Мемлекеттік қызмет саласындағы жүзеге асырылатын өзгерістер жайы Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Әли Көмекбаев пен Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашевтың қатысуымен өткен брифингте кеңінен айтылды.
Департамент директоры 2012 жылы жауапты хатшы мен мемлекеттік орган басшысының арасындағы өкілеттіктер нақты ажыратылғандығын тілге тиек ете келіп, бұл ретте жауапты хатшының міндетіне аппараттың кәсіби жұмысы және оны ұйымдастыру кіріп отырғандығын атады. Бүгінгі таңда жауапты хатшы мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастырушы функциялар – бухгалтерия, кадр саясаты, заңгерлік қызмет және өзге де міндеттерді атқарады. Ендігі қадам әкімшілік қызметтің автономдығын қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, жауапты хатшының мәртебесін арттыру.
Министрлер саяси тұлға ретінде ведомствоның сол және өзге де салаларындағы стратегиялық мақсаттарын айқындаумен айналысады және жоғары заң шығарушы органмен заңшығармашылық саласында өзара ықпалдасатын болады. Ал жауапты хатшының міндетіне әкімшілік басқару және саяси қызметкер қабылдаған шешімдерді жүзеге асыру жатады. Бұл ретте саяси тұлғаның ауысуы жауапты хатшының ауысуына алып келмейді. Осылайша, мемлекеттік функциялардың сабақтастығы мен тұрақтылығына қол жеткізілмек. Мұндай жағдай кәсіби аппараттың қалыптасуына өзіндік себін тигізеді. Мемлекеттік аппараттың кәсібилігін қамтамасыз ету үшін 2016 жылы барлық әкімшілік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу көзделіп отыр. Бұл жерде қызметкердің заңдарды білуі ғана емес, сонымен қатар, олардың өз қызметтік міндеттерін атқаруға қажетті жеке және лауазымдық сапалары да жан-жақты сараланады. Ол үшін тестілеу, әңгімелесу және аттестациялық тапсырмалар арқылы анықтау қарастырылып отыр. Оның нәтижесі қызметшіні дамытудың жоспарына негіз болып қалануы тиіс.
Департамент директоры, сондай-ақ, аттестаттаудың мақсаты мемлекеттік қызметшіні жұмыстан аластату емес, олардың әлеуеттерін анықтау боларына назар аудартты. Оның айтуынша, аттестациялық комиссия мемлекеттік қызметшінің қабілетіне қарай лауазымын жоғарылату туралы ұсыныс енгізуі де мүмкін. Мұның барлығы қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық базада бекітіледі. Сондықтан да, «Мемлекеттік қызмет туралы» және оған ілеспе түзетулерімен жаңа заң жобасы әзірленіп жатқаны айтылды. Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев дипломатиялық қызметтің мән-жайына тоқталды. Ол 2002 жылы қабылданған «Дипломатиялық қызмет туралы» Заңға тиісті өзгерістер енгізілгендігін атай келіп, қазір дипломаттар осы заңдық құжат бойынша жұмыстарын атқарып жатқандығына назар аудартты. Отандық дипломаттар Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі бағытында жұмыс істеп жатқандарын жеткізген ол 2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ұмтылып отырғанын ортаға салды.
Қазіргі кезде Қазақстанның 64 мемлекетте өз өкілдігі бар. Министрлік қатары «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең озық деген 200 жоғары оқу орындарын бітіріп келген білікті кадрлармен толығуда екен. Жалпы, жауапты хатшының сөзінен белгілі болғандай, Сыртқы істер министрлігінде бүгінде 1233 адам жұмыс істесе, соның 846-сы шетелдердегі өкілдіктерде өз міндеттерін атқаруда. Және де орталық аппаратта 387 адам еңбек етуде. Қолданыстағы заң бойынша дипломатиялық қызметкер сол және өзге шет мемлекетте үш жыл қызмет атқаруы тиіс болса, елші немесе министрдің ұсынысымен оның қызметі тағы бір жылға созылуы мүмкін.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».