Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды. Кәрім Қажымқанұлы алдымен Тайынша ауданына атбасын тіреп, шаруашылықтар мен кәсіпорындарды аралады, еңбек ұжымдарымен кездесті. “Тайынша-Астық” ЖШС-нің сүт кешенінде болып, жұмыс барысымен танысты.
Анатолий Рафальский басқаратын шаруашылық негізінен егіншілікпен айналысады. Биыл 37243 гектар алқапқа дәнді дақылдар өсірді. Майлы дақылдар көлемі де ұлғайып, 11704 гектарға жетті. Астық өндірудің озық технологиясын кеңінен қолданудың арқасында гектар берекелілігі 20-24 центнерден төмендеген емес. Агроқұрылым соңғы төрт жылдың ішінде 864 миллион теңгенің техникаларын сатып алды. Мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Мұнда 3700-дей мүйізді ірі қара, 600-ге жуық жылқы өсіріледі. Сүт кешені іске қосылғалы өнім сапасының арта түскені байқалады.
– Озық технологиямен жұмыс жасап жатқандарыңызды көріп тұрмын. Мұның өзі өнімнің сапасын жақсартумен қатар, бәсекелестік қабілеттігін арттыруға зор мүмкіндік берері сөзсіз. Кеден одағына кіруіміз бәрімізге зор міндеттер жүктейді. Осындай ет, сүт фермаларын жергілікті жерлерде көбейтсек, азық-түліктен тапшылық көрмейтін боламыз. Адамдардың да сұранысы толық қанағаттандырылады, – дей келіп, Кәрім Қажымқанұлы диқандардың сауалдарына жауап берді.
Алда жаңа егін орағы келе жатыр. Элеваторларда жатқан былтырғы астық өткізілмесе, жағдайдың қиындайтын түрі бар. Осы мәселені шешіп беруіңізді өтінеміз. Сосын астықты делдалдарсыз – тікелей сатып алу жолдарын ойластырмай болмайды десті. Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа тапсырма беріп, 400 мың тонна астықты батыс өңірлерге орналастыруды жүктеді. Сөзінің соңында облыста бірнеше элеватордың салынатынын, күзгі ризықты кідіріссіз қабылдауға барлық жағдайдың жасалатынын мәлімдеді. Бір сұрақ өңірге Ресейдің газын тарту жайына қатысты қойылды. К.Мәсімов тиісті орындарға тапсырма берілетінін, мәселенің жан-жақты зерделенетінін жеткізді. Тайыншалықтар атынан сөз алған Анатолий Расальский ауыл тұрғындарына жасап жатқан ұдайы қамқорлығы үшін Елбасына деген ақ тілегін жолдап, зор денсаулық, отбасылық бақыт тіледі.
Бұдан кейін Премьер-Министр индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске қосылған ет комбинатына келді. Оның жобалық құны – 5,4 миллиард теңге. Мал мен құсты өнеркәсіптік бордақылаумен 300-дей адам шұғылданады. Қайта өңдеу желілері кіретін кешен Еуроодақ стандарттарына негізделіп, ет өнімдерін сатып алудан өңдеуге дейінгі операциялар бір мезгілде атқарылады. Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының 2010 жылға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламасының орындалу барысын, алдағы міндеттерді сұрастырып білді.
Аймақ басшысы Серік Біләлов Елбасы тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан индустрияландыру картасы жайлы айтып берді. Бағдарламаның жалпы құны 27 миллиард теңгені құрап, 13 жобаны қамтиды. Оның 4-і – агроөнеркәсіп кешені саласына, 6-ы – мәшине жасау және құрылыс материалдары өндірісіне, 2-і – металлургияға, 1-і химия өнеркәсібіне тиесілі. Жобалар құрылысы кезінде – 900, іске қосылғанда 1700 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек. Бұл жобалардың 9-ын биыл пайдалануға беру көзделсе, бірінші жартыжылдықта 6-ы іске қосылды. Қуаты 40 мың текше метрлік Обухов кен орнының сынақ-өнеркәсіптік өндірісі, құрғақ көбік-бетон қоспалар зауыты, “Баско” ЖШС ет өндіру кешенінің екінші кезегі, Айсары кен байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Еліміз үшін аса маңызды жоба “ЗИКСТО” АҚ-та жүзеге асты. Астық тасымалдайтын жаңа өнім – вагон-хоппердің тұсауы Мемлекет басшысы қатысқан телекөпірде кесілді. Зауыт отандық тауарлар өндіруге бейімделу, үлестік салмағын арттыру жөніндегі тапсырмаларды абыроймен орындап, вагон құрастырудың төрт түрін игерді. Алда жылына бір мың жабық вагон шығару міндеті тұр. 2015 жылға қарай бір жарым мыңға жетпек. Олардың сапасы Ресей, Украина өнімдерінен бір кем емес. Өте маңызды жобаның өмірге жолдама алуына диқандар аса қуанулы. Былтыр солтүстікқазақстандықтар бітік астық өсіргенімен, тасымалдау аса қиынға соқты. Шеттен сатып алу тым қымбат. Енді, міне, қай жағынан болсын аса қолайлы хоппер-вагондардың Петропавлда жасала бастауы отандық өнімдерге деген сұранысты арттырары сөзсіз.
– Президент елімізді жаңа индустриялық-инновациялық мемлекетке айналдырудың тың жолдарын белгілеп берді. Ендігі күш-жігерді осы мақсатқа жұмылдыруымыз қажет. Бағдарламалар Үкіметтің тұрақты бақылауында, – деді К.Мәсімов.
“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС полиэтилен құбырларын және құрылымдық оқшаулау панельдерін шығару бойынша үш желіні іске қосты. Президенттің еліміздің жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму жоспарына арналған бейнеконференция аясында бұл жобаның тұсауы кесілген болатын. Содан бері кәсіпорынның қуаты артып, өнім түрлері молая түсті.
Премьер-Министр осында болғанда полиэтилен құбырлар шығаратын аумағы атшаптырым цехты асықпай аралап көрді. Үй құрылысына арналған сэндвич панельдердің, металл жапқыштардың беріктігі мен төзімділігіне назар аударды. “Былтырғыға қарағанда еңбек өнімділігін 1,3 есе арттырып, қосымша 20 адамға жұмыс тауып бердік. Алты айда 2016 тонна 700-1000 миллиметрлік полиэтилен құбырлар жөнелттік. Сұраныс мол”, деді кәсіпорынның бас директоры Александр Кондратов.
Үкімет басшысын “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының жергілікті жерлерде орындалу жайы да бейжай қалдырған жоқ. Бұл жөнінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев баяндап берді. Былтыр бұл бағыт бойынша 182 жоба іске асырылып, 4,4 миллиард теңге жұмсалған. 11206 адам жұмысқа орналасқан.
5000 адам қайта даярлықтан, кәсіптік білім жетілдіруден өткен. Биыл бұл мақсаттар үшін 5,5 миллиард теңге қарастырылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қайта жаңғырту мен дамытуға 2 миллиард теңге бөлініп, 1625 адам жұмыспен қамтылмақ. Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 645 миллион теңге қарастырылған. Әлеуметтік жұмыс орындары мен “Жастар тәжірибесін” ұйымдастыру екі мың жұмыс орындарын табуға көмектеседі.
Кәрім Қажымқанұлы жолай “Ақбота” бөбекжайына соғып, бүлдіршіндердің бал тілін қызықтады. Білім басқармасының бастығы Темірғали Әбілмәжінов “Балапан” бағдарламасын іске асыру мақсатымен республикалық қазынадан 710 миллион теңге қарастырылғанын, мемлекеттік тапсырыс арқылы 6000-дай орын ашу көзделгенін, осынау игі іске жеке меншік серіктестіктерді тарту жайы қарастырылғанын баяндап берді.
Бұдан соң К.Мәсімов облыстық кардиологиялық орталыққа атбасын тіреп, “Ұрпақ қоры” бағдарламасының тұсаукесеріне қатысты. Төрт және одан да көп баласы бар отбасыларды материалдық қолдау турасындағы қанатқақты жоба оның тарапынан қолдау тапты.
Қызылжар өңіріндегі проблемалы мәселелердің бірі — кәріз жүйелерінің жайы. Әсіресе, Петропавл қаласының солтүстік беткейіндегі су торабы 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жағдай осылай жалғаса берсе, экологиялық қауіптің туындары анық. Жобаның бірінші кезегі жүзеге асқанымен, қаржы тапшылығына байланысты әрі қарай жалғасын таппай қалған. Үкімет басшысы жағдаймен жан-жақты танысып шығып, қаржылай көмектесуге уәде берді.
К.Мәсімов облыстағы жұмыс сапарынан кейін БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. “Сапар мақсаты – Елбасы тапсырмаларының жергілікті жерлерде қалай атқарылып жатқанын көру. Олардың ішінен аса маңызды төрт жобаны: “Жол картасы”, индустриялық-инновациялық, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты бағдарламаларды бөліп айтар едім. Қызылжар өңірінде жасалып жатқан жұмыстар сан-салалы, көңіл көншітеді. Оған көзім анық жетті. Алдағы тұрған міндеттер одан да зор. Нендей істі қолға алсақ та түпкі нәтижесін халық сезінетін болсын”, дей келіп, Премьер-Министр жергілікті билік орындарының жұмысына оң баға берді.
Үкімет басшысы сол күні Қостанай облысына аттанып кетті.
Өмір ЕСҚАЛИ, Суреттерді түсірген Шүкір ШАХАЙ. Солтүстік Қазақстан облысы.