Бас газетке 2024 жылы сұхбат алғанда байқағанымыз: Қасым-Жомарт Кемелұлы әр сұраққа аса байыпты жауап береді. Ал сұхбаттың жұмыс нұсқасын қағазға түсіріп пысықтарда әр сөзге, сөйлемге, дерекке мұқият қарайтыны таңғалдырды. Мемлекет басшысы кәсіби елші, шет тілі мен халықаралық қатынастар маманы ретінде философия, стилистика, логика, психология пәндерін теория жүзінде де, практика жүзінде жетік меңгергенін аңғартты. Қайраткердің саяси қызметтегі тәжірибесі Қазақстан қоғамының ішкі әлемін, ой-аңсарын, құндылықтарын сабақтастықта қарауға жұмылған. Мемлекет басшысы ой мен сөз жүйесінің семантикасы пен прагматикасы тең түсіп жатады.
Биылғы сұхбат өзегі «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деп аталып, ә дегенде дәстүрлі БАҚ-қа көңіл аударылды. «Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын», деді Президент. Мысалы, сөз бен істің мәні десек, оның арғы жағында таным, ойлау, қарым-қатынас, тереңдік, жауапкершілік, адамның өмір сүру мен дамуға деген көзқарасы, ортамен, әлеммен байланысы тұрады. Осыны жалаң немесе құрғақ сөзбен емес, дерекпен, дәлелмен талдап-таразылап айту – замандасты да, ұрпақты да өсіреді. Мұны, әлбетте, дәстүрлі газет-журнал мен сындарлы кітаптар жүзеге асырады.
Сұхбаттағы 2025 жылы экономикалық 6 пайыз өсімінің мән-мағынасы, салық жүйесін қайта құру негіздері, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру жайы, ауыл шаруашылығына жаңаша көзқарас, бірлік пен жасампаздық тетігі ретінде кооперацияны дамыту жолы, туризмді жан-жақты жандандырудың мүмкіндіктері жұртқа жатық тілмен, оймен түсіндіріледі. Сондай-ақ қоғам мен билікті үйлестіретін, түрлі әлеуметтік жіктерге салиқалы ой салатын мәселелер де айтылған. Мәселен, қайтарылған активтер туралы: «Олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндірілді. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр». Атом стансалары туралы: «Бірнеше атом стансасын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр стансасын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом стансаларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз». Халық алдындағы жауапкершілікті түсінетін буржуазия туралы: «Халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Ірі бизнесмендерге қарапайымдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттер қажет». Рәсуа болып жатқан мемлекет қаржысы туралы: «Тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларында жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен. Ахуалды түзеу қажет».
«Turkistan» басылымында Президент елдік жауапкершілікке көзінің қарашығындай қарайтынын тағы да мәлімдеді: «Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын». Таңдаулы бір ойы: «Мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды!».
Мемлекет басшысы жылқы жылында атқарылуға тиіс жұмыстарды да санамалап өтіпті. Оның елеулісі – саяси және экономикалық реформаларға қатысты кешенді жұмыстар. Атаулы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жоспар-жобасының сан салаға әсер беретін қуаты тағы бар. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – үлкен тарихи-мәдени белес. Мұның идеологиялық, тәрбиелік мәні айрықша. «Таза Қазақстан» акциясы мен ұғымының қалыпты өмірлік шындыққа, елдік дәстүрімізге айналуы. «Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс» деген Президент идеясына көп нәрсе сыйып тұр.
Қазақстанның 2025 жылғы ірі жеңісі – экономикамыздың басым бағыттарын дамытуға жұмсалатын құны 70 миллиард долларлық келісімге қол жеткізген сыртқы саясаттағы Мемлекет басшысының беделі екенін көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Сұхбатта халықаралық әрбір келіссөздің экономикалық, инвестициялық ықпалдастыққа, әлемдік аренадағы игі қарым-қатынасқа қатысы бары да байыпталды.
«Бәрін айт та, бірін айт» деген, барлық салаға да сауаттылық маңызды. Әсіресе бүгінгі жас буын үшін қай бағытта да сауаттылық, біліктілік – өзін де, елді де таныту өлшемі. Президент: «Шынымен де мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанмын, нашар стильді, әсіресе әріп қатесін суқаным сүймейді. ...Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетанымыма өз әсерін тигізді. Сондықтан «Сіз кімсіз?» деген сипаттағы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін» депті. Біз осы ойдан сұхбаттың темірқазығын аңғарғандаймыз.
Біз жастар арманымен, жоспарымен санасуымыз керек. Ол арман-аңсардың тек сауаттылықпен ғана жүзеге асатынын жас буын да түсінеді деп сенеміз.
«Turkistan» газетіндегі Мемлекет басшысы сұхбаты әр буынның, әр саланың алдындағы елдік жауапкершілікті сезіндіріп, қоғамды тұтастандыра түсті деп санаймыз.
Дихан Қамзабекұлы,
Ұлттық құрылтай мүшесі