фото: olympic.kz
Іс материалдарында айыпталушының биыл қыркүйек айында Ұлттық ұланның үш әскери қызметкеріне күш қолданғаны айтылады. Кешкі сағат 21.00 шамасында дәмхана маңында тоқтатқан патрульдердің сұрақтарына балағат сөзбен жауап беріп, күш көрсеткен.
Атап айтқанда біреуін кеудесінен итерсе, наряд бастығын иығынан қағып жіберген. Ал үшіншісінің көзінен ұрған.
Павлодар қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Дәулет Шабанбай жазасын орта қауіпсіздікке ие мекемеде өтейтін болады.
Айта кетейік, 42 жастағы еркін күрес балуаны Даулет Шабанбай спорттық мансабын бес жыл бұрын Қазақстан чемпионатында аяқтаған. Сол жарыста ол екінші орын иеленген.
Маңызды жетістіктерінің бірі – 2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы қола медаль. Алайда спортшы бұл лайықты марапатты тек 2022 жылы Белградта алды. Бұған Олимпиада жүлдегерлерінің екеуі тыйым салынған препараттарды қолданғаны үшін жарыстан шеттетілуі себеп болды. Сол кезде 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде турнирді бесінші орынмен аяқтаған Қазақстан спортшысы үшінші орынға көтерілді.
Даулет Шабанбай Азия чемпионаттарының төрт дүркін қола және күміс жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014, 2016 жылдар). Сондай-ақ 2014 жылы Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды.