Алматы қаласы Мәдениет басқармасының дерегіне сүйенсек, біліктілікті арттыру бағдарламасы Сеул қаласы музейлері бірлестігі тарапынан іске асты. Онда мәдениет пен музей ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесі қарастырылды. Оқу бағдарламасы шеңберінде заманауи музей қызметінің негізгі бағыттары, атап айтқанда, экспонаттарды есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету, оның ішінде қолайлы климаттық жағдайды бақылап, реттеу, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізу, тасымалдау кезінде қауіпсіздік талабының сақталуын қадағалау бойынша теориялық және тәжірибелік сабақтар өтті.
Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Сеул қаласы тарихы музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандум 2022 жылы жасалған еді. Келісім аясында Сеул қаласы тарихы музейінде Алматы музейінің «Ұлы дала жауһарлары» көрмесі, ал Сеул тарихы музейінің «Сеул ғажайыптары» көрмесі Алматы қаласында ұйымдастырылған болатын.
Осы келісімге орай тағылымдамада музей қызметкерлері Сеул және Кенджу қалаларының жетекші музейлерінің жұмыс тәжірибесімен жан-жақты танысты. Атап айтқанда, бұл тізімде Кореяның ұлттық музейі, Корея ұлттық фольклор музейі, Сеул қаласы тарихы музейі, Сеул қолөнер музейі, Седжон патша музейі, Адмирал Ли Сунсин музейі, Кореяның ұлттық сарай музейі, Кенджу ұлттық музейі, Кенджу ұлттық паркі, Кенбоккун сарайы, Чхонгечхон музейі, Ханяндосон бекініс-қамалы музейі бар. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген ашық аспан астындағы Кенджу археологиялық кешенінің қызметі, озық тәжірибесі зерделенді.
АЛМАТЫ