Экономика • Кеше

Бизнес жауапкершілік алса... Ақмола облысындағы жаңа зауыт ауыл өмірін қалай өзгертеді?

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл бұрын ғана Ақмола облысындағы Ақбейіт ауылында қараусыз қалған шахта тұрған еді, ал маңайдағы елді мекен тұрғындары ондаған жыл бойы тұрақты жұмыссыз өмір сүріп келді. Бүгінде мұнда Сингапурдан тартылған жеке шетелдік инвестициялар есебінен салынған Aina Resources компаниясының жаңа зауыты іске қосылуда.

Бизнес жауапкершілік алса... Ақмола облысындағы жаңа зауыт ауыл өмірін қалай өзгертеді?

Негізгі өнім – құрамында алтыны бар концентрат, сондай-ақ Доре қорытпасы. Ол одан әрі аффинаж зауыттарына жіберіліп, тазартылғаннан кейін 999 сынамалы алтын құймалары құйылады.

Жоба акционері Диас Атамқұловтың айтуынша, бұл жоба индустриялық даму, бизнестің әлеуметтік міндеттемелері және мемлекеттің инвестициялық саясаты өңірлерде жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалай қалыптастыра алатынының нақты үлгісі болып отыр.

– Зауыт ескі, қараусыз қалған шахтаның орнында нөлден салынған екен. Мұндай жағдайда шаруаны бастау қорқынышты болмады ма?

– Иә, мұнда тереңдігі 640 метр болатын консервацияланған шахта болды. Біз оны ішінара қалпына келтіріп, сонымен қатар барлық қажетті инфрақұрылымды қайтадан құрдық: жатақхана салдық, инженерлік желілер тарттық. Экологиялық талаптардың барлығына сай келетін, көлемі 300 мың текше метр болатын қалдық қоймасын (хвостохранилище) салдық.

Маңызды бір жайтты атап өткім келеді, Қазақстан тарихында бұл аумақта ешқашан қайта өңдеу зауыты болмаған. Кеңес дәуірінде де мұнда кен тек өндіріліп, сыртқа тасымалданатын, ал өңдеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп саналды.

Ал біз зауытты іс жүзінде нөлден қайта тұрғыздық.

л

– Бұған дейін өнеркәсіп саласында тәжірибеңіз болды ма?

– Иә, біз бұған дейін тау-кен байыту жабдықтарын жеткізу және енгізу саласында жұмыс істедік. Атап айтқанда, Алмалық тау-кен металлургия комбинатының (АТМК) мырыш зауытын жаңғыртуға қатыстық. Бұл тәжірибе бізге технологиялар мен өндірістік үдерістерді терең түсінуге мүмкіндік берді.

– Бұл жоба неге шетелдік инвесторлар үшін тартымды болды деп ойлайсыз?

– Мұнда бірнеше фактор тоғысты деп ойлаймын. Сингапур – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржылық-экономикалық хаб, «азиялық жолбарыс». Ал Қазақстан Орталық Азияда ең тұрақты әрі болжамды инвестициялық алаң ретінде ұқсас рөл атқарады.

Шетелдік капитал үшін ең маңыздысы – тұрақтылық. Соңғы жылдары Қазақстан инвесторлардың сенімін қайта қалпына келтірді: ережелердің анықтығы, меншік құқығын қорғау, нақты секторға басымдық. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған экономикалық саясаттың нәтижесі.

– Геологиялық барлау жұмыстарымен айналысу жоспарда бар ма?

– Бұл жұмыстарды бастап кеттік. Президент Жолдауында Қазақстан әлі де кеңес дәуірінде ашылған қорларға сүйеніп отырғанын, ал соңғы 30 жылда толыққанды геологиялық барлауға ешкім дерлік кіріспегенін атап өтті. Көп жағдайда «қалғанын сығып алу» қағидаты қолданылды.

Біз басқа жолды таңдадық: фабрика маңынан геологиялық барлау жүргізу үшін төрт блок алдық. Бұл – тек бастамасы, алайда зертханалық нәтижелер қазірдің өзінде жақсы нәтиже беріп жатыр.

– Зауыт бір жылдың ішінде салынды. Бұл өте қысқа мерзім. Команданы қалай жинадыңыздар, қандай қиындықтар болды?

– Бастапқы кезеңде тәжірибелі жер қойнауын пайдаланушылар бізге ашық түрде күмәнмен қарады: «Жастар ғой, бір жылда фабрика салынбайды», деді. Бірақ бізде мықты команда болды, ал жаңа қызметкерлерге бәрін жасырмай айттық: біз – стартаппыз. Идеямыз бар және жұмыс істеуге дайынбыз.

Кейбірі сенбеді, кетіп қалды. Ал қалғандары негізгі тірекке айналды. Мысалы, бір жас қызметкер қарапайым кенші болып келген. Бүгінде ол – шахта директоры, жасы әлі 30-ға толмаған. Бізде әйелдер де жұмыс істейді. Мәселен, көтергіш машинаның операторы – өте дәлдікті қажет ететін жұмыс, оның әрекетіне адамдардың қауіпсіздігі тікелей байланысты.

– Кадр мәселесі салада қаншалықты өзекті?

– Тар бейінді мамандар – технологтар, байытушылар, маркшейдерлер, геологтар – бүгінде аса тапшы. Көпшілігі екі миллион теңгеден төмен ұсыныстарды мүлде қарастырмайды. Жоғары деңгейлі мамандардың жалақысы 7-10 миллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ нарық дайын кадрларды өзі әкеледі деп күту – иллюзия. Кадрды іздемейді, оны тәрбиелейді. Сондықтан біз өңірдегі бейінді жоғары оқу орындарымен келіссөздерді бастап, ұзақмерзімді даярлау жүйесін қалыптастыруға кірістік.

– Жоба ауыл өміріне айтарлықтай әсер етті. Қандай әлеуметтік міндеттемелер алдыңыздар?

– Біз басынан бастап тек өндіріс­пен шектелуге болмайтынын түсіндік. Жуырда ауыл тұрғындарының шамамен 99 пайызы кәсіпорында жұмыс істейтін болады. Зауыт толық қуатында іске қосылғанда жұмыс орындарының саны 200-ге дейін жетеді.

Инфрақұрылымға да көңіл бөліп отырмыз, қыста жақын маңдағы ірі ауылдарға апаратын жолдарды қардан тазартып отырамыз. Бұрын адамдар азық-түлікті бірнеше апта бұрын сатып алуға мәжбүр болатын, себебі жол қатынасы болмаған. Қызметкерлеріміз болғандықтан, тұрғындарға көмір де сатып алып береміз.

Starlink іске қосылғаннан кейін ауылда тұрақты интернет пен байланыс пайда болды. Алдағы жоспарда әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту, соның ішінде қызметкерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы алаңдарын құру бар.

л

– Алдағы даму жоспарларыңыз қандай? Өнеркәсіптің ел экономикасындағы рөлін қалай бағалайсыз?

– Мемлекет басшысы технологиялық жаңғырудың қажеттілігі туралы үнемі айтып келеді. Бұл – күрделі жол, бірақ басқа балама жоқ. Президенттің алыпсатарлықпен емес, нақты зауыт салып, өндіріс құратын кәсіпкерлерді қолдау саясаты – ойын ережелерінің өзгеріп жатқанын білдіретін айқын белгі.

Индустрияландыру – бір күнде жүзеге асатын процесс емес. Бірақ онсыз экономиканың тірегі болмайды. Біз мұны теорияда емес, нақты өмірде көріп отырмыз: ондаған жыл бойы жұмыс болмаған бір ауылда бүгінде халықтың басым бөлігі еңбекпен қамтылған. Мен үшін инвестиция тиімділігінің шынайы көрсеткіші – осы.

Соңғы жаңалықтар