«Астана эко полигоны» кәсіпорнының қызметкерлерімен әңгіме барысында экологиялық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ елордада қалдықтарды басқару жүйесін дамыту перспективалары талқыланды.
Ажар Сағандықова мұндай полигондар топыраққа ғана емес, атмосфераға да елеулі экологиялық қауіп төндіретінін атап өтті. Тұрмыстық қалдықтың ыдырау процесінде өте қауіпті әрі улы газ – метан бөлінеді. Оның иісі мен дәмі білінбегенімен адам ағзасына аса зиян.
Тексеру барысында 2025 жылы полигонның екінші бөлігі жобалық қуатына жеткені, ал үшінші бөлігі әлі пайдалануға берілмегені анықталды. Оған қоса, қалдықтар бұрынғысынша қолмен сұрыпталады. Ал полигонды кеңейту туралы жобалық құжаттама қазіргі заманғы экологиялық талаптарды ескере отырып пысықтауды қажет етеді.
Сұрыптау көрсеткіштерінің қайта өңдеу талаптарына сай келмейтініне, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар жұмысындағы үйлесімнің аздығына да назар аударылды. Депутат сонымен қатар қоқыс шығаруды жүзеге асыратын жеке компанияларды бақылау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Экологиялық кодекстегі қалдықтарды бөлек жинау туралы ережеге қарамастан, компаниялар барлық қалдықты бір машинамен шығаруды жалғастырып жатыр.
– Әкімдіктер жосықсыз қызмет көрсетушілермен шарттарды бұзуға, айыппұл санкцияларын қолдануға және сотқа жүгінуге құқылы. Алайда бұл шаралар іс жүзінде қолданылмайды, – деп атап өтті Ажар Сағандықова.
Оның пікірінше, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттырып, бақылау тәсілдерін өзгертпейінше, жағдайды өзгерту мүмкін емес.

Мәжілістегі экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі ретінде депутат қоршаған ортаны сақтауға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалар туралы баяндады. Қазір Экологиялық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу тәсілдері қайта қаралып жатыр.
– Біз түбегейлі шешімдерді талап етеміз. Бұл күрделі заңнамалық процесс, бірақ сессияның соңында жауапкершілікті арттыратын және тұрмыстық қалдықтарға деген көзқарасты өзгертетін соңғы шараларды ұсынуымыз керек, – деп атап өтті депутат.
Кездесуде депутат полигон қызметкерлерінің еңбек жағдайларын, полигон мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.

Кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныстары назарға алынып, қарау үшін Үкіметке жіберілетін болды. Атап айтқанда, қайталама шикізатты сұрыптау және қайта өңдеу жүйесіне тұрғындар мен ұйымдарды тарта отырып, қалдықтарды бөлек жинау бойынша пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.