Мәдениет • 30 Желтоқсан, 2025

«Қазақконцерт» көрерменге мерекелік концертін ұсынды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында өткен «NEW YEAR with QAZAQCONCERT» атты жаңа жылдық концерт елорданың мәдени өміріндегі жарқын оқиғалардың біріне айналды, деп жазады Egemen.kz.

«Қазақконцерт» көрерменге мерекелік концертін ұсынды

Жыл соңындағы бұл тағылымды әрі әсерлі мәдени кеш өнерсүйер қауымға шаттық сыйлап қана қоймай, шығармашылық табыстарға толы жылды салтанатты түрде қорытындылаған мазмұнды кеш болды. Мерекелік концертте отандық эстраданың таңдаулы өкілдері сахна төріне шығып, көрерменге жоғары деңгейдегі музыкалық бағдарлама ұсынды. Әншілердің жанды дауыста кәсіби бэндтің сүйемелдеуімен орындаған туындылары кештің шынайы рухын айқындай түсті. Танымал хит әндер мен жаңа жылдық классикалық шығармалар залдағы тыңдарманды бір сәтке күнделікті күйбеңнен алыстатып, мейрамның сиқырлы әлеміне жетеледі.

Концерт бағдарламасына енген «Жаңа жыл шамдары», «Аппақ қар», «Жаңа жыл» сынды отандық туындылар көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, әлемге әйгілі «It's the Most Wonderful Time of the Year» мен «Jingle Bell Rock» әндері кешке халықаралық мерекелік реңк берді. Әрбір музыкалық номер жаңа жылдың үміт пен жаңару кезеңі екенін айшықтай отырып, көрермен көңілінде ерекше әсер қалдырды.

Музыкалық кеш би өнерімен, сахналық қойылымдармен және заманауи визуалды шешімдермен шебер толықтырылды. Сахна төрінде орындалған хореографиялық композициялар концерттің көркемдік деңгейін арттырып, ән мен бидің үйлесімді үндестігін көрсетті. Әсем костюмдер, жарықтың әсерлі қолданылуы мен сахналық безендіру кештің көркін аша түсті.

Бұл кеште «Қазақконцерт» ұйымының танымал өнер жұлдыздарымен қатар «Astana Musical» мемлекеттік театры, елімізге кеңінен танымал «GULDER» ансамблінің балеті, сондай-ақ «G-band» тобы өнер көрсетті. Әр ұжым өзіне тән стиль мен кәсіби шеберлігін әйгілеп, концерт бағдарламасын мазмұндық әрі көркемдік тұрғыдан байытты. Бір сахнада тоғысқан түрлі жанр өкілдері мерекелік кештің көркемдік аясын кеңейтіп, көрерменге шынайы өнер мерекесін сыйлады.

«NEW YEAR with QAZAQCONCERT» концерті көрерменнің ұзақ қол соғуына ие болып, жаңа жылды өнермен қарсы алудың жарқын үлгісіне айналды. Бұл кеш өткен жылға ризашылық білдіріп, алдағы жылға үміт пен сеніммен қадам басуға үндеген рухани мәні терең мәдени шара ретінде есте қалды. Аталған концерт «Қазақконцерт» ұжымының кәсіби деңгейі мен шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, еліміздің мәдени кеңістігіндегі маңызды оқиғалардың қатарын толықтырды.

Соңғы жаңалықтар