Қоғам • Бүгін, 08:50

Құмарпаз болма әрнеге...

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан мен Алматы қаласы әкімі аппаратының этика жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беруді дамыту және мемлекеттік қызмет­шілер арасында этикалық қалыпты нығайту бағытын­да атқарылып жатқан жұмыс жөнінде мәлімет
ұсынды.

Құмарпаз болма әрнеге...

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Адалдыққа үндеу – мем­лекеттің дамуы мен аза­мат­тардың мемлекеттік ор­гандарға сенімін арттыра­тын шешуші тетік. Сыбай­лас жемқорлық қоғам сені­мін әлсіретеді, экономи­ка­ның дамуын тежеп, мем­ле­кеттік ресурсты әділ бөлу­ге кесірін тигізеді. Біз құқық­бұзушылыққа қарсы жұмыс істеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа көз жұмып қарауға болмайтын мәдениет қалыптастыруды көздейміз», дейді Шынарай Әлімхан.

Сарапшының айтуынша, жемқорлыққа қарсы білім беру негізгі басымдыққа айналып, бұл бағыттағы жұмыс оқушылар, студенттер және мемлекеттік қызмет саласын қамтып отыр. Осы орайда мектептер мен жоғары оқу орындарында заңды құрметтеу, адалдық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Адал ұрпақ», «Адал білім», «Саналы ұрпақ» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар студенттер мен оқушылар сыбайлас жемқорлыққа бастайтын тәуекелдерді айқындауға арналған интерактивті тренингтер мен практикалық сабақтарға қатысады.

Екінші маңызды бағыт – мемлекеттік қызметтің этика­лық нормаларын ны­ғайту. Әдеп кодексі мем­лекеттік қыз­меткердің азаматтармен, әріптестермен қарым-қаты­насы мен ше­шім қабыл­дау кезіндегі әре­кетін реттейтін күнделікті өмірде қолданатын құрал екені белгілі. Әсіресе кейінгі оқиғалар мүдделер қақ­ты­ғысына жол бермеу, үде­ріс­тердің ашықтығы мен қыз­меттік қарым-қатынас мәде­ниетін дамыту жағына да ерек­ше назар аудару қажет­тігін көрсетіп берді.

«Сыбайлас жемқорлық – сыйлық алуға құмарлық, қызметтік өкілеттігін жеке мақсатқа пайдалану сияқты күнделікті өмірдегі ұсақ құ­қық­­бұзушылықтан басталады. Әрбір қызметкер мұндай әрекеттері үшін жауапқа тартылатынын түсінуге тиіс», дейді Ш.Әлімхан.

Әр қызметкердің жеке жауапкершілігі артып, мем­лекеттік органның басшыларына қойылатын талап күшейе түспек. Бұл қадамдар мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық мәдениетін дамытуды, этикалық нор­ма­­лар мен жемқорлық жө­нін­де білімін арттыруды, бас­шы­лардың ұжым алдын­дағы жауапкершілігін күшейтуді, мемлекеттік органдарға ашық әрі түсінікті регламент енгі­зуді қарастырады.

Ал Этикалық кодекстің рөліне келетін болсақ, Алматы қаласы әкімі аппаратының этика жөніндегі уәкілі Ма­май Ахетов мемлекеттік қыз­­мет­шілердің Этикалық кодексі – мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің кәсіби мінез-құлқын, олардың елмен, әріптестерімен қарым-қаты­насын, заңдылықты сақтау талаптарын айқындайтын негізгі құжат екенін еске салды.

Этика жөніндегі уәкілдер институты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір Алматыда 9 уәкіл қызмет ат­қарса, оның біреуі – штаттық негізде, 8 уәкілге қосымша міндеттеме жүктелген. Олар қажет жағдайда елге кеңес беріп, заңсыздықтардың алдын алып, заңнама нормаларын түсіндіріп, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды қолдауға тиіс.

Биыл әдеп уәкілдері қала­лық басқармалар мен аудан­дық әкімдіктерде шамамен 400 дәріс пен семинар өткізіп, мемлекеттік қыз­метшілер мен азаматтарға 700-ден аса кеңес берген. Қала мен аудан әкімдіктерінде 396 жеке қабылдау өткізген. Бұл іс-ша­ралардың басым бөлігін Алматы қалалық Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі депар­таментімен бірлесіп ұйым­дастырылған.

Осы орайда М.Ахетов құ­мар ойындарға тәуел­ділік қаржылық тапшылық­тарға, сыбайлас жемқорлыққа апаруы мүмкін екеніне тоқтала келе: «Құмар ойын­дарға тәуел­ділік қызметкерді заңсыз әрекетке итермелеуі мүмкін, сондықтан оның алдын алуды жүйелі түрде жүр­гізіп отыруымыз керек», деді.

Сондай-ақ этика жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызмет­те зайырлылық қағидатын сақтаудың маңызын атап өтті. Мемлекеттік қызмет­ші­лерге діни топтардың сойылын соғуға, діни үгіт жүргі­зуге немесе жұмыс орнын діни материалдарды тарату үшін пайдалануға ты­йым са­­лынған. М.Ахе­тов бүл­дір­­гі ағымдардың ықпа­лын тежеу мақсатында ақ­параттық-түсіндіру тұр­ғы­сын­дағы кездесулер, қауіп-қатерді бақылау, Дін іс­тері басқармасы мамандарының қатысуымен діни сауатты арт­тыру жұмыстары жүргізі­летінін атап өтті.

Спикердің сөзіне сенсек, мемлекеттік қызмет меритократия, ашық бәсеке мен тиімділікті объективті бағалау қағидатына сай дамып жатыр. Осы мәселеде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру азаматтар мен қызметкерлер арасындағы тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Дегенмен басқару мәдениеті, басшылардың жауапкершілігі мен этикалық нормаларды сақтау маңызды бағыт болып қала бермек.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар