Қаржы • 05 Қаңтар, 2026

Теңге нығайды, валюта нарығы жанданды: Ұлттық банк 2025 жылдың қорытындысын жариялады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық банкі 2025 жылдың желтоқсан айы мен жыл қорытындысы бойынша валюта нарығындағы ахуалды жариялады. Өткен жылы теңге долларға шаққанда нығайып, қор биржасындағы сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теңге нығайды, валюта нарығы жанданды: Ұлттық банк 2025 жылдың қорытындысын жариялады

Фото: Ашық дереккөз

2025 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 505,73 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды. Осы кезеңде Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 280 млн долларынан 359 млн долларына дейін артты. Ай ішіндегі жалпы сауда көлемі 7,9 млрд долларын құрады.

«Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 3,7%-ға нығайып, валюта нарығындағы өтімділік айтарлықтай артты», деп хабарлады Ұлттық банк.

Жылдық есеппен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 15%-ға ұлғайып, 63 млрд долларға жеткен.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету және «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылғы желтоқсан айында Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларына валюта сатылған.

«Бұл жалпы сауда көлемінің шамамен 5%-ын құрады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ұлттық банк 2025 жылы Ұлттық қордан сатылған валютаның жалпы көлемі 8,2 млрд долларға жеткенін атап өтті. Ал Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар айында Ұлттық қордан 350 – 450 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланып отыр.

Айналау операциялары аясында желтоқсан айында 475 млрд теңге алынған.

«2025 жылы алтын-валюта резервтерінен сатылған валютаның көлемі 7 млрд АҚШ долларын құрады», делінген Ұлттық банктің ақпаратында.

Банк өкілдерінің айтуынша, алынбай қалған өтімділікті, айналау операцияларын және алтын бағасының елеулі өсуін ескере отырып, 2026 жылдың бірінші тоқсанында шамамен 1,1 трлн теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр.

«Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде және айналау тетігін іске асыру барысында біз нарықтық бейтарап қағидатты қатаң сақтаймыз. Бұл валютаны тұрақты әрі біркелкі сатуды білдіреді», деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Желтоқсан айында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізбеген. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату аясында шамамен 315 млн доллар сатылған.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюталық активтері 40%-дан жоғары болғандықтан, желтоқсан және қаңтар айларында зейнетақы активтері үшін доллар сатып алу жоспарланбаған.

«Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарық қатысушыларының күтулеріне, салық төлемдеріне, әлемдік нарықтағы жағдайға және геосаяси факторларға байланысты болады», деп атап өтті Ұлттық банк.

Ведомство алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін және теңгерімсіздіктің жиналуына жол бермейтін икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастыратынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар

Шымкентте үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 11:00

Офри Арад «Қайраттан» кетті

Футбол • Бүгін, 09:30