды танымадым» деген соң мен таныстырдым. Жарқын Темірбаева, «Азаттықта» көптен бері бірге істейміз» дедім. Апайдың қызына бір қарап алды да, «бұл періште сенің қызың ба?» деді. «Жоқ, Шыңғыс аға, бұл менің қызым, сізбен кездесуге барамын деп едім, болмай еріп алды» деді Жарқын апай ыңғайсызданып. Мен апайға жайлап қарадым, ол көзқарасымнан да «Баса-көктеп кететін әдетіңізге бастыңыз ба?» деген ойымды ұққан сияқты. Кінәлі кейіпте маған қарады. Арадағы ыңғайсыздықты Шықамның «бала деген періште ғой» деген сөзі тарқатып жібергендей болды. Бұл сөзді естіген Жарқын апай батыл­дана түсіп: «Шыңғыс аға, сіз бата­ңызды берсеңіз, өмір бойы ұмыт­пай жүреді» деді.

Осылай түннің бір уағына дейін сөй­­ле­сіп отырдық. Шықам үйде киіп жүретін халатымен отырды. Менің сұрақтарыма жауап берді. Қазіргі кездегі жаһандану, әдебиет, иман, билік, даналық пен зұлымдық туралы әңгімелестік. Әйтеуір көп мәселені талқыладық (Кейін бұл сұхбатым «Махаббаттан адам жарал­­ған, махабаттың өзі мәңгілік» деген атпен шы­ғып, Шың­ғыс ағаның 7 томдығына кірді).

Бір мезгілде шай ішіп, дәм таттық. Сағат түнгі 12-ден кетіп қалды. Жарқын апай «Шыңғыс аға, сізбен суретке түсуге қарсы емессіз бе?” деп қалды. «Суретке халат­пен түс­сем болмайды ғой, киініп шы­ғайын» деп, біздің «осылай да бола береді» дегенімізге қарамай арғы бөлмеге кіріп кетті. Мен Жарқын апайға сағатты көрсетіп, «Суретке басқа күні түссеңіз болатын еді ғой» дедім. Шықам костюм-шалбар киіп, галстук тағып шықты. Бәріміз суретке түстік. Бір мезгілде апай қызына бата сұрады. Шықам керемет бата берді. Енді барлығы бітіп шығайық деп жатқанда, баяғы Жарқын апай «Бір сұрақ қойсам деп едім деді. «Бер, бере бер... », деді Шықам.

«Шыңғыс аға, сіз өміріңізде Бүбісарадай ешбір әйелді сүйіп көр­месеңіз керек!..» деп күтпеген сұ­рақ­ты қоя салды. Бұл сөзді есті­ген Шықам орындыққа отыра кетті, мен тұрмын құлаған жардай болып. Не дерімді білме­дім. Арғы бөл­меде жеңгеміз. Шықам отырып «Ух!» деп ауыр күрсінді де, терең ойланып қысқа ғана «Ол солай!» – деді.

Шықамның күрсінгенінен ұлы махаббаттың жанартаудай болған күшін де, құсалықты да, мұңды да, бақытты да, арманды да, қайғысы мен қуанышын да сездім. Күрсіну – мәңгіліктің өзіндей болып естілді, өйткені, «лишь память, нас вернёт туда, где мы любили, тех людей, кого забрали небеса»…

Бұл күрсініс құлағымнан өмір бойы кетпей келе жатыр.

Ол Адамдық ұлы сезімнің күрсінісі еді...

 

Сұлтан РАЕВ,

Қырғызстанның Халық жазушысы

Соңғы жаңалықтар