“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік дәлізі тек Батыс пен Шығысты байланыстыратын “Ұлы Жібек жолының” заманауи көрінісі мен жалғасы ғана емес, ол сонымен қатар, еліміздің саяси имиджіне тікелей оң ықпал жасайтын, елдің ертеңін еселейтін маңызы зор жоба болып табылады.
Бұл транзиттік жол құрылысының қарқыны қандай, жол сапасына қаншалықты деңгейде мән берілуде, қарапайым халық мұндай ірі көлік қарым-қатынасынан не ұтпақ, елдің туризм саласына аталмыш көлік дәлізі қандай сүбелі үлес қоса алады сынды, тағы басқа да сұрақтарға жауап іздеп қана қоймай, бұл жол құрылысының бүге-шігесіне дейін танысып қайту үшін Көлік және коммуникация министрлігі арнайы баспасөз шеруін ұйымдастырған болатын. Аптаға жуық уақытқа созылған баспасөз шеруіне барлық республикалық, облыстық, қалалық БАҚ өкілдері қатысып, көкіректерінде жүрген сұрақтардың көпшілігіне жауап алып қайтты.
Сонымен Астана – Шу – Тараз – Шымкент – Түркістан – Қызылорда – Арал – Ақтөбе бағытындағы баспасөз шеруінің түйінімен қатар, транзиттік дәліз құрылысының бүгінгі тынысымен тыныстап көрейік.
МЕГАЖОБА ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік көлік дәлізінің салынуы туралы әңгіме тарай бастағаннан бері бұл ірі жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай белсенді әрі шапшаң кірісті. Шұғыл келіссөздер мен меморандумдар аталған ауқымды құрылыстың тез арада қызу қарқынмен басталуына өз септігін тигізді. Сөйтіп, Санкт-Петербург – Мәскеу – Нижний Новгород – Қазан – Орынбор – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Үрімші – Ланьчжоу – Чжэнчжоу – Ляньюньган маршрутының жалпы ұзындығы 8 445 км. болғалы тұр. Батыс пен Шығыстың экономикалық тауар айналымын одан әрмен жетілдіруге бұл жоба таптырмайтын тиімді әрі оң нәтижесі көзге бірден анық аңғарылатын жақсы мүмкіндік болатыны бүгінде ешкімге де құпия емес.
Ресей Федерациясы көлік дәлізінің 2 233 шақырымын, Қытай Халық Республикасы 3 425 шақырымын салатын болса, ал біздің елімізге жолдың 2 787 шақырымы тиесілі болып отыр. Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының аумағы арқылы өтетін транзиттік жолдың 2 452 шақырымы қайта жаңартуға тура келетін жол болып есептеледі. Өйткені, көлік жолымен жиі қатынайтын жолаушылар еліміздің, әсіресе, аталған 5 облыс аймақтарындағы жолдың қиын екендігін, тозығы жеткен жолмен жүрудің қаншалықты қауіпті екендігін жақсы біледі.
Ауқымды жобаға, әрине, ауқымды қаражат керек. Жол салудың бейнеті мен зейнетінің бәрі қаражаттың бөлінуіне тікелей байланысты деп айтсақ қателеспеген болар едік. Бұл ірі жобаның Қазақстанға қатысты бөлігінің жалпы құны 825,1 млрд. теңгені құрайды. Осыншама қаражатты ел қазынасынан, яғни республикалық бюджеттен бөлу қабырғамызға ауыр тиетіні рас. Сондықтан да Бүкіләлемдік банк, Ислам банкі, Азия және Еуропа банктері сынды батыл қадамдарға баратын, қаржы құю саласында ең мықты қаржы құрылымдары болып есептелетін банктердің көмегіне жүгінуге тура келген. Жоғарыда аталған банктер 422 млрд. теңге қаражат құятындығын тағы да естеріңізге салып өтсек дейміз. Сонымен қатар, өткен жылы 4 халықаралық қаржы институттарымен 3,002 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру шарттары бекітілгендігін де тілге тиек еткіміз келеді.
Мамандардың айтуларына қарағанда, 2 жолақты автожолдың 1 шақырымын салуға 200 млн.теңге, ал 4 жолақты автожолдың 1 шақырымын салу үшін 300-350 млн. теңге көлемінде ақша жұмсалатын көрінеді.
Көлік қозғалыстарына еш кедергі, қауіп-қатер болмау үшін ел аумағындағы 1390 шақырым жол 4 қозғалыс жолағы бар І техникалық санатқа ауыстыру көлделген. Нақты айтар болсақ, олар Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас аймақтары, ал 1062 шақырым учаскелерде ІІ техникалық санат бойынша жол құрылысы салынатын болады. Қарап отырсақ, көлік құрылысының жұмыстарына қызу кірісіп кеткен мердігер ұйымдар 2010 – 2012 жылдар аралығында құрылыс алаңдарына 10 мыңнан астам жол-құрылыс техникасы мен құрал-жабдықтар, лабораториялар және 50 мыңнан астам адам жұмылдыруды көздеп отыр. Нақты айтқанда, жергілікті аймақтарда халықтардың жұмыспен қамтамасыз етілуі де осы ірі жоба аясында оң шешімін тауып келе жатқандығы бәрімізді қуантады.
Құрылыс материалдарының 86 пайызға жуығы еліміздің өзінен толық қамтамасыз етілетіндігі жағымды жаңалық болып отыр. Жол құрылысында қарқынды жұмыс істеп жүрген 11 мердігер компанияның 5-уі шетелдік болса, 6-уы отандық автожолдарды салатын ірі әрі нағыз бәсекеге төтеп бере алатын компаниялар болып табылады. Жұмыстың 69 пайызы отандық компаниялардың еншісінде. Дегенмен, отандық компанияларға басымдық берілгендіктен, олар да өз мойындарындағы жауапкершілікті сезініп, шетелдік компаниялардан осал шықпай, өз жұмыстарын сапалы әрі мінсіз орындаулары шарт.
“АСТАНА – ЩУЧЬЕ” ЖОЛЫНДАҒЫ МОЛ ТӘЖІРИБЕ
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” транзиттік көлік дәлізіне баспасөз шеруі “Астана – Щучье” автомагистралі бойында, Астанадан 7 шақырым қызмет көрсету орталығына жасаған сапарымыздан басталды. Жалпы, мұндай орталықты баспасөз шеруіне дейін БАҚ өкілдеріне көрсетудің де өзіндік мәні бар екен. Өйткені, “Астана – Щучье” автожолы бүгінде құрылысы толық аяқталған жобаның ішіне кіреді. Жол құрылысы өз мәресіне жеткеннен кейін, оның бойында жолаушылардың демалатын, тамақтанатын, автокөліктерінен қандай да бір ақау шыққан күнде жолдың бел ортасында шарасыз күй кешудің алдын алу үшін арнайы автокөліктерді жөндейтін орталықтар, жанар-жағар май құятын бекеттер, шұғыл байланысқа шығатын кез келген халықаралық және республикааралық бағыттағы телефондар мен интернет желісінен тұратын байланыс пункттері шынымен де керек. Мінеки, осындай мүмкіндіктерді бір жерге шоғырландыратын орталықтар “Астана – Щучье” автожолы бойында бар. Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың айтуына қарағанда, “Астана – Щучье” жолы бойындағы тағы бір осындай қызмет көрсету орталығы жолдың қақ ортасында орналасқан. Министрдің сөзіне сүйенер болсақ, болашақта “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік дәлізінде дәл осындай 24 қызмет көрсету орталығын салу жоспарланып отыр екен.
Мәселен, кез келген автожолдың құрылысын жүргізу барысында оған кедергі келтіретін ағаштар кездеседі. Осындайда ағаштарды кесіп тастаудан басқа амал жоқ. Алайда кесілген ағаштың орнына еселеніп көгалдандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Әлі де болса толық шешімі табылмаған түйткілді мәселенің біреуі – ол автожол құрылысын жүргізуде кездесетін елді мекендер. Яғни, кейбір жергілікті аймақтарда тұрғындардың үйлері жолдың дәл үстіне келіп түсетін жағдайлар жиі ұшырасып жатады екен. Мұндайда, біріншіден, тұрғындардың үйлері, қора-қопсылары түгелімен мемлекет тарапына қаржылай түрінде өтеді. Мемлекет мұндай тұрғындарға үй-жайларының құнына қарай қаражат бөледі.
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” мегажобасы туралы көп айтылып, көп жазылып жатыр. Тарихи Жібек жолымен астасып жатқан бұл транзиттік дәліздің игілігін жолаушылар ғана емес, жергілікті халықтармен қоса, бүкіл республика жұртшылығы көретін болады. Жол құрылысы бастала салысымен көптеген өндіріс орындары ашылды, оған қаншама жұмысшылар тартылды. Ал болашақта туризмнің дамуына да аталмыш көлік дәлізі өзінің оң ықпалын тигізбей қоймайды. Сонымен қатар, жол бойындағы салынатын жанар-жағар май бекеті мен қызмет көрсету орталықтарынан қаншама салық түседі. Ал мұның бәрі бірдей мемлекет бюджетіне барып құйылады. Өздеріңіз көріп отырғандай, осы салынған “Астана – Щучье” автобанында қолданылған барлық сапа көрсеткіштері толығымен халықаралық транзиттік көлік дәлізінде көрініс табады.
Тағы бір айтып өтетін нәрсе, мысалы, қазіргі жүріп жатқан жолдарымыздың қалыңдығы 30 см. болса, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының қалыңдығы 80 см.-ге дейін барады. Қытай шекарасы Қорғастан бастап Қызылордаға дейін 4 жолақты жол салынады, көбісі бетонмен салынады. Үстіңгі бетон 25 см. болады. Бұл сандарды не үшін айтып отырмыз дегенде, осындай сапалы стандартпен салынған жолдар 18-20 жыл бойын ешқандай күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. “Қызылордадан Ақтөбеге дейін асфальт төсемдері болады. Асфальт болғанда бұл материалға қосымша біздің жаңа зерттеуімізден туындаған материалдар қосылады. Мұның да сапасы ерекше жақсы”, – деп транзиттік дәліздің маңызына тағы бір рет тоқталған министр Ә.Құсайынов ақ жол, амандық тілеп Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков пен журналистер қауымын сапарға шығарып салды.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚЫЗУ КӨЛІК ҚҰРЫЛЫСТАРЫ
Жүкті жылдам, қауіпсіз және сапалы жеткізуді талап ететін трансқұрлықтық транзиттік жолдың құрылыс ахуалымен танысу Жамбыл облысының Қордай ауданынан басталды. Әуелі пойыз Шу стансасына келіп тоқтады. Содан кейін автобусқа отырған көпшілік бірден Қордай ауданын бетке алды.
Қордай ауданы Алға ауылы маңында көлік дәлізінің құрылысын жүргізіп жатқан жеңімпаз мердігер “Ақмола құрылыс материалдары” ЖШС-нің асфальт-бетон зауыты алаңында БАҚ өкілдеріне Дулат Көтербеков арнайы транзиттік жолдың қаржыландыру жайымен және Жамбыл облысына қарасты құрылыстың жалпы ерекшеліктерімен таныстырды. “Халықаралық көлік дәлізі Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасын жалғайтын болады”, деді ол. Ірі жоба 2012 жылдың желтоқсан айында толық пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі күні 70 мың түп ағаш оталса, 2013 жылы жолдың жиегін көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары қолға алынатын болады. Автобандағы көліктердің жылдамдығы қалай болмақ деген сұрақтың да жауабы бар. “Жолаушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін автобандағы рұқсат етілетін ең жоғарғы жылдамдық 120 км/сағ. болмақ”, – деді вице-министр Д.Көтербеков.
Жамбыл облысынан өтетін көлік дәлізінің сапасына жауапты “SMEC іnternatіonal Pty Ltd” компаниясының австралиялық инженері Даг Девис жол сапасын тексерудегі басты қадамдарға тоқталды. Оның айтуына қарағанда, “SMEC іnternatіonal Pty Ltd” компаниясы жергілікті 3 жол сапасын тексеретін компаниялармен өзара байланыс орнатқан. Қайтадан жасалатын жолдар да аталған компанияның еншісінде көрінеді. “Жамбыл облысындағы жол құрылысы негізінде қыс мезгілі аяқтала салысымен, яғни наурыздың соңында басталған болатын. Жұмысшылар мен басшылар тарапынан зор талпыныс байқалуда. Жол торабына қолданылатын барлық материалдар толығымен лабораторияда тексерістен өтеді. Бұл, әрине, жол сапасының кепілі ғой. Баспасөз шеруі барысында материалдардың сапасын тексеретін мұндай көптеген лабораторияларды кездестірдік. “Соңғы жылдарға дейін ғаламдық көлік компаниялары қазақстандық рынокта шоғырланбағандықтан, Еуропадағы және әлемдегі қатаң бәсекелестік Қазақстанда байқалмайды. Алайда бұдан былай, халықаралық транзиттік дәліз өз мәресіне жеткеннен кейін көлік саласын дамыту жөніндегі көптеген ірі жоспарларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар”, – деп Д.Девис өз ойын түйіндеді.
Сонымен қатар, аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде журналистерге Көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті облыстық басқармасының бастығы Ұлан Әліпов баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта Жамбыл облысында 4 мердігер компания жұмыс істеуде көрінеді. Бұлардан тыс тағы 2 компания жұмыс атқаруға толық дайындалып жатыр екен. “Жамбыл облысындағы 495 шақырымның 283 шақырымы І санаттағы жол болады. Ал қалған бөлігі ІІ санаттағы жолға жатады. Биыл біз бір бағыттағы 85 шақырым жолды аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Облыс бойынша 12 көпір бар. Сондай-ақ ауылды елді мекендерді айналып өтетін 9 учаскеміз және бар. Жол құрылысына қатысты барлық техникалардың 100 пайызы облысқа әкелінді. Ал жұмысшыларға келер болсақ, бізге 4240 адам жұмысқа алыну керек деп жоспарланса, бүгінде 4257 жұмысшы жол құрылысына белсенді атсалысып келеді. Оның ішінде 27-сі шетелдік мамандар болса, 2326-сы Жамбыл облысының жұмысшылары, ал қалғаны өзге де аймақтардан жол құрылысына тартылған жұмысшылар”, – деді Ұ. Әліпов.
Күннің жылы кезінде жол құрылысының көп бөлігі осылайша 12 сағаттық жұмыс кестесімен атқарыла бермек екен. Бір жақсысы мұндай жауапты әрі ауыр жұмыс істейтін адамдардың жағдайлары толық қарастырылған. Тәулігіне 4 рет тамақ беріледі, жататын орындары, тамақтанатын асханаларының бәрі заманауи түрде жабдықталған. Әлеуметтік жағдайлары елеп-ескерілгендіктен де болар, жұмысшылардың жұмыс қарқыны, жұмысқа деген ынтасы жоғары екені байқалады. Орташа айлықтары 70-80 мың теңге шамасында. Ендігі жылы олардың айлықтары тағы да 30 пайызға көтерілмек көрінеді.
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТЫНЫМСЫЗ ТІРШІЛІК
Соңғы жылдары әлем алдындағы Қазақстанның саяси имиджі көтерілген сайын еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалану тиімділігін арттыруға байланысты көліктік және логистикалық шетелдік компаниялардың қазақстандық рынокқа деген қызығушылықтары да жоғарылай түсуде. Егер бұрын халықаралық ойыншылар Қазақстанда өз өкілдігі мен кеңсесі болса жеткілікті деп санаса, қазір инфрақұрылымға, көлік тораптарын, қоймалық үй-жайларды және терминалдарды дамытуға инвестицияның көлемін де, санын да арттырып келеді. Мұндай үрдіс жергілікті отандық компанияларға үлкен бәсекелістік пен серпіліс беретіні сөзсіз. Шетелдік компаниялармен тиімді келіссөздер жасасқан, отандық өндірістің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген мұндай компанияларды біз Оңтүстік Қазақстан облысынан көп кездестірдік.
Тараз бен Шымкент арасындағы көлік дәлізінің салынуына “К-Дорстрой” АҚ жауапты екен. Жамбыл облысын артқа тастап Оңтүстік Қазақстанның аймағына қадам баса салысымен жол құрылысының бастығы Мұқан Әбішев аталмыш облыстағы 2010-2012 жылдар аралығын қамтитын көлік дәлізінің жұмыстарымен таныстырды. Оның мәліметіне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қайта құру жұмыстарының жалпы ұзындығы 454 шақырым, жалпы құны 242,2 млрд. теңгені құрайды. Қызылорда облысының шекарасынан Шымкентке дейінгі жолдың ұзындығы 245 шақырым болса, бұл аралықта салынатын жол І санаттағы көрсеткішке жатқызылады. Ал концессияға жататын Ташкент, Шымкент, Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жолдың қашықтығы 209 шақырым болса, ал оның жалпы құны 122,7 млрд. теңгенің көлемінде. Аталған облыстағы жол қабатының конструкциясына келер болсақ, жолдың жалпы қалыңдығы 80 см. болады. Оның ішінде цемент-бетон 27 см, құмды шағыл қоспа 18 см, құмды қиыршық тасты қоспа 35 см құрайды. Ал асфальт-бетонның қалыңдығы да 80 см-ден кем болмайды. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы көлік дәлізі өтетін жерлерден 35 мың ағаш кесілуі тиіс екен. Алайда кейін жол дәлізі толық аяқталғаннан кейін міндетті түрде еселеп ағаш отырғызылатыны сөзсіз. Көпірдің құрылысына арналған бетон зауыты мен цемент-бетон зауыты құрылысқа қажетті барлық материалдарды толығымен қамтамасыз етіп тұр. Көп ұзамай іске қосылатын бетон зауыты да болашақта облыстық материалдарды өтеуге шамасы әбден жетеді.
Жоғарыда аталған тәжірибесі мол компанияның бірі арабтық “Dar Al-Handasaa” компаниясы еді. Осы компанияның инженері Хани Хендидің айтуына қарағанда, облыс көлеміндегі жол құрылысына қажетті барлық материалдар осы компанияның лабораториясында зерттеледі. Сауд Арабиясы мен Египет және тағы басқа мемлекеттің көлік құрылысында көптеген жылдар бойы еңбек еткен Х.Хенди: “Біз кез келген климаттық жағдайда жұмыс істей береміз. Өйткені, осыған дейін әр елде болдық. Түрлі мемлекеттің климатын көрдік. Сондықтан Қазақстанда, соның ішінде дәл жазғы температурасы 40 градустан түспейтін оңтүстік өңірлерде жұмыс істеу аса қиындыққа соқпайды. Қазақстандық жол құрылысының мамандарын мен өте жоғары бағалаймын. Олар шынымен де бәсекеге қабілетті екен. Бұған көзім анық жетті” – деп өзінің ойымен бөлісті.
Облыстық көлік дәлізіне керекті материалдардың мән-жайы туралы ККМ АЖК Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Берік Желдібаев: “Жылына 1 млн. тоннаға дейін цемент шығаратын зауытымыз заманауи технологиямен жабдықталған. Сонымен қатар, облыс көлемі бойынша инфрақұрылымға арналған карьерлер жеткілікті. Барлық лабораториялар мен карьерлерді тәжірибелерден өткіздік. Қиыршық тас шығаратын 8 карьер тұрақты жұмыс істеуде. Облысымызда “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік дәлізіне бағытталған 500 тонналық битум зауыты салынды. Жақыннан бері оның да өнімдері жол құрылысына пайдаланылуда. Бұл битум зауыты тек өзіміздің ғана қажетімізді емес, сондай-ақ Қызылорда облысының сұранысын да өтеп жатыр. Тағы бір ерекше тоқталатын нәрсе, облыста құмтас пен темір-бетон шығаратын зауыттардың бәрінде өзімізге керек көпір құрылғыларына қажетті материалдарды шығарып отырмыз. Облыс бойынша 13 мың адамды жұмысқа тартсақ деген жоспарымыз бар. Оның ішінде 1500 инженер-техниктер керек. Бұл қажеттілігімізді өтеу үшін әр облыстарда осы мамандарды оқытатын арнайы курстар ұйымдастырдық. Басқа да аймақтардағы жол құрылысына қатысты мамандарды, оқу бітірген түлектерді жаппай қабылдап жатырмыз”, – деді.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚЫЗУ ҚИМЫЛДАР
Көлік дәлізінің келесі бөлігі Қызылорда облысынан өтеді. Жол құрылысының инновациялық дамуына облыстық “Сине Мидас Строй”, “УАД”, “Весна Транс Сервис”, “Казсевавтодор” ЖШС мен АҚ “Торини-дің” қосар үлестері айтарлықтай қомақты. Қызылорда облысындағы көлік дәлізі жоспар бойынша 39 ай ішінде бітуі тиіс. Жол құрылысының 220 шақырымы І санаттағы жолға жатқызылса, 567 шақырымы ІІ санаттағы жол құрылысына жатады. Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы жолдың 150 шақырымын аяқтау жоспарланып отырған көрінеді. Егер ауа райы қолайлы болса, бұл көрсеткіштен де асып түсулері ғажап емес.
“Қызылорда облысында өткізілген тендерлер бойынша бүгінде 14 лот жұмыс істеуде. Жаңақорған мен Қызылорда арасындағы 220 шақырымды “Тодини” компаниясы жүргізетін болса, Қызылорда мен Жосалы аралығын “СП Аккорд Акан” компаниясы мен “Импреса” компаниясы бірлесіп атқарады. “СП Аккорд Аканның” үлесінде 55 шақырым, ал “Импресада” 50 шақырымдық міндет тұр. Жосалы мен Бостандық аралығындағы 52 шақырымды тағы да “СП Аккорд Акан” иеленіп отыр, ал Бостандық пен Ақтөбе облысының шекарасына дейінге 410 шақырым қашықтықты “Салини” өз жауапкершілігіне алған. Жалпы жұмысқа қажетті барлық техника қолымызда бар. Қазір жер жұмыстары мен асфальт жұмыстары басталды. “Тодини” компаниясына тиесілі қашықтықтың 9 шақырымына асфальт төселді. Ал облыс көлемі бойынша жұмысшылардың санына келер болсақ – 8472 адам, оның ішінде 200-і шетелдік жол құрылысының мамандары, 3722-сі еліміздің басқа аймақтарынан келген жұмысшылар және 4550-і жергілікті облыстағы жұмысшылар”, – деп облыстың жұмыстарымен ҚР ККМ АЖК төраға орынбасары Ерұлан Жүнісов таныстырып өтті.
Қызылорда облысына қарасты Арал ауданындағы “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” транзиттік көлік дәлізімен де танысып көрдік. Жолды қайта жаңғырту жұмыстарының аудан аумағы арқылы өтетін бөлігі 213 шақырымды құрайтындықтан, мердігер компанияларға жұмыс күшін жергілікті тұрғындар есебінен тарту, заң аясында жергілікті бюджетке салық төлемдерін төлеу мәселелері көтеріліп жүр екен. Бүгінгі күні ауданда аталған жолды қайта жаңғырту жұмыстарымен қосалқы мердігерлер “ДМСУ-22АБ” және “Шим-Шак НС” ЖШС айналысуда. Жоба бойынша қосалқы мердігерлердің 150 -ге тарта арнаулы техникалары жұмыс жүргізуде. Соңғы мәлімет бойынша осы мекемелерден түскен сұранысқа сәйкес Арал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 58 адам жолдамамен жұмысқа жіберіліпті.
Қазалы ауданындағы транзиттік жол дәлізінің құрылысына итальяндық “Салини Коструттори СПА” АҚ компаниясы бас мердігер болып белгіленген. Аталған компанияның өткізген конкурсынан төрт ЖШС жеңіп шығыпты. Әйтеке би кентінің солтүстіс-батыс жақ беті темір жол бойынан қуаттылығы сағатына 120 тонна болатын итальяндық “Марини-2007” екі асфальт-бетон зауытын салу жұмыстарын жүргізіп келеді.Оның біріншісі ағымдағы жылдың шілде айында, яғни таяу уақытта іске қосу межеленуде, ал екінші зауыт күз айларында іске қосылмақ. Жол құрылысына аса қажетті материал болып саналатын түрлі тас өнімдерін шығаратын “тас ұнтақтағыш” цехын салу қолға алынуда және де осы аумақта орналасқан 2000 шаршы метр алаңнан жол пайдалану пунктінің құрылыс-монтаж жұмыстары басталыпты. Осы ауданға қарасты Байқожа елді мекенінде жоғарыда аталған компанияның үшінші асфальт бетон зауытына және жұмысшы тұрағына 30 га жер учаскесі бөлініп, тиісті құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алыныпты.
АВТОБАННЫҢ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ АШЫҚ АМПЛИТУДАСЫ
Ақтөбе облысындағы мегажоба мамандарының айтулары бойынша, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының екі бөлігі аталған облыс арқылы өтеді. 215 шақырымдық жол құрылысын жүргізетін мердігерлерді анықтау жұмыстары 2007 жылы жүзеге асыпты. 2008-2009 жылдардан жұмыс басталған. Осы жылдың соңына дейін барлық жұмыстар ойдағыдай аяқталатын болса, келесі жылы жол бойындағы таңбалау жұмыстары басталатын көрінеді. 273 шақырым осыған дейін төселген жол дайын деп есептеледі. Ақтөбеден ары қарайғы 102 шақырымдық жолдың мердігері әлі анықталу үстінде екен. Ол жолды Еуропа Қайта құру және даму банкі қаржыландырмақ. Істелінбеген 215 шақырым жол 2 бөліктен тұрады. Облыс бойынша 485 техника тартылған. Ақтөбе облысының барлық жол құрылысын жүргізуге негізінен “Дена КЗ” мен “Иврус” ЖШС жауапты. Бұл екі мердігер де жол құрылысына қажетті топографтар, операторлар, механизаторлар мен жүргізушілер және тағы басқа 200-ге жуық жол құрылысының мамандарын топтастырған.
Ақтөбе облысының “Өлім аймағы” аталған Ырғыз жеріндегі жол құрылыс жұмыстары да қызу жүріп жатқандығын көзімізбен көрдік. Ырғыз алқабына келгенде баспасөз шеруіне қатысқан барлық автоколонна мүшелерін Ақмола облысынан шығарып салған Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов қайта күтіп алды. Журналистер қауымымен жылы жүздескен министр: “Өздеріңіз бір аптаға жуық уақыт бойы ғасыр жобасы аталып кеткен “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолымен етене жақын таныстыңыздар. Жол құрылысының қарқыны шынымен де керемет екендігімен де келісетін шығарсыздар. Бұл ұлы жобаның басында Қазақ елінің, ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғаны да сіздерге мәлім. Мегажобаның транзиттік аймағына жатқызылатын барлық облыстағы жұмысшылардың ерен еңбегімен де таныс болдыңыздар. Облыстағы республикалық бюджеттен қаржыландырылған 215 шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Жылдың соңына қарай Ырғыз аймағындағы жол құрылысын да аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халық бұрынғы “Өлім аймағы” деген сөзді де ұмытатын болады. Не үшін бұлай аталды дегенде, кезінде дәл осы жол өте ауыр әрі қиын болды. Мидай дала. Шөл. Көптеген жолаушылар осы жерде көз жұмып жатты. Сондықтан халық осылайша атап кеткен. Ал енді амандық болса бұл жағымсыз ат мәңгілікке қош айтысатын болады”, – деді Ә.Құсайынов.
ТҮЙІН СӨЗ
Аптаға жуық баспасөз шеруінің барысында шынымен де көптеген ұлы деп аталуға лайық істердің куәсі болдық. Жолаушы үшін жол аса қиын бола қоймас, алайда жол құрылысының маманы үшін 1 метрлік жол салудың жауапкершілігі зор. Жерге төселген әрбір тас түйіршігі, әрбір құмның жамылғысы, әрбір цементтің құймасы жол құрылысы мамандары үшін аса қымбат, айтарлықтай ыстық. Жол олардың перзенттері іспеттес. Осы жерде барлық халық атынан жол құрылысында жұмыс істеп жүрген барлық адамдарға жүрек лүпілінен шыққан шынайы алғысымызды білдіреміз.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.