Аймақтар • Кеше

Бородулиха жұртшылығының қуанышы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бородулиха ауданы – орманды алқап пен құнарлы егістікке сүйенген өңір. Олар ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, экологиялық тепе-тең­дікті сақтауда да ерекше рөл атқарады. Жа­қында ауданда бір күнде екі бірдей әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне беріліп, жергілікті тұрғындарды қуанышқа кенелтті.

Бородулиха жұртшылығының қуанышы

«Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы аясында Камышенка елді мекенінде ауылдық клуб ашылды. Камышенка ауылы – тірек елді мекен, мұнда бүгінде 957 адам тұрады. Жаңа клуб ауыл тұрғындарының маңызды мәдени-әлеуметтік орталығына айналып, 8 адам тұрақты жұ­мыспен қамтылады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, домбыра, саз аспаптарында ойнауды үйрететін үйірмелер жұмысын бастайды. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Берік Уәли:

«Бұл ауылда соңғы рет 1985 жылы жаңа ғимарат ретінде мектеп салынған екен. Содан бері бой көтерген ғимарат осы. Бұл жерде жақсы шаралар, концерт, кездесулер көптеп ұйым­дастырылатынына сенеміз. Ғимарат құрылысы сапалы жүр­гізілген екен, құтты болсын», дей келіп, нысанға жаңа музыкалық аппараттың сертификатын табыс етті.

Ауданда жалпы 33 мәдениет мекемесі, атап айтқанда, бір аудандық, алты ауылдық мәде­ниет үйі, төрт ауылдық клуб, бір аудандық, жиырма бір ауылдық кітапхана бар.

Сондай-ақ ауданның Петро­павловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы ашылды. Петропавловка Семей қаласынан 37 шақырым жерде орналасқан. Елді мекенде қазірде 883 адам тұрады. Мұнда да 2000 жылдан бері мәдениет пен спортқа арналған мекеме болмаған екен.

«Нысан құрылысы 2024 жылы басталып, биыл аяқталды. Ғимараттың жалпы ауданы – 864 шаршы метр. Бір уақытта 300 адамды қабылдай алады. Орталықтың ашылуы елді мекен тұрғындары бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда мә­дени, рухани, спорттық бағыт­тардағы түрлі үйірмелер ашу жоспарланып отыр. Атап айт­қанда, домбыра, фортепиано, гитара үйрететін музыкалық үйірмелер, сурет салуға арналған сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар театр үйірмесі жұмыс істеп, тұрғындардың шығармашылық қабілетін дамытады. Ақпараттық технологиялар саласына қызығушылық танытатындарға IT үйірмесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, зияткерлік дамуға бағытталған дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелерін, сондай-ақ волейбол, баскетбол, футбол, фитнес, басқа да спорт түрлерінен секциялар ұйымдастыру көзделген», дейді орталық қызметкерлері.

Ресми деректерге сүйенсек, ауданда 65 спорт нысаны мен 33 спорт залы, сондай-ақ Бо­­родулиха балалар-жас­өс­пі­рімдер спорт мектебінде спорт кешені мен стадион бар. Спорттың 35 түрінен 414 секция тұрақты жұмыс істейді. Денешынықтырумен, спортпен жүйелі түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 13 014 адамды құрайды.

 

Абай облысы,

Бородулиха ауданы

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше