14 желтоқсанда Жетісу облысы Кербұлақ ауданының полиция бөліміне Шұбар ауылының тұрғыны арызбен жүгінді. Оның мәліметінше 13 желтоқсанға қараған түні белгісіз тұлғалар екі бұзауын ұрлап, салдарынан 600 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
– Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде 41 жастағы жергілікті тұрғын күдікті ретінде анықталып, ұсталды. Оның тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту барысында Toyota Land Cruiser автокөлігінен суық және атыс қаруы, сондай-ақ әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Тергеу барысында екі бұзауды күдіктіден 200 мың теңгеге сатып алғанын айтқан куәгер де анықталды. Ұрланған мал заттай дәлелдеме ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар қылмыстың алдын ала сөз байласу арқылы жасалғаны белгілі болды. Құқыққа қайшы әрекетке 29 және 25 жастағы тағы екі жергілікті тұрғынның қатысы бар деген күдік туындады. Аталған тұлғалардың осыған ұқсас бірнеше қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатыр. Атап айтқанда 3 желтоқсанда күдіктілер Шұбар ауылының тағы бір тұрғынынан үш ірі қара малды ұрлап, 1 млн 200 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Бұдан бөлек 14 қарашада өзге бір ауыл тұрғынынан құны 1 млн 500 мың теңгеге бағаланған үш мал қолды болған.
– Қазір барлық күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция олардың аудан аумағында жасалған өзге де қылмыстарға қатыстылығын анықтайды. Мал ұрлығымен күрес – ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Мұндай әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында қатаң әрі принципті баға беріледі, – деп атап өтті Жетісу облыстық ПД.