Digital • Кеше

Ұлттық ЖИ орталығы – ұлы мұраттар бастауы

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл цифрландыру саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мен өзгерістер көп болды. Келер жылы нәтижелі істің негізі болатын бастамалар да бар. Атап айтатын болсақ, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, «ЖИ тура­лы заң» қабылданды, Ұлттық жасанды интеллект орталығы «Alem.ai» ашылды.

Ұлттық ЖИ орталығы – ұлы мұраттар бастауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында ЖИ экожүйесін қалыптастыратын ұлттық орталық құруға тапсырма берген.

– «Alem.ai» халықаралық орталығы жасанды интеллект қозғалысының темір­қа­зығына және Қазақстанның цифрлық трансформациясының символына айналуға тиіс. Бұл алаң еліміздегі ең мықты мамандардың басын қосып, әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды жинайды. Мұнда ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық зертханалар, бағдарламалау мектебі және халықаралық технологиялық ком­па­ния­лар­дың кеңселері орналасады. «Astana Hub» пен «Alem.ai» нағыз инновациялар фабрикасына айналуға тиіс. Ол үшін халықаралық серіктестерді тартқан жөн. Ғылыми зерттеулерге қолдау білдіріп, экономиканың басты бағыттарына, білім беру және әлеуметтік салаларға арналған шешімдер ойлап табу қажет, – деген еді Президент.

Ұлттық жасанды интеллект орталы­ғы­ның құрылысы биыл қазан айында аяқ­талды. Қазіргі кезде іші қажетті жаб­дық­тармен толықтырылып, жұ­мы­сы бір­тіндеп басталып жатыр. Премьер-ми­нистр­дің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, «Alem.ai» орталығы – бір ғимараттың ішінде толыққанды ЖИ экожүйесін қалыптастырған әлемдегі алғашқы жобалардың бірі болмақ.

– Жоба «Astana Hub»-тың логикалық жалғасы іспетті. Кейінгі жылдары «Astana Hub» еліміздің көптеген өңірлеріне ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Сингапур, Дубай сияқты халықаралық алаңдарға шықты. Сол секілді «Alem.ai» да халықаралық делегациялар, мемлекет басшылары мен ірі компаниялар келіп көретін, Қазақстанның технологиялық әлеуетін айқын көрсететін символдық кеңістікке айналуы мүмкін. Ал болашақта бұл модельдің басқа елдерде де көшірмелері пайда болып, халықаралық деңгейде масштабталуы жоспарланып отыр, – дейді министр.

Орталық 8-қабаттан тұрады. Бірінші қабат – ашық, көпшілікке арналған кеңістік. Мұнда қоғамдық іс-шаралар, форумдар мен хакатондар өтеді, жасанды интеллект музейі, ЖИ кинотеатр секілді экономиканың түрлі салаларында жасанды интеллектінің қолданылуын көрсететін интерактивті экспозициялар орналастырылады. Сондай-ақ балаларға арналған «AI Kit Zone» қарастырылған. Бұл қабаттың бас­ты мақсаты – келушілерді шабыттандыру, технологияны күрделі нәрсе емес, түсінікті әрі қызықты дүние ретінде көрсету. Дәл осы жерде адамдар жасанды интеллект ұғымымен таныса алады.

Екінші және үшінші қабаттарда «TUMO Education» мектебі орналасқан. Бұл қабаттарда IT және жасанды интеллектіге қатысты 11 бағыт бойынша білім беріледі. Жылына 5–6 мыңға дейін бала оқытуға мүмкіндік бар. «TUMO» – тек техникалық дағдыларды үйрететін орын емес, тех­нологиялық ойлау мен шығармашылық көзқарасты қалыптастыратын орта болмақ. Мұнда болашақ инженерлер мен стартапер­лер­дің алғашқы қадамы жасалады. Қазіргі кезде мектепке қабылдау жүріп жатыр.

Ал төртінші және бесінші қабаттарда «Tomorrow School» орналасады. Бұл – 18-24 айға созылатын тереңдетілген, практикалық бағдарланған білім беру жобасы. Жылына шамамен 1 мыңға жуық адамды қамтуға есептелген. «Tomorrow School» түлектері теориямен ғана шектелмей, индустрия талаптарына сай, еңбек нарығына дайын маман ретінде қалыптасады.

Алтыншы қабат стартаптарға арналған. Мұнда жасанды интеллект бағытындағы стартап-кампус және акселерация бағдар­ла­малары іске асы­рылады. Бүгінде «Astana Hub» рези­денттерінің біраз бөлігі ЖИ технологияларын қолданатын компаниялар болса, бұл орталық солардың жұмысын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Арнайы акселерация бағдарламасына жыл сайын 50-ге жуық қатысушы іріктеліп, оларға есептеу қуаттары, деректер жиынтығы, тренингтер мен ірі тілдік модельдер ұсынылады. Қатысушылар топтасып, өнімдер әзірлейді, ал бағдарлама соңында дайын стартапшы болып шығады. Сонымен қатар «Google for Startups», «Draper University», «B2B» акселераторлар, «Stanford-Hult Innovation Hub» сияқты халықаралық бағдарламалар арқылы стартаптар инкубацияланып, экспорт нарығына шығуға мүмкіндік алады.

Жетінші қабатта ірі технологиялық ком­паниялардың ғылыми-зерттеу орталық­тары мен ЖИ зертханалары орналасады. «Google»-дың инженерлік және оқыту орталығы, «Apple Vision» лабораториясы, «Telegram» мен «TON» блокчейн зертханасы, «Smart City» бағытындағы халықаралық зерттеу орталықтары, сондай-ақ отандық және шетелдік «BigTech» компаниялар осы қабатта жұмыс істейді. Бұл жерде студенттер мен жас мамандар өндірістік жұмыстарға тартылады, стартаптар корпорациялармен тікелей жұмыс істеп, өз жобаларын дамытуға немесе серіктестікке шығуға мүмкіндік алады.

Сегізінші, ең жоғарғы қабатта, «AI-driven Government» деп аталатын аймақ орналасады. Бұл – мемлекет, бизнес, ғылым өкілдерінің бірлескен алаңы.

Соңғы жаңалықтар