Қоғам • Бүгін, 09:35

Мұғалімге қоғам ілтипаты маңызды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 415 мыңнан көп педагог жұмыс істейді. Олардың 85 пайызы – жоғары, 9 пайызы – жоғары білімнен кейінгі, 6 пайызы – техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар. Мұғалімдердің саны мен сапалық құрамын арттыру, жас мамандарды тарту мақсатында мемлекет бірқатар жүйелі шара қабылдаған.

Мұғалімге қоғам ілтипаты маңызды

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Орталық коммуникациялар орта­лығында өткен баспасөз жиынында Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев аталған шараларды жіліктеп берді. Оның айтуынша, жүйелі жұмыс шеңберінде төрт жылда жоғары білімді педагог кадрларды даярлауға 65 мыңға жуық грант бөлінген. Осыған қоса педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттер­дің шәкіртақысы 58 мыңнан 84 мың теңгеге дейін көтерілді. Соның нәтижесінде кейінгі жылдары педагогика мамандығына «Алтын белгі» иегерлерінің көптеп түсуі байқалып отыр. Жас педагогтерді қолдау мақ­сатында биылдан бастап ЖОО-ны жақсы нәтижемен аяқтаған түлектер мектептерге конкурссыз қабылданады.

«Педагог мәртебесі» туралы заңға сәйкес, педагогтердің білік­тілігін арттыру үш жылда кемінде бір рет жүргізіледі. Демек жыл са­йын Қазақстандағы мұғалімдердің 33,3 пайызы, яғни 91 мыңнан аса педагог мемлекеттік бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Олар өз мамандығына қатыс­ты, сондай-ақ инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновация­лар мен цифрлық құзыреттілік бағыттары бойынша да оқытылды. Еліміздегі педагогтердің жасанды интеллекті бойынша біліктілік арттыруға деген қызығушылығы өте жоғары. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесе әзірлеген ақысыз онлайн курсқа 338 мыңнан астам мұғалім қатысып, оның 267 мыңға жуығы, яғни 79 пайызы сертификат алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», деді Қ.Жұмашев.

м

Спикер баяндағандай, педагогтер 5 жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Биыл республика бойынша «Ұстаз» педагогтің үздіксіз кәсіби да­муының ұлттық платформасы» іске қосылды. Платформада мұға­лімге қатысты мәліметтер бірне­ше мемлекеттік дерекқордан автомат­ты түрде алынады. Қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен же­тістіктері бір жүйеге жинақталған. Цифрлық формат қағазбастылықты жойып, аттестаттаудың әділ әрі ашық өтуіне мүмкіндік берді, адам факторын жойды. 2025 жылы автоматтандырылған жүйеде «педагог-модератор», «педагог-сарапшы» біліктілік санаттары үшін ғана аттестаттау  жүргізілді. Ал «пе­да­гог-зерттеуші», «педагог-шебер­лер» дәстүрлі форматта, яғни Электронды үкімет порталы ар­қылы өтті. Бүгінде орта білім жүйе­сінде 104 999 «педагог», 126 688 «педагог-модератор», 95 438 «педагог-сарапшы», 82 632 «педагог-зерт­теу­ші», 2 973 «педагог-шебер» жұмыс іс­тейді. Өткен жылмен салыстырғанда педагог-модераторлардың үлесі 7 пайызға, педагог-сарапшылар 2 пайызға, педагог-зерттеуші – 1 пайызға өсті.

Баспа­сөз жиынына қатысқан Білім саласында сапаны қамта­масыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров жекелеген өңірлерде «Педагог мәртебесі туралы» заң­ның кейбір нормаларын бұзу факті­лері әлі де кездесетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұзушы­лықтардың көбі заң қабылданған алғашқы жылдары тіркелді. Мысалы, 2020–2022 жылдары 111 бұзушылық деректері ресми түрде тіркелсе, кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 38-ге дейін азайған.

«Бұзушылықтардың негізгі бө­лігі педагогтердің кәсіби қызметіне тән емес жұмыстарға тартылуына қатысты. Бұдан бөлек, педагогтер­дің ар-намысына тию, балағаттау фактілері тіркелген. Сондай-ақ мұға­­лімдерді мәжбүрлеп концерт билеттерін сатып алуға, түрлі іс-шараларға көрермен ретінде қатыстыру бойынша деректер анық­талған. Педагогке құрметсіздік таныту, оның ішінде масс-медиа мен әлеуметтік желілер арқылы ар-намысына тию фактілері бойынша аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері тарапынан оқушылардың ата-аналарына 12 әкімшілік іс қозғалды. Бұл шаралар педагогтің заңмен қорғалатын мәртебесінің нақты іске асырылып жатқанын көрсетеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 409-бабына сәй­кес жауапкершілік көзделген. Осы норма ескерту жасаудан бастап, қайталанған жағдайда айыппұл салу түріндегі әкімшілік санкция­ларды қамтиды», деді С.Әшіров. 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53