Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
«Ernst & Young» (EY) аудиторлық және консалтингтік фирмалардың халықаралық желісінің «Көлеңкелі экономика туралы жаһандық есеп – 2025» зерттеуіне қарағанда, әлемдегі бақылаусыз экономиканың көлемі 2023 жылы орта есеппен ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 11,8 пайызы шамасында болған.
Бай және дамыған мемлекеттерде көлеңкелі экономика деңгейі айтарлықтай төмен. Олардың ондығына Біріккен Араб Әмірліктері (2,1 пайыз), Қатар (2,2 пайыз), Бахрейн (2,5 пайыз), Сингапур (3,4 пайыз), Кувейт (4 пайыз), Канада (4,5 пайыз), Америка Құрама Штаттары (5 пайыз), Ирландия (5,1 пайыз), Швейцария, (5,1 пайыз), Сауд Арабиясы (5,2 пайыз) кірген. Бақылаусыз экономика, әсіресе табысы мардымсыз, кедей елдерге тән. Олардың «ондығында» Сьерра-Леоне (64,5 пайыз), Нигер (56,3 пайыз), Непал (51 пайыз), Эфиопия (50,2 пайыз), Бурунди (49,2), Мали (46,8 пайыз), Танзания (44,7 пайыз), Буркина-Фасо (43,8), Конго Демократиялық Республикасы (42,1 пайыз) және Мозамбик (39,8 пайыз) бар.
Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде көлеңкелі экономика көлемі ең аз мемлекет – Қазақстан. Еліміздегі бақылаусыз экономика үлесі 2023 жылы ІЖӨ-нің 11,2 пайызына тең болған. Бұл көрсеткіш Ресейде – 13,1, Беларусьте – 18,3, Арменияда – 18,9, Түрікменстанда – 19,7, Өзбекстанда – 24,4, Тәжікстанда 33,2 пайыз.
Көлеңкелі экономикамен күреске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп, пәрменді шаралар қолданып келеді. Мәселен, 2019 жылы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне Экономикалық тергеу қызметі қосылғандығы ұтымды болды. Нақты айтсақ, 2020 жылы көлеңкелі экономикамен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтардың (ҰҚТ) үстінен қозғалған істер саны бойынша рекордтық көрсеткішке қол жетті. Нәтижесінде, 73 ҰҚТ жойылды.
Мемлекет басшысы көлеңкелі экономикамен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында 2021 жылы Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін Қаржылық мониторинг агенттігін құрды. Оның алдына Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, бақылаусыз экономика деңгейін 2025 жылға қарай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының орташа көрсеткішінен – ІЖӨ-нің 15 пайызынан асырмау міндетін қойды. Осы міндет Президенттің 2022 жылғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасына да енгізілді.
Биыл көлеңкелі экономикаға қарсы күресті одан әрі күшейту мақсатында Үкімет тарапынан Қаржы министрлігі осы саладағы үйлестіруші мемлекеттік орган болып белгіленді. Көптеген мемлекеттік органның ережелеріне бақылаусыз экономикаға қарсы іс-қимыл функциясы қосылды. Осы орайда Қаржы министрлігі қолға алған негізгі жоба – азаматтар мен бизнеске қатысты үлкен деректер көлемін талдау үшін жасанды интеллектіні пайдаланатын Smart Data Finance жүйесі. Бұл жүйе салық төлеушінің цифрлық бейнесін қалыптастырып, салық төлеуден жалтару схемаларын анықтайды. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және деректерді талдаудың жаңа құралдарын енгізудің арқасында қазірдің өзінде ішкі сауда, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында заңсыз қаржы айналымы едәуір азайған.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
EY-дің есебіне қарағанда, Қазақстан көлеңкелі экономиканы азайту міндетін ойдағыдай орындап тастаған сияқты. Алайда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының бағалауы бойынша жағдай басқаша. Оның мәліметі еліміздегі бақылаусыз экономиканың ІЖӨ-мен салыстырғандағы үлесі 2019 жылы – 23,69 пайыз, 2020 жылы – 20, 23, 2021 жылы – 19,75, 2022 жылы – 18,78, 2023 жылы – 17,58, 2024 жылы 16,71 пайыз болғандығын көрсетті. Бұл – еліміздегі көлеңкелі экономика деңгейі жылдан-жылға төмендей түскенімен, әлі де жоғары деген сөз. Оның көлемі былтыр 22,8 трлн теңгеден асып жығылғандығы – соның айғағы. Өңірлердің ішінде Түркістан облысы «көш бастап», бақылаусыз экономикасының үлесі 27,97 пайызға жеткен немесе 1,3 трлн теңгеден асқан. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 25,8 пайыз, яғни 812,8 млрд теңге болған. Қызылорда облысында тиісінше 21,9 пайыз және 673,2 млрд теңге шамасында. Алматы (20,3 пайыз немесе 1,2 трлн теңгеден астам), Ақтөбе (17,3 пайыз немесе 858 млрд теңгеден астам) облыстарындағы көлеңкелі экономика үлесі де жоғары. Алынған табыс салыстырмалы түрде аз жасырылған өңірлер – Атырау (8,37 пайыз, немесе 1,25 трлн теңге), Ұлытау (10,75 пайыз немесе 267,4 млрд теңгеден астам) және Маңғыстау (13,01 пайыз немесе 651,2 млрд теңгеге жуық) облыстары.
Еліміздегі ІЖӨ-нің 22,9 пайызын (31,29 трлн теңге) еншілеп отырған Алматы қаласындағы көлеңкелі экономика үлесі 16,7 пайыз немесе 5,2 трлн теңгеден астам. Республикамыздағы екінші экономика деңгейіне көтерілген (ІЖӨ-нің 11 пайызы, немесе 15,05 трлн теңге) Астанада бұл көрсеткіш 19,3 пайыз, немесе 2,91 трлн теңге болған. Үшінші мегаполис – Шымкентте (ІЖӨ-дегі үлесі 3,5 пайыз немесе 4,73 трлн теңге) бақылаусыз экономика көлемі 22,5 пайызға тақау немесе 1,06 трлн теңге.
Қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда еліміздің экономикасы әртүрлі қиындыққа ұшырап, бюджет тапшылығы сезіліп отырғандықтан көлеңкелі экономикамен күресті күшейтудің маңызы зор. Бұл бағытта Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу негізінде экономиканың барлық саласын жаңғырту, қолма-қол ақшамен төлем жасауды барынша азайту, қаржы операцияларын, соның ішінде қомақты ақша аударымдарын бақылауды күшейту шараларын іске асырып жатыр.
Дегенмен, әлі де ойланарлық мәселелер бар. Мысалы, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметіне қарағанда, Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттары Қазақстанда үш жыл ішінде, 136 млрд теңге табыс тапқан. Ал Ұлттық банктің ақпараты бойынша осы мерзім ішінде олар өз елдеріне 1 трлн теңге ақша аударған. Осы факт жосықсыз кәсіпкерлердің еңбек мигранттарына жалақыны көбінесе конвертпен төлеп, салық төлеуден жалтаратындығын айғақтайды. Демек, қолданыстағы заңнама талаптарын қатайту қажет. Мысалы, «Халықтың көші-қоны туралы» заңда жеке тұлға өзінің үй шаруашылығында жұмыс істету үшін 5 еңбек мигрантын 12 ай мерзімге дейін қабылдауына рұқсат берілген. Алайда осы норманы заңды тұлға болып саналатын кәсіпкерлер де жиі пайдаланып жүргені белгілі. Сондықтан да жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін шетелден келетін еңбек мигранттарының санын қысқартқан жөн.
Дүкеннен не базардан зат сатып алғанда сатушыдан фискалдық чек сұрауға «ұялып» тұратын әдетіміз де бар. Осылайша көлеңкелі экономикаға «көмектесіп» жүргенімізді ойланатын кез жетті. Бұл ретте МКК өткен жылы Абай облысының Семей қаласында, Ақмола облысының Ақкөл ауданында фискалдық чек беруді ынталандырудың «Salyq кэшбэк» қанатқақты жобасын іске асырды. Оның аясында азаматтар арнайы мобильді қосымшада фискалдық чектің штрих-кодын сканерлеу арқылы сатып алған нәрсесінің сомасының 2 пайызы мөлшерінде сыйақы алған. Нәтижесінде, сатып алушыларға берілген чектердің саны да, сомасы да әлдеқайда көбейген. Көршілес Қытайда енгізілген осы әдісті алдағы уақытта елімізде кеңінен қолдану мәселесін жан-жақты зерделеп, оңтайлы шешім қабылдау қажет сияқты.