Қоғам • Бүгін, 08:17

Жер – халықтың қазынасы

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қолда барда қоныштан басып, ұлан-ғайыр алқапты уысында ұстағандар халықтың қазынасына телінген қара жерді ұзақ жыл бойы игеруге икемі келмегені мәлім. «Елге де жоқ, өзіме де жоқ» деп мыңдаған гектар алқапты ондаған жыл бедерінде босқа ұстап отырғандардың дәурені өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жұмыс істеген комиссия мемлекет мүддесі үшін талай жерді кері қайтарып алды. Бұл жұмыс еліміздің қай қиырында болсын тоқтаусыз жүргізіліп жатқаны даусыз.

Жер – халықтың қазынасы

Халықтың қазынасын заңсыз пайдаланып келгендерге тосқауыл қоюды Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да қадап айтып, жергілікті жерлердегі атқамінерлерге шұғыл тапсырма жүктегені белгілі. Президент тапсырмасы аясында барлық өңір секілді Жамбыл облысында да нақты жұмыс қолға алынды. Кейінгі бірнеше жыл бедерінде Жамбыл өңірінде заңсыз иеленген жерлерді қайтару бойынша ауқымды жұмыс атқарылып, мыңдаған гектар алқап мемлекет меншігіне берілген еді.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру жұмысы Жамбыл өңірінде бірнеше жыл бұрын мықтап қолға алынғаны мә­лім. Баянды бастаманың ел дамуын­да ай­рықша маңызға ие екенін жедел тү­сінген жергілікті атқарушы билік өкіл­дері ауқымды жұмыс атқарғанына ешкімнің таласы жоқ. Нәтижесінде, талай мықтының уысында кеткен ұлан-ғайыр алқап ел игілігі үшін мемлекет меншігіне өтті. Жергілікті халық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің игілігін көретін күн де жетті.

Нақты дерекке жүгінсек, 2021 жылы мемлекет мүддесі үшін 106,3 мың гектар алқап кері қайтарылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 201 мың гектарды құ­ра­ған. Ал 2023 жылы мемлекет мен­ші­гіне қайтарылған жердің үлесі 201,2 мың гектарға жеткен еді. Жамбылдық атқамінерлер 2024 жылы 80 мың гектар алқапты ел игілігі үшін кері қай­таруды жоспарлағаны белгілі. Алайда бұл көрсеткішті алғашқы 8 айдың қоры­тындысында асыра орындаған. Нақ­тырақ айтсақ, 87,5 мың гектар жер 8 айдың бедерінде мемлекет меншігіне қайтарылған. Осылайша, өңірде бірнеше жылда кері қайтарылған жердің үлесі жүздеген мың гектарға жеткен.

Бірнеше жыл бедерінде тоқтаусыз жүргізіліп келе жатқан бұл жұмыс облыс аумағында оң нәтиже беріп отырғаны анық. Өткен жылы өңір басшысының орынбасары Әбілхайыр Тамабек ел игілігі үшін кері қайтарылған мыңдаған гектар алқапты өңір экономикасын дамыту мақсатында қайта айналымға енгізу жұмысы жолға қойылғанын тілге тиек етті.

«Президент тапсырмасы аясында қолға алынған баянды бастама өз нәтижесін беріп отыр. 2021 жылы – 60,2 мың, 2022 жылы – 46,9 мың, 2023 жылы – 66,1 мың, 2024 жылдың 8 айының қорытындысына сәйкес 46,9 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына тартылды», деген еді ол.

Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Данияр Өтепов­тің айтуынша, игерусіз жатқан жерлерге қатысты шара қолдану жұмысы осы жылы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе аудандар тарапынан мал басы тіркелмеген алқаптар тұрақты бақылауға алынған көрі­не­ді.

«2025 жылдың екінші жартысында атқа­рылған ауқымды жұмыс аз емес. Аудандар тарапынан мал басы тіркелмей игерусіз қалған жерлерге шара қолдану жұмысы қолға алынды. Нәтижесінде, жер ресурс­тарын басқару департаментіне 419,3 мың гектар жердің құжаты жолданған болатын. Бұл жұмыс өз нәтижесін бергені анық. Осы жылдың 11 айындағы қорытындысы бойынша 53 мың гектар алқап игеріліп жатыр. Сонымен қатар 31,5 мың гектар жер иелерінің қайтыс болғаны анықталып отыр. Бұл жерлерді Азаматтық кодекстің 242-бабына сәйкес 1 жыл бедерінде иесіз мүлік ретінде есепке алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 128,7 мың гектар алқап бойынша атқарылған жұмыс департаменттің өндірісінде тұр. Ал 131,2 мың гектар жердің иелері ауысқанын айта кеткен жөн. Бұл жерлерді аудандар тарапынан жаңа меншік иесін анықтай отырып, қайта нақтылау жұмыстары жүр­гізіледі», дейді басқарма басшысы.

Д.Өтеповтің айтуынша, пайдаланусыз қалған, заңнаманы бұзу арқылы берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап­тарды мемлекет меншігіне қайтару жұмы­­сы осы жылы да тоқтаусыз жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қолға алған ауқымды жұмыс аясында 11 айда 61 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

«Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қолға алған жұмыс тиісті деңгейде іске асырылады. Қазіргі уақытқа дейін Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында тиісті конкурс жүргізілді. Нәтижесінде, 14,2 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айна­лымына қайта енгізілді», дейді Д.Өтепов.

Ауылдық жерлерде тұратын халық үшін жайылым жер қай кезде де бас ауру­ға ай­налғаны мәлім. Алтын бесікке қазығын қақ­қан халықтың мәселесін шешу мақса­тын­да да өңірде ілкімді жұмыс атқарылып жатыр.

«Президент тапсырмасын жүйелі түр­де жүзеге асырудың қай кезде де маңызы зор деп ойлаймын. Сондықтан да біз бір қолдың саласындай бірігіп, заңсыз алынған, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмыстың алдағы уақытта да тоқтамайтыны анық. Өйткені алға қойған айқын мақсат бар. Ең бастысы, дәл осы жұмысты жүйелі түрде атқару арқылы өңір экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қоссақ дейміз. Ауылдық округтерге қарасты елді мекендердің ортақ пайдалануындағы жа­йылым жерлерді кеңейту жұмысы жүйелі түрде жүргізіледі. Жалпы алғанда, бос жатқан 403,5 мың гектар алқап жайылым жер ретінда таңдалып алынды. Ал жергілікті мәслихаттардың пәрменімен 161,1 мың гектар жер ресми бекітілді. Сонымен қатар 242,4 мың гектар жерді жа­­­­­йылым алқабы ретінде орналастыру жұмысы жоспарға сай атқарылады. Жалпы алғанда Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес қосылған жерлер жергілікті мәслихаттардың шешімімен бекітілуі керек. Бұл жұмыс 2026 жылдың маусымына дейін толыққанды аяқталады деген сенім зор. Біздің басқарма тарапынан бұл бағыттағы жұмыс өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн», дейді жауапты басқарма басшысы.

Қалай десек те, Жамбыл өңірінде ке­йін­гі 3-4 жылдың бедерінде сең қозғал­ға­нына ешкімнің таласы жоқ. Ең бастысы, қолында билігі бар кезде ұлан-ғайыр алқапты заңсыз иеленіп алған­дар­мен ымырасыз күрес жүргізіліп, 100 мың­даған гектар жер мемлекет мүддесі үшін кері қайтарылғаны көңіл қуантады. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз. Өйткені халықтың қазынасына телінген қара жердің қызығын жергілікті қарапайым тұрғындар көруі керек.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар

Абай және жас ұрпақ

Абай • Бүгін, 19:55

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30